Елімізде соңғы бір апта ішінде жедел респираторлық вирустық инфекцияның 183 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Денсаулық сақтау министрлігі бұл көрсеткішті қалыпты маусымдық өсім деп қабылдаса да, зертханалық деректер вирустардың түр құрамы өзгеріп жатқанын көрсетуде. Тұмаудың A(H3N2), A(H1N1), B штаммдары қатар айналымда жүр, сонымен бірге риновирус, РСВ және Омикронның XFG нұсқасы да анықталды. Сарапшылар биылғы маусымның өткен жылдарға қарағанда күрделірек болуы мүмкін екенін ескертеді, себебі инфекция белсенділігі жоғары, ал адамдарда иммунитет төмендеген.
Аймақтарда ахуал қандай?
Биыл елімізде маусымдық жұқпалы аурулардың ауыр өтіп жатқанына шағымданғандардың қарасы көп. Вирус жұқтырғандар дене қызуының оңайлықпен түспейтінін, құрғақ жөтел кетпейтінін айтады. Өткен аптада Ақтөбеде тұмау өршіп, науқастар саны күн санап көбейді. Жұқпалы аурулар ауруханасында бос орын жоқ. Ауырғандардың тең жартысы – балалар. Ал жансақтау бөлімінде менингит диагнозы қойылғандар мен өкпесі қабынғандар жатыр.
– Тұмаудың А(Н3N2) типті түрі жүріп жатыр, эпидемиялық жағдай маусымға байланысты болып отыр. Вирусты көбінде созылмалы ауруы бар, оның ішінде егде жастағы қала тұрғындары мен жүкті әйелдер жұқтырып жатыр. Дене қызуы көтеріліп, әлсіздік басады, маңдай тұсы, көзі, қабағы ауырады, – дейді Ақтөбе облысы инфекциялық ауруханасының дәрігері Әйгерім Ысқақова.
Аймақтағы эпидемиологиялық жағдайдың күрделі екенін айтып дәрігерлер де дабыл қағып отыр. Бір қуантарлығы, Ақтөбеде «гонконг тұмауы» тіркелмеген.
Өткен аптада ауруханаларда тұмау мен ЖРВИ жұқтырған науқастар аурухана дәлізінде жатқаны туралы видео тараған болатын. Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова жағдайдың тұрақты екеніне сендірді.
– Бұл жұқпалы ауру емес пе, сондықтан стационарларда науқастар емделіп, босап шыққаннан кейін бокстар мен палаталар зарарсыздандырылады. Одан кейін кем дегенде бір сағат бойы ол жерге кіруге болмайды. Сондықтан күту керек болады. Мүмкін, осындай кезеңде пациенттер дәлізде жатқан болар, – деп екіұшты жауаппен құтылды.
Комитет басшысының айтуынша, бүгінде елімізде инфекциялық науқастарды орналастыруға арналған 7 738 төсек-орын бар.
– Алматы, Астана, Шымкент, Түркістан, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында 89-90 пайызға дейін төсек-орындарға науқастар орналастырылған, – деп түсіндірді Сархат Бейсенова. Демек, аталған аймақтағы ауруханаларда жатқан науқастар саны көп.
Апта басында Алматыда 13 адамның A(H3N2) вирусын жұқтырғаны нақтыланды. Олардың көбі – жүкті келіншектер. Жалпы, өткен аптада 23 мың алматылық тұмау жұқтырған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18 пайызға жоғары екен. Ал эпидемиологиялық маусым басталғалы 113 мыңнан аса адам әртүрлі тұмауға шалдыққан. Олардың дені – балалар. Алматы бойынша 254 мың адам екпе салдырған.
– А(Н3N2) типті тұмаудың 13 расталған жағдайы тіркелді. Барлық пациенттерге емдеу тағайындалды, жағдайлары қанағаттанарлық. Қалада ринавирус, бокавирус, энуевирус, адинавирус, парагрипп, тұмау және басқа да ЖРВИ вирустары қатар жүр, – деп мәлімдеді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйлә Иманғалиева.
Дәрігерлер жеке бас гигиенасын сақтауды қатаң ескертіп отыр. Ауруханалар мен емханалар бетперде кию тәртібі енгізілген. Ақ халаттылар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Соған қарамастан вирус ауыздықталмай тұр. Алматымен қатар ШҚО-да да «гонконг тұмауы» тіркелді. Екі аймақты қосқанда барлығы 32 науқас осы вирус түрін жұқтырған. Абай облысы тұмауға қарсы 60 мың екпе сатып алған. Бүгінде облыс тұрғындарының 10 пайызға жуығы ғана вакцина салдырған.
Осы аптада СҚО дәрігерлері де «гонконг тұмауын» 10 адамның жұқтырғанын растады.
– Бұл тұмаудың алғашқы дерегі 7 қараша күні тіркелді. Науқастардың 7-еуі – бала, ал 3-еуі – ересек адам. Бұл вирус жылдам тарайды. Оның басты белгілері – жоғары температура, құрғақ жөтел, әлсіздік. Сол себепті, аурудың белгілері пайда болған жағдайда дерттің одан әрі таралуын болдырмау үшін уақытылы медициналық көмекке жүгіну керек, – дейді СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов.
СҚО қыркүйекте басталған вакцина науқанына орай 60 мың «Гриппол плюс» вакцинасын сатып алған. Бүгінде тәуекел тобына жататын 58 989 адам екпе жасатқан. Сала мамандарының айтуынша, тәуекел тобына балалар, жүкті әйелдер, жүрек-қан тамыр, тыныс алу жолы және диабетке байланысты аурулары бар адамдар кіреді. Мамандар облыс тұрғындарын мүмкіндік болса адам көп шоғырланған жерлерге бармауды, сонымен қатар үй-жайларды үнемі желдетіп отыру керек екенін ескертеді.
Бас қала Астанада да Covid-19, «гонконг тұмауы» мен ЖРВИ аурулары өршіп тұр. Санитарлық‑эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева елордада 48 мыңнан аса бала тұмаумен ауырып жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, эпидемиялық маусым басталғалы Астанада 82 520 ЖРВИ жағдайы тіркелген, бұл былтырғы көрсеткіштен 6 пайызға жоғары.
– 14 жасқа дейінгі балалар арасында 48 074 жағдай анықталды. Соңғы аптада 23 002 жағдай тіркелді, бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 1,5 есе өскен. Тұмау және ЖРВИ диагнозымен 1 жасқа дейінгі 577 бала мен 190 жүкті әйел ауруханаға жатқызылды. Зертханалық мониторинг аясында ЖРВИ мен тұмауға шалдыққан науқастардан алынған 285 сынама тексерілді, оның 116-сы оң нәтиже көрсетті. Бұл – A(H3N2) тұмау вирусы. Сонымен қатар алты Covid-19 жағдайы анықталды, – деді департамент басшысы.
Мұндай эпидемиялық ахуал шұғыл шешім қабылдауды талап етеді. Бүгінде қаланың әрбір емханасында ЖРВИ белгілері бар науқастарды қарауға арналған фильтр-кабинеттер мен жедел көмек кабинеттері жұмыс істеп тұр. Онда экспресс-диагностика жүргізіліп, қажет болған жағдайда ем тағайындалады.
– Күзгі-қысқы кезең басталған сайын жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмауға шалдыққан науқастар саны көбейетіні қалыпты жағдай. Инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында қалалық дәрігерлер тұрғындарға алдын алу шараларын сақтау және уақытылы медициналық көмекке жүгіну қажет, – деп ескертті Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Дәрігерлер дене қызуы көтеріліп, жөтел, тамақ ауырып, мұрын бітеліп, жалпы әлсіздік байқалған жағдайда өздігінен емделуге емес, тіркелген жеріндегі бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) ұйымдарына жүгінуге шақырады. Фильтр-кабинеттер жұмыс күндері – 08:00-20:00; демалыс және мереке күндері – 08:00-18:00-ге дейін ашық. Сонымен қатар БМСК ұйымдарында үйде медициналық көмек көрсетуге арналған мобильді бригадалар жұмыс істейді.
Мамандар вирус түрлерінің әлі де өршитінін айтып отыр. Қар жауып, қыс түскенше індеттің беті қайтпайтын түрі бар.
– Биыл да балалар арасында респираторлық вирусты жұқпамен ауырған науқас балалардың саны артып отыр. Бірақ қазан айында былтырмен салыстарғанда қатты өршу болған жоқ. Осы қараша айының басынан бастап қана науқас балалардың саны көбейіп, аурухананың қабылдау бөліміне келіп қаралып жатқандар көп. Өткен демалыста 550-ден астам бала келіп қаралды. Жұмыс күндері 300-350-ден асады. Дегенмен олардың барлығы ауруханаға жатқызылмайды. Ауруханаға 20-25 пайызы жатады. Қалғандары қаралып, дәрігердің кеңесін алып, үй жағдайында емделуге кетеді, – деді №3 Көпсалалы қалалық балалар ауруханасы директорының орынбасары Роза Өтегенова.
Тұмаудың жаңа түрлері анықталған жоқ
19 қараша күні Үкімет отырысында эпидемиялық ахуал жөнінде баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова вирусты инфекция жұқтырудың тіркелуі былтырғы маусымға қарағанда 20 пайызға төмен деді.
– Ағымдағы эпидемиялық маусым басынан елімізде аталған вирусты инфекциялардың 1 461 819 жағдайы тіркелді. 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап – 1 678 904 жағдай) 20 пайызға төмендегені байқалады. Басым бөлігі 66 пайызда (963 847 жағдай) 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелді. Эпидемиялық маусым басталғалы тұмаудың зертханалық расталған 590 жағдайы, оның ішінде A(H3N2) типінің 587 жағдайы (Қазақстанда 2001 жылдан бері тіркеліп келе жатқан «гонконг тұмауы» деп аталады), А (H1N1) жағдайының 3 типі тіркеліп отыр. Қазақстан аумағында бұрын айналымда болмаған тұмаудың жаңа түрлері анықталған жоқ, – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Елімізде коронавирус SARS-CoV-2 де әлі толық жоғалған жоқ. Оның таралуы төмен болғанымен, жекелеген жағдайлар тіркеліп жатыр. Қазір елімізде Омикронның XFG нұсқасы басым. Мұның белгілеріне жөтел, тамақтың ауыруы, дауыстың қарлығуы, мұрынның бітелуі немесе су ағуы, бас ауруы, шаршағыштық пен бұлшықет ауыруы жатады. Ол тез жұққанымен әдетте аурудың жеңіл түрін тудырады, асқыну жағдайлары сирек кездеседі.
Сәрсенбіде ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында Денсаулық сақтау министрінің бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев соңғы аптада республика бойынша ЖРВИ-дің 183 мың жағдайы тіркелгенін атап өтті. 2024-2025 эпидемиологиялық маусымның осы аптасымен салыстырғанда сырқаттанушылық 16 пайызға артқан, ал өткен аптамен салыстырғанда шамамен 1,2 есе, яғни 20 пайызға өскен. Апта ішінде оқушылар арасында 6 мыңнан астам ЖРВИ және 13 тұмау жағдайы тіркелген. ЖРВИ-мен ауыратындардың шамамен 4 пайызы – мектеп оқушылары.
– Сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі байқалған жағдайда МСАК ұйымдарының жұмысы күшейтілді, фильтр кабинеттер жұмыс істейді, эпидемияға қарсы режим талаптары сақталады. Амбулаториялық деңгейде ЖРВИ және тұмаумен ауыратын пациенттердің шамамен 80 пайызы ем алуда. Науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсету үшін 995 мобильді бригада және 1 800 фильтр-кабинет ұйымдастырылған, оның жартысынан көбісі жүкті әйелдер мен балаларға арналған. 1 600 бригада шұғыл медициналық көмек көрсетеді. Инфекциялық стационарларда және инфекциялық бөлімдерде шамамен 11 мың төсек-орын дайындалды. Бүгінгі күнге дейін 8 мыңнан астам науқас ауруханаға жатқызылды, төсек-орындар жүктемесі республика бойынша 76 пайыз. Вирусқа қарсы және температураны төмендететін дәрі-дәрмектер, жеке қорғаныс құралдары және дезинфекциялық заттар жеткілікті түрде қамтамасыз етілген, – деді вице-министр.
Эпидемиялық жағдай тұрақтамаса, оқушылар мен студенттердің онлайн білім жүйесіне көшуі де мүмкін.
– Жағдайды жіті бақылауда ұстап отырмыз. Қазір ЖОО-лардағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Денсаулық сақтау министрлігімен үнемі байланыстамыз. Әзірше жоспарлап отырған жоқпыз, – деп мәлімдеді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Бұл сұраққа еліміздің Бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова: «Аурушаңдық 30 пайыздан асып кетсе ғана онлайн форматқа ауысады», – деп кесіп айтты.
Екпе мен иммунитет: қайсысы мықты?
Күз-қыс мезгілінде адамдардың үй ішінде көп болуы, дәрумен тапшылығы және иммунитеттің төмендеуі түрлі жұқпалы аурулардың артуына әсер етеді. Бұл әсіресе егде жастағы адамдар, жүкті әйелдер, созылмалы тыныс жолы немесе жүрек-қантамыр ауруы бар адамдарға қауіпті. Сондықтан дәрігерлер алдын ала екпе алуды ұсынады.
Жалпы, биыл елімізде 2,1 млн вакцина сатып алынған. ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Айгүл Катренова: «Халықтың ең осал топтарын қорғау мақсатында МӘМС аясында бірыңғай дистрибьютор арқылы 2 миллион 100 мың доза «Гриппо плюс» вакцинасы мемлекеттік бюджет есебінен сатып алынды. Тұмауға қарсы екпе динамикалық бақылауда тұрған балаларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға, қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ медицина қызметкерлеріне салынады, – деді.
Тұмаудан қорғанудың дәлелденген жолы – вакцинация. Вакцинаның құрамында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған тұмау вирусының актуальды штаммдары бар. Екпе алу барлық тұрғындарға көрсетілген, әсіресе қауіпті топтарға: балаларға 6 айынан бастап, егде жастағы адамдарға, созылмалы аурулары бар адамдарға, медициналық қызметкерлерге, мұғалімдерге, студенттерге, халыққа қызмет көрсету саласындағы адамдарға арналған.
Дегенмен нутрицологтар екпе – қорғаныстың жалғыз амалы емес екенін алға тартады. Одан бөлек, толыққанды ұйқы, дұрыс тамақтану және ауа ылғалдылығын сақтау ағзаның табиғи қорғанысын күшейтеді.
– Біріншіден, ұйқы мен демалыс маңызды. Ұйқының жетіспеуі және үнемі шаршап жүру иммунитетті әлсіретеді, ешқандай дәрумен бұл тапшылықты өтей алмайды. Екіншіден, дұрыс тамақтану қажет. Ағзаға жеткілікті мөлшерде ақуыз түсу керек. Үшіншіден, жылы әрі ылғалды орта маңызды. Құрғақ ауа тыныс жолдарының шырышты қабатын құрғатуы мүмкін, ал ол суық тию мен вирустан қорғайтын алғашқы қалқан. Үйді жиі желдетіп, шөп шайын ішіп жүру иммунитетті күшейтеді, – дейді Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әсел Қыдырәлиева.
Ал Астана медицина университеті Е.Даленов атындағы профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері Жанна Нұрберген қазан-қараша айларында ауа райы салқындап, ЖРВИ мен тұмау жиілейтін уақытта адамның иммундық жүйесі әлсіреп, ағзаның қорғаныс қабілеті төмендейтінін айтады. Сол себепті дәл осы мезгілде дұрыс әрі құнарлы тамақтану аурудың алдын алудың ең тиімді әрі қолжетімді тәсілдерінің бірі екенін айтады.
– С дәруменіне бай цитрус жемістері, қарақат, итмұрын сияқты өнімдер иммунитетті күшейтіп, вирустарға қарсы табиғи қорғаныс қабілетін арттырады. Бұл тағамдар ағзаның тез қалпына келуіне көмектесіп, суық тиюдің алдын алады және қабыну процесін азайтады. Сәбіз, асқабақ, қызылша сияқты күзгі көкөністер тыныс жолдарының шырышты қабатын қорғауда ерекше рөл атқарады. Бұл өнімдер А дәруменіне өте бай, ал А дәрумені – ағзаның сыртқы инфекциялардан қорғайтын негізгі микробқа қарсы кедергілерінің бірі. Жаңғақ, бал, құрма энергияны арттырады. Бұл өнімдер табиғи глюкоза, пайдалы майлар және минералдарға бай. Суық мезгілде шаршауды азайтып, ағзаға тез қуат береді. Әсіресе, күннің қысқарып, ұйқы мен режим бұзылатын күз, қыс маусымында бұл өнімдер иммундық жүйенің тұрақты жұмыс істеуіне көмектеседі, – дейді Жанна Нұрберген.
Маманның айтуынша, ұзақ уақыт қайнатылған сүйек сорпасының құрамы минералдарға, кальций мен магнийге, коллаген мен аминқышқылдарына бай. Ол әлсіреген ағзаны қалпына келтіруге өте тиімді. 7-10 сағат бойы баяу отта қайнаған сорпа ас қорытуға жеңіл, әрі суық тигенде, шаршағанда немесе иммунитет төмендегенде ағзаны тез толықтырады. Сорпаны көкөністермен бірге ішу оның пайдалы әсерін күшейтеді, ал дәрумендер мен табиғи минералдар иммунитетті табиғи жолмен қуаттандырады. Осы себепті маман сүйек сорпасын суық маусымда күнделікті тамақ рационына енгізуді ұсынады.
– Суық маусымда ағзаға жан-жақты энергия мен сапалы ақуыз қажет, ал оны ең тиімді қамтамасыз ететін тағамдардың бірі – ет өнімдері. Әсіресе, жылқы және қой етінің қоректік құрамы жоғары бағаланады. Бұл еттер сапалы ақуызға, темірге және В дәрумендеріне бай. Олар қан құрамын жақсартып, әлсіздікті азайтады, ұзақмерзімді тойымдылық пен күш береді, – дейді ғылыми қызметкер.
Назерке КЕҢЕС,
«Шипагер» медициналық орталығының
жалпы тәжірибелік дәрігері:
Екпеден бас тарту жағдайды нашарлатып отыр
– Бүгінде балалар арасында «гонконг тұмауының» клиникалық көрінісі жиілеп тұр. Оның басты ерекшелігі – аурудың тез басталуы және дене температурасының 39-41°С-қа дейін көтерілуі. Кей жағдайда температура дәрілік заттармен әрең төмендейді. Жоғары қызу ұзақ сақталады және қайта көтеріліп отырады. Бұл көбіне дәрі-дәрмекті дұрыс мөлшерлеп бермеуден болады. Сондықтан ата-аналар температураға қарсы препараттарды (парацетамол, ибупрофен) баланың жасы мен салмағына сай, нұсқаулыққа сүйене отырып таңдауы қажет. Бастысы, баланың дене қызуы көтеріліп-түскенде сабыр танытып, үрейге бой алдырмау керек.
Дене қызуын түсіру үшін баланы бөлме температурасындағы суға малынған дәкемен сүрту, жиі су беру, қажет жағдайда регидрон қолдану керек. «Гонконг тұмауы» кей балаларда бір аптаға дейін созылуы мүмкін, температура түсіп, қайта көтерілу ықтималдығы бар. Осындай жағдайда симптоматикалық емді дұрыс жүргізіп, баланы үнемі бақылауда ұстау маңызды. Егер жөтел күшейсе немесе тыныс алуы қиындаса, учаскелік дәрігерге жүгініп, бронхит пен пневмонияның бар-жоғын анықтау керек. Тұмау кей жағдайда 10-14 күнге дейін созылады, бұл баланың иммунитетіне байланысты.
Аурудың алдын алу мақсатында балаларды адам көп жиналатын орындарға апармаған дұрыс. Үйді әр 1,5 сағат сайын желдету, ауа ылғалдылығын сақтау, С витаминіне бай тағамдарды (апельсин, мандарин, лимон) тұтыну иммунитетті күшейтеді. Аллергиялық анамнезге мән беру маңызды – цитрустық жемістерге аллергиясы бар балаларға лимон, мандарин секілді өнімдерді міндетті түрде беру қажет емес. Тұмаудан кейін жалпы қан талдауы арқылы анемия бар-жоғын анықтап, қажет болса темір препараттарын қабылдау – иммунитетті қалпына келтіруге көмектеседі.
Тұмау ауыр өткен жағдайда әлсіз балалар үшін қауіп жоғары болуы мүмкін. Сондықтан динамикалық бақылау, профилактикалық шараларды дер кезінде жүргізу және вакцинадан бас тартпау қажет. Вирус басталған алғашқы күндерден-ақ дәрігер кеңесімен дәлелденген вирусқа қарсы препараттарды (Флувир, Осельтамивир) қолдану ұсынылады. Ал антибиотиктер тұмауды емдемейді, сондықтан оларды өз бетінше пайдалануға болмайды.
Тұмау кезеңінде әр 3 күн сайын учаскелік дәрігерге немесе фильтр кабинетіне барып тұру – қауіптің алдын алудың тиімді жолы. Балаларға таза су, тауық сорпасы, жылы шайды көбірек беру керек. Ол ағзаның төзімділігін арттырады. Үй ішінде ылғалды тазалықты жиі жасап, желдету – басты профилактика шараларының бірі.
Қазақстанда жыл сайын күз маусымында, қыркүйек-қазан айлары аралығында «Гриппол» вакцинасы салынады. Ол 6 айлық сәбиден бастап 60 жасқа дейінгі адамдарға ұсынылады. Алайда соңғы жылдары әлеуметтік желілердегі қате ақпараттардың әсерінен ата-аналардың вакцинадан бас тартуы жиілеген. «Екпе аутизмге немесе даму тежелуіне алып келеді» деген – ғылыми дәлелденбеген жалған пікір. Осы себепті екпеден бас тарту бүгінгі тұмау маусымында аурудың ауыр өтуіне бірден-бір себепші болып отыр. Балалар екпені уақытылы алса, мүлде ауырмайды немесе ауруды жеңіл өткереді. Қазіргі ахуал – иммунитеттің төмендігін көрсетіп отыр.
«Гриппол» екпесінің құрамында «гонконг тұмауына» қарсы қорғаныс бар. Вакцинаның әсері 10-12 күн ішінде қалыптасып, бір жылға дейін сақталады. Оны жыл сайын, маусымдық кезең басталар алдында қайталап салу керек. Екпе халықаралық стандарттардан өткен, қауіпсіздігі дәлелденген. Сондықтан екпеден қорқудың қажеті жоқ.
PS.
Елдегі эпидемиологиялық ахуал толық тұрақталған жоқ. Жағдайдың ушығуына жол бермеу – тек медицина жүйесінің емес, әр азаматтың ортақ міндеті. Сақтық шараларын елемеу өз денсаулығымызға ғана емес, қоғамға да әсер ететінін ұмытпайық.