Белгілі бір кезеңде қабылдап, тұтынып, талғажау еткен рухани, әдеби, мәдени құндылықтардың мән-жайын толық түстеп, түсіну үшін оған қатысты теориялық үдерістер мен сол дәуірдегі тарихи фонды айналып өту мүмкін емес. Ғылыми қисын бойынша, қадим негіздері ХIХ ғасырдың екінші жартысында
бой көрсеткен реформашыларға дейін халық ауыз әдебиетіне тірек болып, ауызша айту дәстүріне негізделген эпикалық жыршылықтың өзегін өргені анық. Ал жәдиттік жаңа бағыт – кітаби дәстүр арқылы келген жазба поэзияның діни-ағартушылық ағымға ұласуы, түрлі ұйымдармен байланысы жайындағы ұғымдар өз алдына таратып, тармақтай түсіндіруді қажет етеді.
Әрине, бұл күрделі үдерістің түп тамыр өзегіне өрілген идеялар мен идеология тінін толайым тарқату міндет болмағанымен, тумагерлігі жайында сөз өрбіткелі отырған жыршы Жәкен Омаровтың ескі дәстүр мен жаңа ағымдар арасында қалыптасқан аралық кезең өкілдерінен үлгі алғанын атап өткен жөн. Сөз жоқ, оның шығармашылық қарымы заманауи кеңістік аясында қалыптасты. Десе де, жәдидизм ізімен әуелі Орта Азияға, сол дәліз арқылы Қазақстанға кіріп, қанат жайған діни-этикалық ілімдер түп негізінде, әсіресе әуелгі кезеңде арыдағы аңыздық, берідегі нақты, бейдіни құпия ұйымдармен ымыраласу арқылы жыршы, насихатшылар шығармашылығындағы діни репертуарға да әсер еткені анық.
Жалпы, мектеп-медреселер ашу арқылы халыққа жаппай тегін білім беру, сөйтіп елдің көзін ашып, көңілін ояту идеясы Француз ағарту дәуірінің доктриналарына, оның ізгілік, әділет, ғылым, таным, білім, тұрмыс пен саясатты өзгертуге күш салатын көзқарастар жүйесі арқылы қоғамды ұйыстыратын идеология мен большевиктік-кеңестік идеологияның мәдени бағдарламасы тамырлас болуы себепті, бұл екі арадағы саяси-мәдени жымның аражігін толық түсіну қиын. Сөз жоқ, жәдиттік діни-ағартушылық бағыт дін қағидаларын өз заманына негіздей отырып, кітаби дәстүр арқылы еуропалық білім үлгісін насихаттады. Ал қадим догмалық сипаттағы дәстүрді жақтады. Ұлтқа пайдасын тигізетін ақиқат осы екі аралықта, байырғы эпик жыршылар ұстанған, кейін Жәкен сияқты айтушы-насихатшылар тұтынған қазақы дәстүр аясында болса керек.
Ұлы Тұранның рухы сақталған Түркістан жерінде, Мәделіқожа мен Майлықожаның кіндік қаны тамған қасиетті Қожатоғайда, Омар ишанның қара шаңырағында 1974 жылы 19 мамырда дүниеге келген шақалаққа ескі үлгінің татын жалап, тәлім түйген қариялар жиналып, көк шапанды Кәукеш молда «кітап» ашып еншілеген азанды есім – Мінуархан (Мунаввархан) еді. Орталық Азияға көп тараған, араби түбірі «шұғылалы» деген мағына беретін ерек есімнің кейін не себепті Жәкенге айналып кеткенін былайғы жұрт біле бермейтіні анық. Олай болса, сөзімнің әуселесін сол уақиға желісінен бастайын.
Бұл – фәниедегі татар дәм-тұзы сарқылған соң бақиға бет бұрған Омар ишанның асыл сүйегі қара жердің қойнына тапсырылған күн екен. Ағайын-жұрт әулиепейіл қарияларының құм көрпесін қымтап қайтқасын, алагеуімде, айы-күні жетіп отырған келіні Шамшат қатты уайым шексе де өзі білсін, аяқасты толғатып, көп ұзамай «шар» еткен сәбидің үні естіліпті. Дүйім ел ортасына алып, «пір» тұтқан басиесінен айрылып, қатты қайғырып тұрса да ишанның бәйбішесі Камшат кейуана: «Шалымның орнына «шал» келді ғой», – деп Аллаға шүкіршілік айтыпты, ишанның ұлдары: «Ендеше, бұл «Жәкеміздің (қадірліміздің, әкеміздің. – Авт.) орнындағы Жәкеміз болсын!», – деп көздеріне жас алыпты. Кейін, былайғы жеңгелері туралап атай алмайтын болғасын, туу туралы куәлік алатын кезде азанды есімін өзгертіп, Жәкен деп жаздыртып алыпты.
Сөйткен асыл әжесі әуелі арқалап, кейін жетектеп жүріп, Жәкентайы сегізге жеткенде жетім көңіл қылып, қара шалы түйе қарап кеткен «үлкен ауылға» қарай асығыпты. Е, жалған дүние-ай десеңші, ізінен қия қалдырмайтын сол балп-балп басқан балпанағы кейін төрткүл дүниеге «шалының» тегімен танылатынын жарықтық, сары кемпір ол кезде білмеген де болар-ау. Ескі сөзге зейінді, есті жырға пейді болғасын шығар, он бір жаста қолына домбыра алды, он төртінде айтысқа түсті. Бойындағы буырқанған арын мен лапылдаған дарынды тап басып таныған рухани әкесі, ұлық ұстазы Қаныбек Сарыбаевты да «жас пері» осы жиын барысында кездестірді. Зейінін Тұрсынғали, Арынқожа, Әзім, Айтқожа, Орынхан, Рахманберді секілді кәріқұлақтар айтқан уәлі уәзипамен ашты. Сырнайы қаңқылдап, домбырасы саңқылдаған талай-талай сөз сүлейлерін көрген Көпбай Омаров, Манап Көкенов, Әдіһам Шілдерханов, Тұрсынәлі Айнабеков, Камал Ендібаев, Қарсыбай Ақтаев, Оразқожа Бекахметов, Әселхан Қалыбекова, Тәушен Әбуова, Рахман Ақманұлы, Асылхан Оспанұлы сияқты жүйріктердің батасын алды. Содан соң сортабы көп саранау жолға түсті.
Қалай десек те, баталы құлдың арымайтыны, батасыздың жарымайтыны рас екен. Көп ұзамай орта мектепті, одан әрі әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтын күрмеді. Кеудесін кернеп, шабытын тербеп, бұрқ-сарқ қайнап тұрған жастық жалынның әсері ме екен, он сегізінде «Қожатоғайым», он тоғызында «Біздің елдің жігіттері», «Өзіңді аңсап», араға жыл салып «Жамалым», содан соң «Жұп жүрек» секілді танымал әндерді бірінен соң бірін шығарып, біраз бұрқыратып тастады. Сөйтті де, 1996 жылы шұғыл Ыстамбұлға аттанып, теолог мамандардан діни білім дәрежесін жетілдіруге кірісті. Шығармашылық бел-белестерін соны қырынан танытатын «Зікірулла», «Нұрулла», «Хикметулла», «Қағбатулла», «Қазақия» сияқты илләһи сипаттағы туындыларының ұлы нобайы жүрегінің төріне осы топырақта жүргенде ұялады. Сөйтіп, баяғы өткел бермес Сырдың суы «сирағынан да келмей» қалды. Дамудың даңғылына түскесін рухы көтеріліп, рухани білімі өрлеген сайын сонау бала күнінде бабалары белгілеп беріп кеткен бұлақ бастауларға қайтып оралып соғып, көненің мүлкін жаңаша әрлей берді. Өйткені жаны содан ғана жай табатынын сезді.
Әсіресе, Есенқұл ағасына жақын жүрген жылдар жадынан бір кеткен емес. Иә, «Өзіңді аңсап» деген жауһар сол кезде шықты. Ағасы шалқытып мәтінін, бұл аңқытып әуенін шығарып... «Біздің елдің жігіттері» бас қосқан жерлерде топқа салып айтып, Қаныбек батырға арқа сүйеп, талай салдық дәуренді өткізіп еді-ау. Марқұм Есағаң бір сұхбатында: «Құдай екеумізді екі әнге автор етті, екеуі де гимн. Бірі – жігіттердің, екіншісі – ғашықтардың гимні болып кетті. Тағы да шығарайықшы осындай жақсы дүниелерді», – деген еді. Амал қанша, оның жарқ еткен шамшырағы жалп етіп қайта сөнді. Кейде маған Жаратушы жаралы жүрек, жарым көңілдерге дәру болып, мына өткіншінің парқы мен нарқын сезіну үшін дүниеге осындай туындылар әкелуге жағдай жасап, ақын мен композиторды табыстырып, кейін қолтаңбасы қайталанып кетпеу үшін әдейі көз көрмес, көңіл сенбес жаққа қарай асырып жіберетін сияқты. Соған қарағанда, ет пен сүйектен жаралған пенделер арасында мәңгі сарытап сағыныш орнағанда ғана дүниенің қадірі арта беретіні рас шығар.
Меніңше бұл туындыны мөлдіреген таңғы шықтай махаббат лирикасына жығып, ауылын тым бөлек қондыруға болмайтын сияқты. Негізі, пенденің бауырын жалындай жалап тұратын аңсау мен сағыну деген қасиеттінің нысаны мен мекені болмайды. Егер бізді ішкі түйсігіміз алдамаса, бұл екеуара махаббат күйін әспеттейтін ән емес. Иә, түп өзегінде соған ұқсас жылт-жылт еткен түсініксіз метафоралы сезім ұшқындарының жатқаны анық. Жалпы, қай әннің болсын, әуелде тағдыры мәтінге бір байланып қалған соң, сырт қарағанда, барлық әсер соның аясында көрінуі әбден мүмкін. Мысалы, күнделікті тыңдап, рухани талғажау етіп, нәр алып жүретін кез-келген күй интонациясының тигізер әсері қандай? Енді бір уақыт ойланып көрші, сол әуезді әнге көшіріп, оған ойыңа оралған мәтінді қондыра салсаң не болар еді? Әрине, шемен болған шер түйін герменевтика тәсілімен өз әлінше тарқап, әрі кетсе қалауыңа қарай ат қойып, айдар тағарсың. Муза да солай, ілкі жаратылыс ретінде сенің жоспар-жобаңнан тыс тұрады. Оған мәтін ойлап тауып, белгілі бір өмірлік ситуацияға орай уақиға мұнарына бөлеп, мүлдем басқа драмалық сипат дарытып, ыңғайға қарай қайта әліптеп алатын өзің. Ал әуен көктен құйылып тұратын сыр. Мен бұл пікірді Жәкеннің сөз болып отырған бір әніне ғана емес, барлық әніне қатысты қолданған болар едім. Бірақ қалыптасып қалған қасаң калькалар ондай еркіндікке жол аша қояр ма екен? Қалай десек те, әннің өзегіне өрілген сағыныш сазы кімге, қалай бағыштасаң да мәңгі арылмас аңсар күйінде қала бермек.
Мейлі тағы бір қырынан келіп, музыкатануда қалып алған әдіс-тәсіл түрлерімен әннің кеудесін тармақтап, қайырмасын шабақтап, музыкалық метр өлшеміне сүйене келе, әуеннің ұшар басындағы биік нүктесін бекітіп, жуасып, байырқар тұсындағы кертелерді қалай қайырып түстесең де айтарыңды ой-сезім, нәзіктік, толғаныс бірлігін көңіл күй ығымен әсерлейтін лириканың аумағында толғарың анық. Ал біз түп өзек тіннің тамыр соқпасындағы лүпілді меңзедік. Жасыратыны жоқ, көбіне, қай мәтін болсын, қас бетке шығатындықтан, былайғы жұрт әуенді тыңдап отырып алған алғашқы әсерді содан көрініс тапқан бедер-бейнеге байланысты ұштауға қалыптасқан. Ал егер жалаң әуеннің өзін ғана, ешқандай тақырыпсыз, талапсыз, мәтінсіз тыңдар болсаң, қандай ән болсын, сенің көкірегіңдегі сағынышқа айналған кез-келген әсердің күйін өзінше шертіп кете берері анық. Сөйтіп, сенің қалауыңдағы әнге айналмақ.
Сөз жоқ, туынды жасалардан бұрын ақын мен композитор ымыраласады делік, соның негізінде өмірге айдарлы ән келер. Ал өзектегі өрт сезім – мәңгі аңсар, Жаратушының пәк дидарына ғашық хәл, күнде қасында жүрсе де өліп-өшіп сағынуға жаратылған жүрек лүпілі болып көкке көтеріліп, сағыныш солқылы басылмаған пенденің қолына қонған соң, оның ендігі тағдыры жеке ғұмыр иелеріне өту арқылы құбылып, мүлдем басқа түрде жалғастық табуы заңды. Қалай десең де, мұны енді «махаббат мұңы емес» деп кері дәлелдеу қиынға соғады. Оның анығына жету үшін әннің өзегіне мәтінсіз үңіліп көр, болмаса мәтін ауыстырып тыңда. Жәкеннің айта алмаған, әлі күнге дейін келімін келтірудің есебін таппай жүрген сырды сонда сезінерің хақ. Тыңдап көрші, әлденеге, әлдекімге аңсары ауған мәтінді: «Өзіңді аңсап өтеді көктем, өтер күз, / Аңсаумен өткен өмірге мынау не етерміз?» – дей ме? Иә, саналы жан өмір бойы аңсаумен өтуге жаратылған. Бірақ кімді, нені, қалай деген сауалға келгенде естілер бұйығы сырын шаша бермейді. Сондықтан біз де, мына тобықтай әуеннің өзегін жарып, ішкі сырына тым еміне бермеуді ұйғардық. Кейде ән деген шіркінің талдағаннан гөрі, үнсіз тыңдаған кезде әлдеқайда әсерлі болып естіледі. Әсіресе, осы әнді Жәкеннің барлыққан, жайбасар даусымен тыңдау керек сияқты. Әсем әуеннің өзегінен мүлдем басқа сыр сорғалай бастағанын сонда сезінесің.
Жақында Жәкеннің «Мұнара» газетіне берген сыр-сұхбатын көзім шалып қалды. Ол «Біздің елдің жігіттері» деген әннің аужайы хақында: «1993 жылы Есенқұл ақын екеуіміз бұл әнді жазғанда елдің мұңы басқа, «байтал түгілі бас қайғы» заман еді. Халықтың хәлі мүшкіл, елдігі-
міз қыл үстінде тұрған сын уақыттар болатын», – деп толғаныпты. Онысы рас, қазір бәлду-бәлду бәрі өтірік болып бара жатқаны болмаса, азаттық алған жылдары бұл қазақтың талай нәрседен тарыққанын кімнен жасырарсың. Одан әрі Жәкен құрсағы тойып ас ішпеген, әйтеуір көмусіз қалмай, қандықасап майдан даласынан аман-есен жетіп, бейбіт аспан астында жүріп ішкен қара су мен жеген қара нанға қанағат еткен, ұрпағының көз алдында өлетініне ризашылықпен егілген есіл ерлердің сөзін ерекше сезімге бөлеп жеткізіпті. Ерте туып еш заманның маңдайы сыймаған ақиқат пен шындық сөздің жебелері хақында «Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі, / Солар жайлы ағайын-жұрт, не білесің сен осы?» – деген шағын төрт шумаққа біріккен 14–15 буынды құрама тармақтың сырт пішіні 7–8 буынды жыр ұйқасына да келіңкірегенімен, әуені дәстүрлі терме сазының барлық белгі-бедерін қабылдай қоймағаны байқалады. Оның шумақ пен қайырмадан тұратын дәстүрлі әннен өзгешелеу тұрқы да соны байқатады. Ерте туып, еш заманның маңдайына сыймаған «біздің елдің ұлтаны мен сұлтанын» ұлықтайтын реквием рухындағы туындының тарихы өз алдына, музыкалық шығарма ретінде оған терме әуені мен ән арасындағы «өтпелі» сипат тән.
Ойымызша, шығарманың тыңдарманға «уақиға баяндалып, суреттелуіне байланысты» орайын тауып әсер ететін неоклассикалық эпикалық жанрдың басты сипаттарымен тонның ішкі бауындай қабысып жатуында да осындай мән бар. Сөз жоқ, эпикалық пафостағы мәтін де, әуен де түпнегіз ойын бірін екіншісі қостау арқылы, негізінен, баяндау арқылы жеткізуге бейім. Бірақ бұл жерде уақиғалар желісін құр баяндап, жалаң мазмұндап шығу емес, лирика мен драманың шарпысқан шегінде тұрып, сезімдер көкжиегінің түйіскен тұсында толғану басымырақ. Неоклассикалық стиль атаулының басым ерекшелігінің бірі – алапасы асқан, кенересінен тасқан, буырқанып көбік шашқан әуендер легін көрсету міндет емес. Көбіне өзегіндегі салиқалы сыр мен мәтін бірлігі арасындағы өзектілік алға шығу арқылы тыңдарманын тебіреністер әлемінің тереңіне тарта түсетін салмақты саз салтанат құрады. Тұжырып айтар болсақ, ескінің өрнегі мен жаңаның өрмегі заманауи тыңдаушының жан дүниесінде соны тұжырым тудыра алатын болса, сөз жоқ, бұл бағыттағы қай шығарманың да алға қойған негізгі мұратының орындалып, өз үдесіне шыққаны деп қабылдауға болады. Сөз басында айтқанымыздай, бұл жаңа мен көне ағымдар арасындағы шарпысу әсерінен болатын ерекше жанрлық түрге тән қасиет. Осы тұрғыдан келер болсақ, Жәкеннің қай шығармасы болсын, өзегіне аралық дәстүрге тән маржан таққанын айтуымыз керек.
Жәкен орындайтын, сахналық нұсқасы «Ата-ананың қадірі» деген шартты атаумен белгілі Майлықожа бабасынан тартып сөз сабасын шайқайтын ұзақ толғау сазын сөз еткенде, шығарманың өзегіндегі жаңашылдық пен төсегі тым әріде салынған жыршылық көне мақам арасындағы түрлемеге соқпай өте алмаймыз. Иә, біреулер мұны «Нартай сазы», кейде «халық әуені» деуге бейім. Әрине, әуен авторлық төл туынды қатарына жатады. Аталмыш толғау сазын орындау барысында Жәкен эпикалық жыршылық дәстүрде бұрын болса да, кейін ұмытыла бастаған «репертуар тергеу» немесе «халық алдына салатын жырлар» сияқты сөз қорын өлеңмен сипаттап, орындайтын шығармасын әлқиссамен таныстыратын: «Он екі перне, екі шек, / Нәубетпенен қағайын, / Жиналдып келдің, ағайын!» – деген үлгідегі дәстүрді заманауи сахна тіліне ерекше шеберлікпен көшірген.
Толғауға кіріспес бұрын: «Ал атаның қадірін айтайын, / Ананың қадірін айтайын», – деген қос жолда «айтайын» формулын пайдалану арқылы тыңдаушысын бір елең еткізіп алып: «Әрі қарай не айтады екен?» – деген сауалдың шеті шығып үлгергенше: «Ер жеткен соң аңсайсың, / Атаң менен анаңның, / «Адам бол» деген айқайын...», – деп тебіренетін тұстан бастап-ақ есті тыңдаушы екі иығы селкілдеп, көз жасына ерік беріп еңкілдеп, қайдағы мен жайдағысын еске салу арқылы «ішкі әлемге» әсер ете алатын психологиялық әдіске байланады. Сәттік мезет ішінде бүкіл өмірін көз алдынан көктей өткізіп, ерекше магиялық сөз бен сарын иллюзиясы арқылы монипуляциямен матап тастайды. Мұны жыршылық дәстүрдегі «әсер ету» тетіктерін барынша пайдала білу қасиетіне жорыған жөн. Осы мақамның бірнеше тұсында қолданылатын «Ах» деген үстеме арқылы жасалатын қаратпа тәсілдің кейде жоқтау сарынына ұқсап кететіні бар. Шын мәнінде солай екен, автордың өзі бұл толғау сазы әуенінің түйіршігін талай асылынан айрылып, зар төккен кейуана әжесі айтқан «дауыс шығару» ғұрыптық рәсімінің өзегінен жарып алғанын жасырмайды.
Сөз жоқ, аталмыш мақам домбырамен қостағаннан гөрі, сырнай сырына дауыс қосқанда тыңдарман жүрегіне тура жол тартады. Екі жақты басқыш аралығындағы «желқобыз» арқылы көрік басқандай үрлеп отыру арқылы диатоникалық дыбысқатардан ғажап әуез шығаратын бұл аспаптың қазақ даласына келуі әншілік, жыршылық дәстүрге айтарлықтай жаңалық әкелгені өз алдына, оның минорлық және мажорлық гамма бойындағы тұрақты дыбыс биіктігінің өзі айтушыларға үлкен тірек болды. Орындаушы аспаптың құлақ күйін келтірмейтіні, дыбысты тұрақты ұстап тұратыны өз алдына, жыршылық дәстүрде бұрын болмаған мәнер, мазмұн, түр және музыкалық әшекейлеу жағынан алабөтен, дыбыс ауқымы кең, өрнекті саз, әуендер қатарының пайда болуына ықпал етті. Жәкен сырнайды Көпбайдан үйренген, ол болса: «Термесі – қою орман маужыраған, / Зердесі ескен самал тау-жарадан», – деп Төлеген ақын жырлаған, он-он бес аспаптың құлағында қатар ойнаған, әрісі Орта Азияға, берісі күллі Өзбекстан мен Қазақстанға танымал Құтбай Дүрбаевтан тәлім түйгендіктен, бойындағы асыл өнер оңтүстік-батыста дамыған, ұрпақтан буынға ауызша жалғасып, бұйдасын үзбей жеткен эпикалық дәстүрмен тығыз байланысты.
Зердесі келіспеген жанның үйреніп жыршы болуы қиын. Шынын айтқанда, ондай өнердің өрісі тар. Жыршы Жәкеннің зерені жырға толық болғандықтан, шығармашылық айдыны ауқымды. Қазір ол өз мектебін қалыптастыра бастады. Тумагерлік талант жеке қолтаңбаға айналған кезде солай болуы заңды. Алайда оның кейінгі шығармаларын өз алдына талдау қажет. Солардың арасында көптің көзайымы болған илләһи сипаттағы «Зікірулла» әнінің орны ерекше. Зікір етушілердің жайы әуелі Құранда айтылады. Пайғамбардың: «Нағыз әулие сол – оған қарағанда Алла тағала еске түседі», – дейтіні содан болса керек. Мұсылман баласы үшін дүниедегі зор ғанибет – Алла тағаланы зікір ету. Әрине, зікір болғанда да есебі жоқ, сансыз шүкірге толы зікір. Солай еткенде ғана ұлық Алла кім-кімнің де жүрегінің төрінде және жаныңда. Осындай мистикалық ойдың өзегінен тиянақ тапқан кезде қай құлшылығың болсын, қайырлы.
Аталмыш тақырыпты Жәкенге дейін тиянақты жырлаған адам аз. Алла есімін ұлықтау арқылы Мұхаммедтің (с.ғ.с) үмбеттеріне «зікір» етудің жайын уағыз ететін бұл илләһи әуеннің құрылымы қарапайым. Сол табиғатына қарамастан тыңдаушысын бейжай қалдырмайды. Тыңдаған сайын алпыс екі тамырыңды иітіп, бойыңды шымырлатып, еркіңнен тыс бір алапат күш жұлын-жүйкеңе бойлап бара жатқандай әсерге бөлейді. Бәлкім, жүрек дағын хақ аятпен шаюды көздеген ән-зікір болғасын шығар, тап сол сәтте кеудең мейірім, иман, шапағатқа толып, кенересінін асып тұрғандай сезінесің. Әр шумақтан кейінгі, ұлықтау сипатындағы «Алла, Алла, Аллаху акбар!» деген үш тармақты қайырма төменгі, ортаңғы, жағарғы әлемнің арасын біріктіріп бара жатқан сияқтанады. Тап осы сәтте көкірек тұсына қолын қойып, танауы делдиіп, күңірене шырқап тұрған айтушы Жәкен емес, баяғының аузы дуалы әулиепейіл шалдарына ұқсап бара жатады.
Жарық жалғанның жүзіндегі пенде атаулының ділі қатайып, мейірім мен шуақтан алшақтап бара жатқан дүдамал кезеңде, ең болмаса кеудедегі патша-жүректі жұмсарта алатын илләһи ән тудырып, оны күллі мұсылман баласы қосылып шырқап жүруден асқан бақ болсайшы. Біздің Жәкен сондай, Алла абыроймен алқаған ерекше бақ иесінің қатарында.
Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы