«Баланы – жастан...»

Бүгін, 15:00 / Túrkіstan International Political Weekly
сурет: istockphoto.com

Бала тәрбиесі ұлттың болашағына тікелей әсер ететін маңызды процесс болса, бұл – тек ата-ананың емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі. Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамның әуелден тоқымашы немесе хатшы болып тумайтыны сияқты, қарапайымдылық пен жаман қылық та адамға әуел бастан жаратылысынан дарымайды» деген. Яғни, мінез де, тәртіп те – тәрбиенің жемісі. Тәрбиеге аса зор маңыз берген қазақы дүниетаным да «баланы – жастан» деп бала тәрбиесіне әу бастан кірісу қажеттігін меңзейді. Десек те, осы ретте «баланы қалай тәрбиелеу керек?» деген сауал туындайды. Иә, әр ата-ана өз баласын жамандыққа үндемейтіні ақиқат. Әңгіме балаға деген қарым-қатынаста жатыр. Ата-ананың шексіз махаббаты – баланың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды негіз десек, тым еркелету мен шектен тыс қадағалау да бала тәрбиесіне кері әсерін бермек. Осы екеуінің аражігін ажырата білу – саналы ата-ананың парызы болмақ. Біз бұл мақаламызда ата-аналардың түрлері мен олардың балаға қарым-қатынасы жайлы  айтпақпыз.

Жолбарыс, Піл және Медуза мен Дельфин

Қазіргі қоғамда бала тәрбиесінің сан түр­лі үлгісі бар. Әсіресе, аналардың тәрбие сти­лі баланың тұлға ретінде қалыптасуына, бо­лашақ жетістігіне және психологиялық сау­лығына тікелей әсер етеді. Йель уни­верситетінің профессоры Эмми Чуаның «Жол­барыс-ананың жауынгерлік жыры» (Battle Hymn of the Tiger Mother) атты кіта­бы жарық көргелі бері «жолбарыс ана», «піл ана», «медуза ана» деген жаңа ұғымдар кең та­ра­ла бастады. Эмми Чуа өзінің атышулы кіта­­бында «жолбарыс ана» ретінде тәр­бие­ле­генін мақтан тұтады. Бұл модель бойын­ша – бала міндетті түрде үздік болуы керек, тәр­тіп, үлгерім, нәтиже – бәрінен маңызды, ба­­ланың еркіндігі шектеледі, достармен қы­­дыру, ойын, теледидар, интернет – бәрі шек­теуде. Қоғамдық шаралардан гөрі музы­ка, математика, ғылым сияқты нақты же­тіс­тік әкелетін пәндерге басымдық беріледі. Эмми Чуаның түсіндіруінше, мұндай тәрбие – Қытай қоғамындағы қатаң бәсекелестікке жауап. Баланың мықты болуына мәжбүрлеу – оның өмірде аман қалуы үшін қажет де­ген сенім жатыр бұл әдіс­тің негізінде. Бірақ бұл әдістің оң және теріс ықпалы да бар. Мәселен, артық­шы­лығы – жетістікке жету ықтималдығы жо­ғары болса, кемшілігі – эмоционалдық суық­тық, күйзеліс, еркіндік жетіспеушілігі.
Ал «Піл анаға» келер болсақ, ол – ең мейі­рімді тәрбиеші. Ол баласының эмо­ция­лық жай-күйін бірінші орынға қояды, үл­герімнен бұрын баланың бақыты мен қауіп­сіздігіне алаңдайды, балаға сүйіс­пен­ші­лік, қолдау мен түсіністік арқылы әсер ет­кісі келеді, балаға жиі еркіндік беріп, ше­шім қабылдауға мүмкіндік жасайды.
«Медуза ана» еркіндік пен жұм­сақ­тық­тың шегі саналады. Мұндай ана – ба­ла­сына бәріне рұқсат беретін, шектеу қоймайтын тәрбиеші. Ол бала не істегісі келсе, соған ке­лі­седі, қатаң шекаралар мен тәртіп та­лап­тарын орнатпайды, баласының өміріне аз араласады, оны «өзі біледі» деп есептейді, баланың жеке өмірін тексермейді, қайда ба­ратынын сұрамайды. Бұл тәрбие үл­гісін­де ата-ана мен бала арасында пассивті қа­тынас қалыптасады. Балаға шектеусіз ер­кін­дік беріледі. Мұның артықшылығы – ба­ла өз еркіндігін сезінеді, бірақ тәртіптің бол­мауы, жауапкершіліктен қашу, бақы­лау­сыздық өршіп кетуі ықтимал.
Жоғарыдағы аталғандардың ішінде тәр­тіп пен мейірімді шебер үйлес­тіре ала­тын «дельфин ана» образы ерекше орын алады. Бұл терминді алғаш енгізген – Гар­вард түлегі, канадалық психиатр Шими Канг. Ол өзінің зерттеуінде «дельфин ата-ана­ны» қаталдық пен еркіндіктің ара­сын­дағы теңгерімді ұстанатын тәрбие моделі ре­тінде сипаттайды. Мұндай аналар бала­сына еркіндік береді, бірақ шектеулі шең­берде, тәртіп пен мейірімділікті тең ұстай­ды, эмпатияға бейім, баласының ішкі күйін сезе біледі, баланың дербестігін дамытуды мақ­сат тұтады, қателік жасаудан қорық­пау­ға, тәжірибе арқылы үйренуге мүмкіндік бере­ді. Мәселенки, егер баласы достарымен ой­нағысы келсе, ол рұқсат береді, бірақ ал­дын ала сабағының орындалғанына көз жет­кізеді. Ал бала мазасыз болса немесе ауы­рып тұрса, сабаққа жібермей, демалуға кеңес береді. Мұндай ананың басты мақ­саты – баланы өмірге бейімдеу, бірақ оны бақылаусыз қалдырмай, бағыттау. Шими Канг The Dolphin Way атты кітабында бы­лай дейді: «Жолбарыс ата-ана» баланы басқарғысы келеді. «Медуза ата-ана» баланың артынан ереді. Ал «дельфин ата-ана» баланың жанында қатар жүреді. Ол бағыт береді, бір­ақ өз бетімен жүруге мүмкіндік те бере­ді». Оның айтуынша, дельфин аналар бала­ны «жетекші серіктес» ретінде қарайды. Олар қай кезде қатаң болу керек екенін бі­леді, қай кезде балаға демалу немесе өз ше­шімін қабылдауына мүмкіндік беру қа­жет екенін сезінеді, баланың ішкі мот­и­ва­ция­сын дамытады, сыртқы қысыммен емес. «Дельфин ананың» тәрбиесін көрген балалар қиындыққа төтеп беруге қабілетті, эмо­ция­лық тұрғыда тұрақты, шешім қабылдауға бейім, өз-өзіне сенімді, қателесуден қорық­пайды, реф­лек­сия жасау қабілеті дамиды.

«Қар тазалағыш» ата-ана

Кейінгі жылдары бала тәрбиесіне қа­тысты әлемдік психологтар мен педа­гогтар тағы жаңа бір құбылысқа ерек­ше назар аударып жүр . Ол – «қар тазалағыш ата-ана» (Snowplow Parent) феномені. Бұл ата-ана баласының жолындағы барлық ке­дер­гілерді, қиындықтарды, қателіктер мен сындарлы сәттерді алып тастауға ты­ры­сады. Ата-ана баласын қорғап жатырмын деп ойлайды, бірақ шын мәнінде оны өмір­лік маңызды қабілеттерден айырылуына себеп болады. Қар тазалағыш ата-ана – ба­ла­сы сәтсіздікке ұшырамасын, қиналмасын, қиын шешім қабылдамасын деп, оның жо­лын алдын ала тазалап отырады. Олар мұғаліммен баланың орнына сөй­леседі, үй тапсырмасын өзі орындап бере­ді, ұл-қызына жұмысты да өзі табады, ұрыс-керістен, сыннан, жауапкершіліктен қорғайды. Мақсат – баланың жолын «тегіс» ету.  New York Times-тің жазуынша,  АҚШ-та ата-аналардың 60 пайызы баласының бо­лашақ мансабына өздері араласатынын айт­қан. Америкалық университеттердің м­ә­ліметіне сүйенсек, «қар тазалағыш ата-анадан» тәрбие көрген студенттер алғашқы курста 65 пайызға дейін күйзеліс жағ­дайын­да болады, 40 пайызы өмірлік шешім қабылдауда қиналады, 38 пайызы өзін сенімсіз сезінеді.

«Тікұшақ ата-ана» деген кім?

Дәл осы «қар тазалағыш ата-анаға» ұқ­сас бүгінде бала тәрбиесінде жиі талқыла­на­тын мәселелердің бірі – «тікұшақ ата-ана­­лар» феномені. Алдымен «тікұшақ-ата-ана» де­ген қандай термин, ол қайдан шық­ты со­ған тоқталайық. Бұл термин ал­ғаш рет 1969 жылы америкалық психолог Хайм Ги­ноттың еңбектерінде пайда болған. Ол баласының айналасында «үстінен қал­қып жүр­гендей» қамқор болатын ата-ана­ларды си­паттау үшін қолданылған. Қазіргі қо­ғамда бұл құбылыс әсіресе қалалық, бі­лім деңгейі жоғары отбасыларда жиі кезде­седі. «Тікұшақ ата-ана» – баласының әрбір қада­мын бақылап, оның барлық мәселесін өз бетінше шешіп беруге тырысатын, қауіп-қа­терден барынша қорғап, дербестікке жол бер­мейтін гиперқамқор ата-ана. Олар ба­лаларының мектептегі тапсырмаларын тек­­серіп қана қоймай, кейде өзі орындап бере­­ді, мұғалімдермен жиі хат алмасады, тіп­ті дос таңдауына да араласады, өз қа­лауы­мен оның айналасын, айналысатын ісін, тіпті өмір салтын реттеп отырады. Мұн­дай ата-аналардың көбі – балалық ша­ғын­да өзі жетістікке жете алмаған, қазір пер­фекционизмге ұмтылатын адамдар, олар баласына «ең жақсы» болашақ сый­лағысы келеді, ерте дамытқысы, жан-жақ­ты білім бергісі, жағымсыз әсерлерден ал­шақ ұстағысы келеді. Басында мұндай қам­қорлық пайдалы сияқты көрінуі мүм­кін – баланың қасында әрдайым «жеке кө­м­екші» болса, ол тез әрі жақсы нәтижеге жетуі ықтимал. Бірақ ұзақмерзімді кезеңде гиперқамқорлықтың зияны пайдасынан асып түседі.
Мұндай балаларда шындыққа жанас­пай­тын, өзін-өзі асыра бағалау қалыпта­са­ды. Яғни, бала санасына «Мен бәрінен мық­­­­тымын, тек ең жақсыға лайықпын» деген ой егіледі. Бұл есейгенде қарым-қаты­наста қиындықтар, невроз, депрессия ту­дыруы мүмкін. Олар эмоцияларын өзді­гі­нен реттеуді үйренбейді, өйткені кішкентай ке­зінен ата-анасы жылдам келіп жұба­та­тын, ашуын басатын. Бұл балалар ауырсыну мен өмірлік қиындықтарға төтеп беруді біл­мейді, себебі оларды кішкентайынан-ақ мұн­дай жайттардан қатты қорғаштаған. Гиперқамқорлық – баланы шынайы өмірге дайындау емес, оны сол өмірден оқшаулау. Оның орнына, баланы дербестікке, қиын­дық­ты еңсеруге, өз қателігінен сабақ алуға үй­реткен жөн. Балаға шынайы махаббат – оны толық бақылау емес, өзіндік жол табуға мүмкіндік беру.

Әлемде қандай?

АҚШ-та «тікұшақ ата-аналарға» қатыс­ты ең көп зерттеу жүргізілген. Елдегі ата-ана­лар баласының колледжге түсу, мансап құру мүмкіндігіне қатты мән береді. Harvard Study-дың 2019 жылғы дерегі бойынша ата-аналардың 71 пайызы баласын орта мек­тепте күн сайын бақылауда ұстайтынын айтқан, ал  40 пайызы балалардың үй тап­сырмасын жүйелі түрде тексеріп, арала­сатынын мойындаған. АҚШ-та бұл құбы­лыс­қа сын да көп. Жоғарғы оқу орындары «тікұшақ ата-аналардан» «қарым-қатынас жа­самауды» сұрайтын арнайы саясат енгі­зіп жүр (мысалы, Стэнфорд пен Гарвард уни­­верситеттері).
Оңтүстік Кореяда «тікұшақ ата-ана­лар» – ұлттық масштабтағы құбы­лыс. Ата-аналар балаларын 3 жасынан бас­тап қосымша білім беру орталықтарына (хаг­вон) жібереді. Бұл елде академиялық же­тістік – отбасының абыройы. Korean Education Statistics Service-тің 2021 жылғы дерегі бойынша, оқушылардың 81 пайызы аптасына кемінде 3 рет қосымша сабаққа бара­ды, ата-аналардың 64 пайызы бала­сы­ның оқу бағытын өздері анықтайды екен.  Бұл елде «тікұшақ аналар» деген терминнің ба­ламасы ретінде «Капа-омма» (overbearing mom) сөзі қалыптасқан.
Жапон қоғамында ата-ана мен бала қатынасы қатты құрылымдалған. Ата-аналар баланың қоғамдық тәртіпке ба­ғынуын қатты қадағалайды, бірақ шама­дан тыс эмоциялық араласу сирек. Алайда білім саласында тікұшақ тәрбие жиі кез­деседі. Ата-аналар баланың мектеп таң­дауы, үйірмелер мен достарымен ара­ласуы­на дейін араласады. Бірақ Жапония­ның мәдениетінде баланың жеке кеңістігін сақтау маңызды. 
Ал Француз ата-аналары баланың дер­бестігін ерте жастан дамытуға басымдық береді. Олар баланың өз бетінше қателесуі­не мүмкіндік беріп, күнделікті өмірге жауап­кершілікпен қарауға үйретеді.  Шы­ғыс­тағы көршіміз Қытайда Tiger parents деген атау бар, яғни, біз жоғарыда келтірген «Жолбарыс ата-ана». Бұл «тікұшақ ата-ана­лардан» да бір саты жоғары деңгейдегі бақы­лауды білдіреді. Бала 7 жасынан бастап күніне 8-10 сағат біліммен айналысса, ж­о­ғары оқу орнына түсу үшін ата-аналар барынша араласуға тырысады.

Елімізде қандай?

Қазақстанда да «тікұшақ ата-аналар»  құбылысы кең етек алып келеді, әсіресе қала тұрғындары мен жоғары білімді ата-аналар арасында. Баласын балабақшадан бастап үздік мектепке, кейін халықаралық ЖОО-ға түсіру үшін ата-аналар бар күшін салады. Білім және ғылым министрлігінің  және тәуелсіз зерттеушілердің 2021–2023 жж. деректеріне сүйенсек, 52 пайыз ата-ана баласының оқу процесіне белсенді араласатынын мойындайды (күнделікті тексеру, мұғалімдерге жазу). 30 пайыз оқушы ата-анасының тарапынан қысым мен «мінсіз болуға» ұмтылуға итер­мелеу бар екенін айтқан. Ал 21 пайыз мұға­лім ата-аналардың орынсыз араласуы са­бақ беру процесіне кедергі келтіреді деп есеп­тейді. Бұл құбылыс ауылға қарағанда Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда 2 есе жиі кездеседі екен. «Неліктен бұл бізде жиілеп барады?» деген сауалға отандық ма­мандар, балабақша, мектеп, олимпиада, грантқа түсу – барлығы күрделі жүйеге ай­налғанын, Kundelik.kz, WhatsApp топ­тары арқылы баланың қадамына күнделікті ара­ласу қалыпты жағдай екенін,  «Балам үздік болуы керек» деген ата-аналар амби­циясы артқанын, мектеп, олимпиада, шет тілдері – баланың емес, ата-ананың «жо­басына» айналып кеткенін себеп қылады. Психолог Айгүл Смағұлова:  «Ата-ананың баласына шамадан тыс бақылау жасауы, ба­лаға жақсы ниетпен жасалса да, оның же­ке тұлға ретінде дамуына кедергі кел­тіре­ді. Мұндай балалар үлкен өмірге дайын болмайды», – дейді.

Авторитар һәм либерал ата-аналар

1960 жылдары америкалық психолог Диана Баумринд ата-аналардың мінез-құлқына сүйене отырып, тәрбиелеудің үш негізгі стилін анықтады: беделді (authoritative), авторитарлы (authoritarian) және ли­берал (permissive). Әр стильдің бала пси­хологиясына, мінез-құлқына және әлеу­меттенуіне әсері әртүрлі.  Беделді (ав­тори­тетті) ата-ана – тәртіп пен мейірімнің тепе-теңдігіне негізделген. Беделді ата-ана – балаға шектеулер мен ережелер белгілейді, бірақ оларды түсіндіреді, баланың пікірін тың­дайды, онымен диалог орнатады, жо­ғары бақылау орнатады, бірақ баланың өсуіне қарай дербестікке мүмкіндік береді. Баум­риндтің зерттеуі бойынша, мұндай ата-ана­ның балалары көпшіл, бастамашыл, өзін-өзі бақылай алады, әлеуметтік бейімделген тұлға болып өседі. Ал авторитарлы (қатал, бұйрықшыл) ата-ана – талапты көп қояды, баладан мүлтіксіз бағынуды күтеді, шек­теулер мен ережелерді талқыламайды, тү­сін­дірмейді, баланың пікіріне құлақ ас­пайды, жылы қарым-қатынас орнату сирек кездеседі. Мұндай тәрбиемен өскен балалар тұйық, қорқақ немесе керісінше – агрес­сивті болады, өз сезімін білдіруде қиындық көреді, күйзеліске бейім, өз-өзіне сенімсіз болады, билеушіге бағынышты болуға икемді.
Либерал (рұқсатшыл) ата-ана – бала­мен жылы қарым-қатынас орнатады, бірақ нақты шектеулер қоймайды, бақылау аз, балаға еркіндік тым көп беріледі, көбіне ше­шімді бала қабылдайды, ата-ана бағыт­таушы емес, тек бақылаушы болады. Мұн­дай баланың сөз тыңдамауы, өзін бақылау қиындығы байқалады, кейде шығар­ма­шылық қабілеті жоғары, бірақ қоғамдық тәр­тіпке бейімделуі әлсіз, қызба, эмоцияға ерік беретін тұлға болуы мүмкін, ішкі тәр­тіп әлсіз, талап төмен.

Түйін: 

«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп отбасылық тәрбиенің маңыздылығына бойлаған қазақтың дәстүрлі қоғамында баланы қамқорлықпен еркін өсіру басты қағида болған. «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса,
он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» деген де – қазақ.   «Баланы жастан» деп те, «еркелеткен бала – есірік болады» дегенге де мән берген. Демек, қазақы тәрбиемен, баланың еркіндігін де шектемей әрі есіртіп те жібермей, осы екі аралықтың аражігін ашып, тең ұстаған бабалар жолы бізге үлгі болса, қанекей?! 

Наурызбек САРША

Тэгтер:

Бала