Қазақстан – сайын дала төсінде тамырын тереңге жайған көпұлтты шаңырақ. Бір өңірден екінші өңірге барсаң – түрлі тіл, түрлі әуен, түрлі тағдыр, бірақ бәрін біріктіретін бір ғана түсінік бар. Ол – отансүйгіштік сезімі. Тарих таразысында талай сыннан өткен халқымыз бейбіт өмірдің бағасын жақсы біледі. Сондықтан да бүгінгі татулық – жай ғана тыныштық емес, ұрпаққа аманат, елдікті сақтаудың формуласы. 30 жыл толған Қазақстан халқы Ассамблеясы – осы бірліктің тек мерекелік нышаны емес, елді ұйыстырған нақты әрі өміршең идеяның дәлелі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде: «Осы уақыт ішінде Ассамблея қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналды. Этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылды. Соның арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі қалыптасты», – деп баға берген болатын.
Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы – елордалық қоғамның этносаралық үйлесімін қамтамасыз ететін маңызды азаматтық платформа. Ассамблеяның негізгі бағыты – түрлі этнос арасындағы келісім мен толеранттылықты нығайтып, олардың мәдениетін өзара байытуға мүмкіндік жасау. Осы мақсатта ол әр халықтың салт-дәстүрі, тілі мен рухани мұрасын сақтап қана қоймай, оны заманауи ортада дамытуға жағдай жасайды.
Елордалық Достық үйі – Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының бетке ұстар айнасы. Мұнда халықаралық және республикалық деңгейдегі іс-шаралар өткізіледі. Бүгінде Астана қаласында 23 этномәдени бірлестік өз жұмысын атқаруда. Олар ұлттық мәдениетті сақтау, дамыту және қоғамдық бірлікті нығайту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Елордалық Достық үйі¬ өзінің құрылған жылдарында мәдениеттердің бірлігі мен Қазақстанның көпжақтылығын көрсетудің нағыз орталығына айналды. Бүгінде ол үлкен ресурстық, әлеуметтік, ақпараттық-әдістемелік орталық.
Биыл жыл басында Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында ҚХА-ның 30 жылдығына арналған «Қазақстан халқы Ассамблеясы: татулық пен келісімнің 30 жылы» көрмесі өтті. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, ҚР Парламентінің депутаттары, этномәдени бірлестіктер мен ҚХА қоғамдық құрылымдарының өкілдері қатысты. Көрмеде ҚР Президенттік орталығының материалдары негізінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қалыптасу және даму тарихы, сондай-ақ ҚХА-ның қоғамдық және этносаралық келісімді нығайтудағы рөлі атап өтілді. «Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тарихы» және «Этносаралық және жалпыұлттық келісімнің кепілі» атты екі бөлімнен тұратын көрмеге мұрағаттық материалдар, фотосуреттер, кітаптар мен кәдесыйлар ұсынылды. Мәдени шара жұмысы бір айға жалғасты.
Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында «Ассамблея жастары» ұйымы мен Ұлттық Дельфий комитеті бірлесе дайындаған Folk & Art Performance жастар шығармашылық жобасы өтті.
Бұл жоба дарынды жастарды қолдауды, шығармашылық әлеміндегі ұрпақтар сабақтастығын дамытуды, сондай-ақ әртүрлі этнос өкілдерінің Қазақстан мәдениетін өркендетуге қосқан үлесін көрсетті.
Жоба аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері қатарындағы шығармашыл жастардың тәлімгерлеріне арналған «Тәлімгер» фотокөрмесі таныстырылды. Іс-шара соңында ҚХА Төрағасының орынбасары М.Әзілханов халықаралық байқауларға қатысуды қолдау үшін дарынды жастарға жол жүру гранттарын тапсырды.
Елордалық Ассамблея жұмысының маңызды бағыттарының бірі – қайырымдылықты дамыту. Дәстүрлі түрде этномәдени бірлестіктердің мүшелері барлық қайырымдылық акцияларына қатысып, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты адамдарға, мүмкіндігі шектеулі балаларға, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне көмек көрсетеді. Биылғы 30 жылдық мерейтой аясында да қайырымдылық іс-шаралары назардан тыс қалған жоқ.
Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы Алғыс айту күніне орай «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қайырымдылық акциясын өткізді. Мақсаты – қарт адамдарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық жасау, көңіл бөлу. Мерекелік іс-шара барысында концерттік бағдарламасы ұсынылып, азық-түлік себеттері таратылды.
ҚХА күндері жастар арасында да ерекше қызығушылықпен атап өтілді. Оның бір дәлелі – Maqsut Narikbayev University қабырғасында ашылған Қазақстан халқы Ассамблеясы кабинеті. Бұл кабинет елдегі этносаралық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды алаңдардың бірі болмақ. Аталмыш жиын студенттер мен қатысушыларға ел бірлігінің маңыздылығын сезінуге мүмкіндік берді. ҚХА кабинеті жастардың этносаралық қатынастарды нығайтуға бағытталған жаңа жобаларына жол ашып, жаңа бастамаларын жүзеге асыратын маңызды орталыққа айналмақ.
Мерейтойға арналған мерейлі шаралардың бірі – «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты фестиваль. Фестивальдің басты мақсаты – еліміздегі этностар арасындағы татулық пен достықты нығайту, ұлттық мәдени мұраны сақтау және дамыту, жас ұрпақты рухани құндылықтарға тәрбиелеу. Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының намысын қорғаған 3 шығармашылық ұжым үздік өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.
Ассамблея қызметінің ауқымы тек мәдени іс-шаралармен шектелмейді. Ассамблея ағартушылық жобаларды іске асырып, шығармашылық бастамаларды қолдайды, қоғамның әлсіз топтарына құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетеді. Демек, бұл құрылым – этностардың мәдени кеңістігін ғана емес, азаматтық жауапкершілік пен ортақ құндылықтарды қалыптастыратын маңызды институт.
Бұл бағытта да Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарған істері көңіл қуантады. Биыл «Этносаралық қақтығыстардың алдын алу және реттеу бойынша медиативтік дағдыларды дамыту, келіссөз процесі техникасы» тақырыбындағы үлкен семинар-тренинг өтті.
Семинар барысында қатысушылар этносаралық қақтығыстардың алдын алудың заманауи тәсілдерімен танысып, медиативтік тәжірибелер мен келіссөз техникасының нақты құралдарын меңгерді, сондай-ақ тренингтер мен практикалық жаттығулар арқылы кәсіби дағдыларын шыңдады.
Жұртымыз үшін ең үлкен марапат – елдің тыныштығы. Шын мәнінде, қоғамда татулық болмаса, басқа жұмыстың бәрі бекер болмақ. Береке-бірлігімізді сақтай алмасақ, қастерлі Тәуелсіздігіміздің баянды болуы да екіталай. Еліміздегі тұрақтылықты нығайту үшін Ассамблея мүшелері табанды еңбек етіп келеді.
Мәдениет пен дәстүрді насихаттаған, жастарға үлгі болған тұлғаларды рухани тұрғыдан қолдау қашан да маңызды. Бұл әсіресе көпұлтты қоғамда ұлттық мәдениетке деген құрмет пен жауапкершілікті нығайтады. Осы орайда Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек ҚХА-ның Кеңесінің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті, ҚХА Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалін этносаралық татулықты нығайтуға және қоғамдық келісімді сақтауға үлес қосқан азаматтарға табыстады. Игі істің жалғасы ретінде «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Габдулұлы қоғамдық келісімді, ұлтаралық бірлікті нығайтуға және елдегі мәдениетаралық диалогты дамытуға елеулі үлес қосқан белсенділерге медальдар табыс етті. Folk & Art Performance жобасын жүзеге асыруға атсалысқаны үшін қалалық өкілдіктің еріктілеріне алғысхаттар тапсырылды. Бұл оқиға әрбір азаматтың бейбітшілік, достық пен өзара түсіністікті нығайту жолындағы ортақ іске қосқан үлесінің маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Мерекелік датаға орай өткен маңызды шаралардың бірі – Астана қаласындағы Достық үйінде Қазақстандағы «Вайнах» шешендер мен ингуштар қауымдастығының 30 жылдығына арналған «Бірлік пен даму жолындағы 30 жыл» атты форумы. Этнографиялық көрмеден басталған форумға қатысушылар қауымдастықтың қоғамдық келісімді нығайтуға, этносаралық диалогты дамытуға және жастарды толеранттылық пен патриоттық рухта тәрбиелеуге қосқан үлесін талқылады. Басқасуда жалпыұлттық бірегейлікті сақтау мәселелеріне, рухани көшбасшылар мен шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің мәдениетаралық байланысты нығайтудағы рөліне, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің қоғам өміріне белсенді қатысуының маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Қазақстандағы «Вайнах» шешен және ингуштар қауымдастығы 30 жыл ішінде этносаралық келісімді нығайту, мәдени мұраны сақтау және азаматтық белсенділікті дамыту ісінде сенімді де белсенді серіктес ретінде танылды. Ұйым әлеуметтік маңызы бар жобаларды дәйекті түрде жүзеге асырып, еліміздің түпкір-түпкіріндегі вайнахтарды біріктіріп, жас ұрпақты түрлі этностардың мәдениеті мен дәстүріне құрметпен қарауға тәрбиелеуге ықпал етуде.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы – тек мереке ғана емес, елдегі этносаралық келісім мен қоғамдық бірліктің символы, сондай-ақ ядролық қоғамдық институт ретінде Ассамблеяның әлеуметтік-саяси рөлін айқын көрсететін стратегиялық оқиға болды. 400-ден астам шара – республикалық форумдардан бастап жергілікті қайырымдылық акцияларға дейін – Ассамблеяның қоғамдағы интеграциялық миссиясын нақтылады, этносаралық татулықты, мәдениеттерді өзара байытуды және азаматтық жауапкершілікті насихаттады.
Мерейтой жастарды, аймақтарды, этностарды және белсенді азаматтарды біріктіретін көпқырлы алаңға айналды. Бұл іс-шаралар Қазақстандағы бірлікті сақтау мен ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың маңызды құралы екенін және қоғамның барлық мүшелерін ортақ құндылықтарға баулитын нақты платформа болып тұрғанын айқын көрсетті.
А.БИМЕНДІ