Бағлан Бәбіжан: Музыкалық мұрамызды таратқан – қазақ әйелдері

Бүгін, 14:45 / Ахмет ӨМІРЗАҚ

Бағлан Бәбіжан – дәстүрлі әнші, сазгер, музыка зерттеуші ғалым. философия докторы. Жетісу, Арқа, Алтай-Тарбағатай әндерін үш ішекті және екі ішекті домбырада орындап насихаттаушы. Оның көптеген әні белгілі әншілердің репертуарынан орын алған. Сонымен бірге ұлттық музыкаға қатысты бірнеше зерттеу кітабы жарыққа шыққан. 2020 жылдан бастап Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Халық әні кафедрасында оқытушы және осы білім ордасындағы фольклорлық ғылыми-зерттеу лабораториясының меңгерушісі болып еңбек етіп келеді. Біз белгілі өнер иесімен сұхбатымызда оның шығармашылығы және қазіргі қазақ музыкасы жайында әңгіме өрбіткен едік.

– Бағлан Жолдасқызы, жұрт сізді дәс­түрлі әндерді насихаттаушы, соны­мен бірге бірталай танымал әндердің авторы ретінде біледі. Кімнің де болса шығармашылық жолға түсуіне белгілі бір жағдайлар әсер етеді десек, сізде ол қа­лай басталды?

– Жалпы, өмірін өнерге арнаған адам­дардың бәрі бұл жолға ерте кезден түседі деп ой­лаймын. Ешкім де бір күнде әнші-күйші бо­лып кете қоймайды. Әрине, өнер деген кім­ді де болса өзіне тартып тұратын сиқыр ғой, қызықтырады, еліктіреді, тек оны бойын­да қабілеті барлар ғана әрі қарай жал­ғастырып әкетеді де, икемі жоқтарға ол жай қызығушылығын оятқан күйде қалады да қояды.
Мен Жамбыл облысы Меркі ауданының тумасымын ғой, туып-өскен мекенім қырғыз еліне іргелес өлке. Сондықтан теледидардан Мәскеу, Алматымен бірге Фрунзе (қазіргі Бішкек қой) телевидениесін де күнделікті көріп өстік. Қырғыз телевидениесінен бауыр­­лас халықтың әндерін көп тың­дай­тын­мын. Ал Алматы телевидениесінен «Та­ма­ша», «Кеш жарық» бағдарламасынан бе­ріле­тін қазақ ән-күйлерін беріле тың­дай­ты­ны­мыз сірә белгілі. Сосын Қазақ ра­диосынан берілетін концерттерді жібермей тыңдап, одан есіткен әндердің сөздерін тауып алып, домбыраға салып айтқанша тыныш таппай­тын­мын. Ол кезде қазіргідей емес, теле-ра­диодан берілетін ән-күйлердің атын, ав­тор­ларын айтып, одан соң ғана оны кімнің орындайтынын хабарлайтын. Содан әннің атауын біліп алып, соның текстерін бірнеше рет басылып шыққан «Ауыл кеші көңілді» деген ән-жинақтардан іздеп тауып, оны домбыраға салып айту мен үшін міндетті бір іс секілді еді. Мәселен, «Тамашадан» Әлмырза Ноғайбаевтың «Ақсақ киік» әнін орын­да­ған­да оның өлеңін сол бойы іздеп тауып алып, домбыраға салып айтып шыққанда, «жаңа ғана телевизордан берілген әнді қалай тез үйреніп айтып жатсың?» деп домбыра тар­тып, ән айтпайтын әке-шешемнің таң­ғал­ға­ны әлі есімде. Тағы бірде теледидардан Мақ­пал Жүнісова апамыз Мұқағалидың сө­зіне жазылған «Дариға, домбырамды берші маған» әнін айтқанда оның домбыраның пернелерін басқан саусақтарына қарап отырып, «мынау қиын емес екен ғой» деп, дом­быраға бірден салып айтқанымда есті­генімді бірден қағып алған қабілетіме ата-анам ерекше сүйсінген. Менің осы құй­ма­құлақ­тық қасиетімді байқаған әкем маған Алма­тыдағы музыкалық аспаптар фабри­ка­сынан шыққан домбыраны әперді. Біздің жақ­та Сусамыр деген жайлау бар еді, сондағы мал­шыларға түрлі заттар жеткізетін автодү­кен біздің ауылға тоқтамай Сусамырға қарай өтіп кететін. Сөйтіп, сол кезде қолға түсе бер­­­­мейтін заттарды адамдар авто­дү­кеннің ізінен қуып барып, Сусамырдан алып қайтатын еді. Әлгі домбыраны әкем де Сусамырға барып сатып алған ғой. Ол кезде 3 класта оқитын болсам керек, әкем сый­ла­ған домбыраға қатты қуандым. Ол кезде фаб­рикадан шыққан домбыраларда түрлі кем­шіліктер кездесіп жататын еді ғой, біреуі­нің мойыны қайқы болса, біреуінің мойыны жуан деген сияқты. Маған әкелген домбыра­ның мойыны жуандау болды-ау деймін, бір туысқан ағамыз соны әдемілеп жонып, менің қо­лыма өте ыңғайлы қылып берді. Сөйтіп, сол домбыраны оқушы кезімде қолымнан тас­тамай, мектепте өтетін концерттерде ән айтып жүрдім. Болашақта әнші болсам деп армандадым.

– Музыкалық білім алуға ертерек тал­пындыңыз ба? Алғашқы білімді қай­дан алдыңыз? Жоғары білім алуға жо­лыңыз қалай түсті?

– 9-сыныпты бітірген соң музыкалық оқу орнында білім алғым келді. Бірақ біздің облыс орталығында орта арнаулы музы-калық білім беретін оқу орны жоқ еді. Сондықтан біз жақ­тың талапкерлері Қарағандыға оқуға бара­тын. Өйткені біз тұрған жер темір жол­дың бойы, Қарағандыға барып-қайту қиын­дық тудырмайды. Мені анам Қарағандыға алып барды. Қараған-дының ар жағындағы Те­міртау қаласында анамның сіңлісі тұра­тын, сол апамыздың үйіне түстік. Келген са­па­рымыздың мақ-сатын айтқанымызда апа-жездеміз «Ой, Қарағандыға барып қай­тесіздер, ол жақта конкурс қатты болады, оқу­ға түсу қиын, одан да Бағлан осындағы музы­калық училищеде оқи берсін. Мұнда да жақсы білім беретін ұстаздар бар» деген соң Теміртауда қалып, сол қаладағы музыкалық учи­лищенің домбыра класына түстім. 1994 жы­лы оқуды аяқтап, Теміртау қаласындағы №15 қазақ орта мектепте бір жыл музыка пә­нінің мұғалімі болып жұмыс істедім. Ол кез­де Теміртау қазағы аз, орыстанған шаһар бо­латын, қазір енді толық қазақыланды ғой. Мен сонда еңбек етіп қаламын деп ойлағам, бірақ менің өмірімде күтпеген өзгеріс болды. 
1995 жылы Абайдың 150 жылдық ме­рей­тойы елімізде және елімізден тыс мем­ле­кеттерде атап тойланып, жер-жерде соған бай­ланысты түрлі шаралар өтіп жатқан кез болатын. Мен мектептің атынан Абай әндері бойынша өтіп жатқан облыстық әншілер байқауына қатысып, одан екінші орын алып, республикалық байқауға өттім. Сол кез­де жюрилер қатарында отырған Қара­ғанды облыстық филармониясының әншісі Мейірхан Адамбеков ағамыз мені жеке шақырып алып, «Сенің домбыра тартысың да, ән айтуың да жақсы екен, осынша өнер­мен жай мектептің мұғалімі болып жүру обал ғой. Сен бұдан әрі де жетілу үшін жо­ғары білім алуың керек, биыл жаздан қалмай Алматыға – консерваторияға бар» деп ақыл айтты. Сөйтіп, сол кісінің ақылымен, Темір­тау музыкалық училищесінің дипломымен консерваторияға келіп, Халық әні факульте­тіне құжат тапсырдым. Неге екенін білмей­мін, мен оқуға келген 1995 жылы консер­ва­то­рия­ның Халық әні факультетіне жы­лына бар болғаны 4-ақ адам алынуға тиіс екен, ал талапкерлердің саны 40 адам. Бұл – бір орын­ға 10 адам таласады деген сөз. Оны кон­сультацияға келгенде бәрімізді жинап алып айтқан сол кездегі Халық әні ка­федрасының меңгерушісі Бекболат Тілеухан еді. Төрт орынның біреуіне іліну үшін үш емти­ханнан сүрінбей өту керек. Бізден бір жыл бұрын түскендердің саны 6 адам, ал біз түсетін жылы неге 4-ақ адамға грант бергенін түсінбедім. Сөйтіп, үш емтиханды жақсы тап­сырған төрт адамның бірі болып кон­сер­ваторияға қабылдандым. Бірақ оны кез­дей­соқтық дей алмаспын, өйткені Теміртауда біз­ді оқытқан ұстаздарымыз мықты теоре­тиктер болды. 
Теміртауда оқығанымда Құралай Шәй­мерденова деген әнші ұстазым бол­ды. Сол қаланың Мәдениет үйінде көп жыл бойы еңбек еткен адам еді. Ән, домбыра, ан­самбль үйірмелерінде сабақ беретін. Ол дәс­түрлі ән өнері кең таралған – Павлодар об­лысының Баянауыл ауданында туып-өс­кен, халық әндері дәріптелген ортадан шық­қан кісі еді. Құралай апаның әкесі Жүніс Шәймерденов – дәстүрлі әнші болған. Ел ішінде ол кісіні «Соқыр Жүсіп» дейді екен, себебі екі көзі туғаннан көрмейтін, зағип бол­ған. Дегенмен Құдай ол кісіге есту қабі­летін, дауысты, домбыраны шебер тартатын қасиетті аямай-ақ берген. Жүніс атамыз өмір бойы атақты әнші Естай Беркімбайұлына еріп жүріп, сол кісіге шәкірт болған. Естай­дың бүкіл әндерін бойына сіңіріп, соны шә­кірттеріне, ұрпақтарына үйреткен. Сөй­тіп, маған сондай кісінің қызынан ән үйрену бақыты бұйырды. 
Теміртауда мектепте мұғалім болып жүр­генде Құралай апайдың ән үйірмесіне қа­ты­сып жүрдім. Өзі Қарағандыда фортепиано кла­сын бітіргенімен әкесінен дәстүрлі ән­дерді көп тыңдаған. Сондықтан әкесінен естіген бірнеше әнді маған үйретті. Оның ішінде Естайдың «Жайқоңыры» бар.
Әрине, маған естіген әндерімді дом­быра­ға салып айтып кете беру қиындық тудыр­май­ды, бірақ ана кісіден елдің ішіне тарай қой­маған, жұрт біле бермейтін тың әндерді үйренгім келді. Себебі консерваторияға ел біле бермейтін әндермен баруға тырыстым. Осы ойымды айтқанда Құралай апа маған бір­неше ән пластинкаларды беріп, осыларды тың­дап, үйреніп ал деді. «Осындағы кез кел­ген әнді жақсы игеріп алсаң консерваторияға түсесің» деп талабымды қолдады. Мен апай бер­ген Манарбек Ержановтың орындауын­да­ғы әндер бар плас­тин­кадан «Бал­қа­диша», «Қарғам-ау» секілді ән­дерді жиі тыңдап үйреніп алдым. Сосын үйренген әндерімді Мейірхан Адам­беков ағайға барып айтып көрсетіп едім, ол кісі «Осы айтқандарың болады, енді оқуға қорық­пай бара бер» деп қолдау біл­дірді. Сөйтіп, 5-6 дәстүрлі әндермен кон­серваторияға келдім. Ал былайша ан­самбль­дің, баянның сүйемелдеуімен ән айта берем ғой, сон­дықтан маған оқуға түсу үшін дәстүрлі әндерді игеру басты мақсат болды.

– Консерваторияда оқ­уыңыз қалай жалғасты? Қан­дай қы­зық­ты сәттер болды?

– Консерваторияда бізге үл­кен әншілерден Қайрат Байбо­сынов, Сәуле Жанпейісова, Ержан Қос­бармақов, Бекболат Тілеухан, Берік Жүсіп ағаларымыз ұстаз­дық етті. 
Оқуға түскен төрт студент едік, оның екеуі бірінші курстан кейін шығып кетті. Оның біреуі – бір жігіт денсаулығына байла­ныс­ты оқудан шығып кетсе, екін­шісі – қыз бала денсаулығына бай­ланысты ака­демиялық демалыс алып, келесі жы­лы Т.Жүргенов атын­дағы Өнер инс­титутына ауысып кетті. Сөйтіп, екінші курс­қа келгенде өскемендік баритон дауыс­ты әнші Әділ Тұрған­баев екеуміз ғана қал­дық. Әділ аға ол кезде армияға барып келген үлкен азамат. Консерваторияда өтіп жататын жиналыс­тарға да қатыса бермейді, ондайда екін­ші курстан жалғыз өзім қатысамын. Ме­нің бір өзім келіп отырғанымды көрген Бек­болат аға «екінші курстың 50 пайызы ға­на қатысып отыр, қалғаны қайда?» деп ұрса­ды. Мен Әділ ағаның жоқ екенін білдір­гім келмей «ағай жаңа ғана осында жүрген» деп қоям.
Бізден бір жыл бұрын консерваторияға түскен Тоқтар Серік, Ардақ Балажа­нова, Айгүл Елшібаева, Айгүл Мақашева, Сер­жан Мұсайыновтар 5 жылдық бағдарла­ма­мен түскен, ал олардан кейін түскен біздер 4 жылдық бағдарламамен оқыдық. Сөй­тіп, біз өзімізден бір жыл бұрын түскен­дер­мен қатар оқып бітіретін болып, қызық жағ­дай болған. Ал біздің курста 1-курста 4 адам, 2-курста 2 адам, 3-курста академиялық де­ма­­лыстан бір қыз келіп 3 адам болсақ, 4-курс­қа келгенде 4-5-курс қосылып 9 адам болып оқып, 1999 жылы консерваторияны 9 әнші болып бітіріп шықтық. Ұстаздарымыз «Мәссаған, биылғы курс керемет болды, кон­серваторияны 9 адам бітіріп жатыр» деп қуанып жүретін. Қазір енді дәстүрлі өнерге қолдау күшті ғой, соның арқасында жыл сайын 20-дан аса әнші оқу бітіріп жатыр.
Консерваторияда біз әншіліктен өзге этно­сольфеджио мамандық бойынша да са­бақ алдық. Бұл халықтық музыканың не­гізінде құралған сольфеджио сабағы. Сол сабақта әннің құрылымын талдап, әнді қа­лай шығаратынын көрсетіп, импровизация жасауды үйретеді. Әуен құрауға, ән шығаруға тапсырма береді. Оның пайдасы – қабілеті бар студенттердің сазгерлік қасиетін ұш­тайды. Этносольфеджионың арқасында кейін осы сабақты жақсы игергендердің та­лайы ән шығарды, мысалы Тоқтар Серік кейін көптеген жақсы әннің авторы атанды. Менің өзім консерваторияны бітірген соң ән шы­ғара бастадым. Сол кезде шығарған көп­те­ген әнімді әркімге айтуға берем, кейбіреу­лерін тіпті есімнен шығып та кетті-ау дей­мін. Менің алғашқы әндерімді айтып жүр­гендер арасында «баяғыда маған мынадай әніңді беріп едің ғой, соны әлі айтып жүрмін ғой» деп хабарласып жататындар бар.

– Алғашқы шығарғандарыңыздың ішінде қандай танымал әндеріңіз бар?

– Ерекшелеп айтсам, алғашқы әндерім­нің ішінде халыққа кең таралғаны – «Ал құрбым» деген әнім болды. Ол консерва­тория­ның жатақханасында бірге тұрған, қа­зір Астанада тұратын белгілі әнші Клара Төленбаева құрбыма арналған ән болатын. Клара оқуды бітірген соң Алматыда бір жыл жұ­мыс істеді де, Астанаға ауысып кетті. Пре­зидент оркестрінде әнші еді, оркестр елор­даға көшкенде ол да сол жаққа барды. Ол кеткен соң жатақханада бір жыл бойы бір өзім тұрдым. Досымды сағынып жалғыз­сы­рап жүрген күндердің бірінде кеште ыңыл­дап отырып шығарған едім. Алғашқы мәті­нін өзім жазып, домбыраға салып айтып, со­лайша Клараға жібердім. «Мынадай ән шы­ғардым, осыны сен жаттап алып, сол жақ­та бір ақынға сөз жаздыр» дедім. Клара оны сырнайға салып айтып үйреніп, жол­дасы Медет Салықов екеуі Несіпбек Айтов деген ақын ағамызға барыпты, «құрбым мынадай ән шығарған екен, осыған өлең жазып беріңіз» деп. Несіпбек аға Клараға қайта-қайта айтқызып тыңдапты, «өлеңін жазып бітем дегенше көп қайталағаным сондай, әнді сен жазған сөзбен неше рет айт­қанымды да ұмытып қалдым» деп күледі Клара. Әрине, Несіпбек аға ән сөзін керемет жазған, арасында «Жолы қиын жұмбақ тағдырдың» деген мен жазған мәтіннен де сөздер кіргізілген. 2002 жылы Клара Семей облысының (қазіргі Абай облысы ғой) Ақ­суат ауданынан Аягөз ауданына ұзатылды. Сол кезде мен эстрадалық мәнерде әрленген осы «Ал құрбым» әнімді досымның ұзату тойында орындадым. Шынын айтқанда, ол кезде қазіргідей қызды әнмен ұзату деген жоқ еді, ешкім маған ондайды айтпады, ол өзімнің ойыма келген нәрсе еді.
Сосын Алматыға келген соң «Ал құр­бымды» өз орындауымда радионың көркемдік кеңесіне ұсынып едім, олар бірден қабылдап, жарты жыл бойы эфирден жиі беріп тұрды. Ән жұртқа ұнады, елден көп жылы сөз естідім. 2003 жылы бұл әнді ра­диодан естіген Қарақат Әбілдина маған хабарласып, «Сенің бір тамаша әнің радио­дан айтылып жатыр екен, біз Мәдина Сәдуа­қасова екеуміз достар туралы айтылатын әнді іздеп жүр едік, мына әнің біздің ойы­мыздан шықты. Осы әнді біз айтайықшы» деп өтініш жасады. Рұқсатымды бердім, сосын олар Паша Ли деген қызылордалық кәріс жігітке әннің әрлеуін қазақы нақышта кере­мет қылып жасатыпты (Паша – кәріс ұлты­ның өкілі болса да, қалың қазақтың ара­сында өскен, таза қазақша сөйлейтін, қазақы сазды миына әбден сіңіріп алған азамат). Сөйтіп, сол жылы «Ал құрбымды» Қарақат пен Мәдина алғаш рет Республика сарайында айтып шықты. Одан кейін қан­шама әуесқой әншілер бұл әнді үйреніп алып қыз ұзату тойларында айтып жүрді. Сосын қырғыздың қос әншісі, Қырғыз Респуб­ликасының еңбек сіңірген қайраткерлері – Олия Руцкая мен Тамара Каримова әнге қырғызша мәтін жаздырып орындады. Кейін олар әнге клип түсіріп, әнді қырғыз еліне керемет танымал етті. Қазір Юлия Руц-каяның өзі жеке орындап жүр, ол әнді қырғыз қыздарының ұзатылу тойларын­да айтып, апта сайын соның видеосын әлеу­меттік желіге салса мені белгілеп, авторы еке­німді көрсетіп отырады. Юлия ұлты беларусь болса да қырғыз әншісі болып кет­кен тамаша өнерпаз. 

– Тамаша екен! Бір ғана әннің осын­ша кең таралып, халыққа ұнап, атын шығарғаны сазгер үшін мәртебе ғой! Енді өзге де әндеріңіз туралы айтып отыр­саңыз. Арнайы тапсырыспен ән жазып көрдіңіз бе?

– Әрине, өнерде ондай жағдайлар кез­де­сіп тұрады ғой. Мәселен, Қарақат Әбілдина эстра­да енді келіп жүрген кезінде маған «Ме­нің әзірше Қыдырәлімен айтатын дуэт­терім бар, маған жеке әнші ретінде айтатын ән керек» деп, маған ән жазуға тапсырыс берді. Ол кезде радиода музыкалық хабарлар редак­торы болып жұмыс істеп жүргем. Ән туралы ойланып жүргенімде бір күні сазы ойыма келіп, оны ұмытып қалмайын деп, жұмысқа жеткен бойы радиодағы дыбыс жазу студиясына барып жазып қойдым. Ән­нің атын «Ару-ғұмыр» деп атадым. Сосын сол кезде радиода бірге жұмыс істейтін ақын Нәзира Бердалыға барып, «әйелдер тақыры­бына мынадай ән шығарып едім, сен осыған лайықтап өлең жаз» деп едім, ол «жарайды, ойланайын» деп келісім берді. Ал ән құрылы­мы күрделі еді, әннің әр шумағы үш жолдан тұрады және шумақтағы буын сандарында өз­гешелік бар. Нәзира да бұл тақырып жайын­да ойланып жүр екен, келесі күні ән­нің бар сазына дәл түсетін өлең жазып әкеп­ті. Әннің сөзі әуеніне қабысып жатқан жұп-жұмыр дүние болыпты. Бірақ елдің құла­ғында ән шумағындағы «Мен – әйелмін, әлемнің анасымын» деген сөздер сіңіп қал­ғандықтан болар, жұрттың көбі әннің «Ару-ғұмыр» деп аталатынын естен шығарып, «Мен әйелмін» деп атап кетіпті. Сондықтан жақында шыққалы жатқан 21-әнімнің нотасы мен мәтінінен құралған кітабымды «Ару ғұмыр» деп атадым. Сол арқылы әннің шын атауын елдің білгенін қаладым.

– Қалай ойлайсыз, бұрын телерадио эфирлерінде болсын, концерттерде бол­сын, әнші орындамас бұрын әннің атауы, әнді шығарған композитор мен өлеңін жазған ақынның аты аталғаннан кейін барып орындаушының аты-жөні айтылатын. Қазір ондай емес, пәленше­нің әні, түгеншенің әні деп әнді әншіге тели салады. Осындай жөнсіздіктің ке­сірінен тамаша ән тудырған компози­торларымыздың еңбегі тасада қалып жатқан жоқ па?

– Әрине, ол дұрыс емес. Қазір бұл мәсе­ле­де әншілер алдыңғы қатарға шығып кет­кен, сондықтан әндерді әншілердің өздері шы­ғарып айтып жатқан секілді әсер қал­дырады. Соның кесірінен жұрт ком­пози­тор­ларды танымайтын дәрежеге де же­тіп қалған секілді. Насихаты болмаса, кон­­церттерде аты аталмаса композитор­ларды кім біледі? Ал­дағы кезде осы олқылық жөнделер деген үмі­тіміз бар.
Кейде тойларда өз әндерім айтылып жа­тады. Сондайда «бұл әнді кім шығарғанын бі­ле­сіз бе?» десем, «білмеймін ана әнші айта­ды ғой» деген жауап естимін. Бұл – ән авторы үшін қолайсыз жағдай.
Кеңестік дәуірде ең алдымен ән ав­тор­лары жақсы насихатталатын. Сон­дықтан тама­ша ән жазған мықты ком­позиторлар, олар­дың әндеріне сөз жазған ақын­дар кере­мет танылды. Әншілер негі­зінен орындаушы ретінде аталып, өздері орындаған ән автор­ларынан жоғары көр­сетілмейтін. Ал қазір соның бәрі кері­сін­ше. Интеллектуалдық мен­шік құқы заңмен қорғалатын заманда му­зыкалық туын­ды­лардың авторлары бар­лық жерде көрсетіліп, аталуы керек.

– Әншілік, композиторлық қы­рыңыз­дан біраз хабардар болдық, енді зерт­теушілік қабілетіңіз жөнінде сұра­ғым келіп отыр. Бірнеше зерттеу кітап­тарын шығарыпсыз, музыканы зерттеу саласына қалай келдіңіз, оған не түрткі болды?

– Консерваторияда дәстүрлі әнші ретінде білім алып жүрген кезде Бекболат Тілеухан ағай менің зерттеушілік қабілетім барын бай­қап, «Қазір эксперимент ретінде «Музыка зерт­теуші» екінші мамандық тегін оқытылып жатыр, соған қатыс» деп, мені зерттеушілікке тарт­қысы келді. Сөйтіп, мен консерватория­дан әншілікпен бірге музыка зерттеуші ма­ман­дығын алып шықтым. Менімен бірге бітір­ген 8 студент өз мамандықтарына сай Дәстүрлі ән кафедрасында диплом қорғаса, мен екі факультетте екі мамандық бойынша жеке-жеке диплом жұмысын қорғадым. Зертеушілік бойынша қорғаған диплом жұ­мысымды қара өлең тақырыбы бойынша қор­ғадым. Біз консерваторияны бітіріп жат­қан тұста «Сорос-Қазақстан» қоры жаңа зерт­теу жұмыстарына грант жариялаған екен, мен соған диплом жұмысымның қол­жаз­басын ұсынып, ол консерваториядан грантқа ілінген екі еңбектің бірі болды. Негі­зінде, бұл грантқа «сенің диплом жұмысың соны зерттеу, «Сорос-Қазақстан» жариялаған  конкурсына ұсын» деп ақыл берген ұстазым Саида Еламанова болатын. Сөйтіп, диплом жұмысым 2002 жылы «Қазақтың жүз қара өлеңі» деген атпен басылып шықты. Ол кітап­ты осындағы ұстаздар әлі күнге оқу бары­сында жиі пайдаланып жүр.
Консерваторияда бір жыл жұмыс істеген соң Қазақ радиосына ауысып, музыкалық хабарлар редакциясында еңбек еттім. Сонда жүріп жеке тұлғаларға арналған «Тарланбоз», жалпы дәстүрлі музыкаға арналған «Мәңгілік сарын» деген, қазақ радиосының алтын қо­рында жатқан ерте кездегі жазылған тас­па­лардағы әндерді тауып, солардың орындау­шы­ларды елдің есіне салатын «Асыл қазына» бағдарламаларын жүргіздім. 2010 жылы ТМД көлемінде хабар тарататын «Мир» телеарна­сына Қанат деген режиссер ағамыз дәстүрлі өнер бойынша бағдарлама жасауға шақырды. Сөйтіп, «Мир» арнасында бір жылдың ішінде «Мирас» бағдарламасының 36 хабарын экран­­­­­нан көрсеттік. Одан соң П.Чайковский атындағы музыкалық колледжде мұғалім болдым. Бірақ зерттеушілікке қайта аңсарым ауып, 2017 жылы Құрманғазы атындағы Қа­зақ ұлттық консерваториясының док­торан­ту­расына түсіп, оны Айжан Бердібаева же­тек­­шілігімен бітірген соң 2020 жылы Халық әні кафедрасына оқытушы болып қабыл­дан­дым. Докторантурада оқып жүріп 2018-2019 жылдары екі рет Жамбыл облысы бойынша экс­педицияға шығып, ел арасынан музы­ка­лық мұраларды жинадым. Менің докторан­тура бітіргенде қорғаған жұмысымның тақы­рыбы «Жетісудың оңтүстік-батысын­дағы ән фольклорының қазіргі жағдайы» еді. Жетісу аумағы негізінен оңтүстік-батыс жә­не солтүстік-шығыс деп бөлінеді. Сол­түс­тік-шығысы Алматыдан Талдықорған, Се­мейге дейінгі аумақ болса, оңтүстік-батысы Алматыдан Таразға қарай созылған аумақ. Мен Жетісудың Алматы мен Тараз арасын­дағы ауылдардың музыкалық фольклорын жинап зерттедім. Соның нәтижесінде өзім туған аудан бойынша жиғандарым саралап, «Меркі өңірінің ән фольклоры» деген кітап шығардым. Кітапқа ел арасындағы тапқан әндерімді нотасымен жарияладым және ин­форматорлар туралы толық мәліметтер бер­дім. Мәселен, информаторлардың рула­рын да жазып отырдым. Оның неге керегі бар дейсіз бе? Мәселен, өзге жақта тұрған бір ру­дың қызы келін болып түскен жеріне өзі бала жастан естіп миына сіңген әнді алып ке­ліп таратады. Сөйтіп, осылай қазақ әйел­дері арқылы қазақ музыкалық мұралары бүкіл далаға жайылған деуге болады. Өйткені балаға бесік жырын айтса да әйелдер жас ке­зін­де өз ауылында естіген бесік жырын ай­тады. Әнді де солай, өзіне таныс әнді айтады.
Менің информаторларымның арасында неше түрлі тағдыр иелері бар. Мәселен, ма­ған «Сайра, бұлбұл» деген әнді және бірнеше сың­су әндерін айтып берген Шарафут­дин­қо­жаева Рахима апамыз 1939 жылы Қытай­дың  Құлжа аймағында туған, ұлты өзбек. Бірақ қалың қазақтың ішінде өскендіктен жа­сынан қазақша ән айтып өскен, тіпті ай­тысқа да түскен. 20 жасында ата-анасымен Біш­кекке көшіп келіп, сол жақта меркілік Бо­қан Хасанбаев деген жігітпен  танысып отб­а­сын құрған. Қазір Меркі ауданының Ан­дас батыр ауылында тұрады. Міне осы­лайша, Қытай жерінде туған өзбек қызы біз­ге сол жақтың қазақтары айтқан әндерді жет­кізіп беріп отыр. Қызық құбылыс емес пе!
Жақында «Жетісудың оңтүстік-баты­сындағы ән фольклорының қазіргі жағдайы» басылып шықты. Бұл да менің зерттеушілік еңбегімнің үлкен бір нәтижесі дер едім.

– Әңгімеңізге рахмет! Шығарма­шылық табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан 
Ахмет ӨМІРЗАҚ