Ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының: «Жігітте де жігіт бар – азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар – қазанаты бір бөлек», деген терең мағыналы сөзі бар. Қазақтың байырғы жылқы тұқымдарының ішіндегі ең асылы – қазанат болса, сол қазанатты іздеп, қазақ даласын шарлаған санаулы тұлғалардың бірі – Сәдібек Түгел.
Бұрынғы қазақты жылқымен егіз десек, бүгінде сол рухани сабақтастық Сәдібек пен қазанат арқылы жалғасып тұрғандай. Өйткені Сәдекең – қазанаттың қадір-қасиетін зерттеп, ұлт жадында қайта жаңғыртқан, сол арқылы ұлттық рухтың түп-тамырына үңіле білген тұлға. Біз де керісінше, Сәдібек арқылы табиғаттың ыстық-суығына төзімді, рухы биік қазақы жылқының шынайы болмысын таныдық.
«Қайдасың, қазағымның қазанаты?!» деп ұлттың рухани өзегін іздеген қаламгер елдік пен ерліктің ізіне түсті. Бүгінде жетпіс жастың биігіне көтерілген С.Түгелдің еңбегі – елге қызмет етудің жарқын үлгісі.
Ұлтты ұлттан не ерекшелейді? Әрине, бұл туралы түрлі пікірдің, түрлі талқының орын алуы табиғи. Бірақ бір нәрсе анық: халық өзінің бастан кешкенін, жинаған рухани тәжірибесін салт-дәстүр деңгейіне көтеріп, оны ұрпағының бойына сіңіре білгенде ғана дараланады, өзгеден озады.
Қазақ халқының айрықша болмысы да жүйрік атпен астасқанда ерекше айқындалады. Өйткені жылқы – қазақтың тек тұрмысына емес, рухани кодының өзегіне айналған құндылық. Осы тұрғыдан алғанда, айтылар сөзіміздің Сәдекең тұлғасына тірелуі заңдылық.
Сәдібек Түгелдің қайраткерлік болмысы мен шығармашылық қуатының түп негізі – атбегілік өнерге, ұлттық спортқа және руханиятқа деген шынайы жанашырлық. Ол көне дәстүрді заман талабына сай жаңғыртып, ат баптау мәдениеті мен ұлттық спорт түрлерін дамытуға айрықша үлес қосты. Халқымыздың ғасырлар бойғы рухани тәжірибесін зерттеп қана қоймай, оны нақты істерімен алға бастырып, ұлттық құндылықтың жаңа тынысын ашуға жол салды.
Әдеби-публицистикалық еңбектерінде де ұлттың рухани тұтастығын, адамгершілік пен отаншылдық идеясын көтеріп, қай мәселені қозғаса да, қазақ болмысының биік парасатын айшықтап отырды.
«Қайдасың, қазағымның қазанаты?» деректі повесінде жылқы – қазақтың рухани әлемінің айнасы, ұлттың тектілігі мен еркіндік рухының символы ретінде бейнеленеді.
Автор қазанатты іздеудің мәнін былайша ашады: «Қазанат – халқымыздың қанаты, қорғаны, айбыны, рухы. Қазанаты бар халық ешқашан қор болмайды». Бұл сөзден түйетініміз – Сәдібек ағаның басты мақсаты қазақты өзінің байырғы кемел рухымен табыстыру.
Жазушы кең даланы кезіп, қазанаттың шығу тегін, мінезін, түр-түсін, бітім-болмысын зерттейді. Даланың көнекөз атбегілерімен сырласып, халық жадындағы аңыздар мен фольклорды жинай отырып, ұлт тарихының ат тұяғы тиген ізін қайта жаңғыртады.
Повесть деректілік пен көркемдікті шебер ұштастырады. Ауыл ақсақалдарының естелігі шығарманың рухани тереңдігін арттырып, оқырманды қазанат тағдыры арқылы қазақтың тағдырына жетелейді.
Жылқының төзімділігі мен еркін болмысын сипаттау арқылы автор ұлттың ерлік дәстүрі мен еркіндік рухын биік өреге көтереді. Туған жерге сүйіспеншілік пен табиғатты аялау идеясы да ерекше өрнектелген.
Қазанатты іздеу сапары арқылы туған топыраққа құрмет, табиғатқа сүйіспеншілік, экологиялық сана ұғымының маңызын ашады. Яғни, даланың иісін аңқытып, оқырман жүрегіне ел мен жерге деген сағыныш сезімін ұялатады.
Бұл туынды – жай жылқы туралы шығарма емес, ұлттың өз тамырына, рухани бастауына үңілуге шақырған рухани үндеу.
Сәдібек Түгелдің өзі: «Атбегілік – рухымызды көтеретін өнер. Ұлттық ат спорты – жастарды отансүйгіштікке баулитын құрал», – дейді. Әрі бұл сенім оның өмірлік ұстанымына айналғанын көреміз.
Шығыстағы Ұлан өңірінде белгілі атбегі Мәрсек пен Райымжанның ауылында туып-өскен Сәдібек жастайынан «Бәйгеторы» атты жүйріктің үстіне шыбын қондырмай баптап, бәйгеге қосқанын көріп өседі. Ауыл ақсақалдарынан «Астыңғы ерні жер тіреп, үстіңгі ерні көк тірейтін» тұлпарлар туралы естіп, аттың киесін, қасиетін бойына сіңірді.
Түгелдің кенжесі болған ол бала күнінен-ақ жирен айғырға мініп, әкесімен бірге жайлаудың кең төсін еркін кезді. Сол кездерден-ақ аттың жүрісі мен шабысын, мінезі мен қимылын қалт жібермей бақылайтын. Оның жадында әсерлі сақталған бір сәт – асауды құрықтап тақымға басып, ерікке көндірген шақтар. Сол тұстағы даланың дүбірі мен тұлпардың екпіні – өмірдің өз өрнегіндей, жастық рухының айғағындай әсер қалдырған.
Сол балалық таным оның өмірлік ұстанымына айналып, ат спортының дамуына бағытталған бастамаларға ұйытқы болды. Ұлттық спорттың өркендеуіне сіңірген еңбегі – бір дәуірдің шежіресі іспетті.
Ұлан аудандық газетінің бас редакторы кезінде-ақ ол бәйге мен ұлттық ойындарды тұрақты жариялап, атбегілер еңбегін насихаттады. Кейін ірі қалаларға қызмет ауыстырса да, ұлттық спорт мәселесіне деген алаңдаушылығын үзген емес.
Осы ұмтылысы оны «Қазақ атбегілерінің кодексі», «Ұлттық спорттың гүлденуі» бағдарламасы және «Ұлттық спорт туралы» заң жобасын әзірлеуге жетеледі. Мемлекеттен қаржы алмай-ақ, қоғамдық негізде 27 республикалық федерация мен 600-ге жуық өңірлік бөлімшенің құрылуына мұрындық болды.
Ол әр жылдары ат спорты жарысын жүйелеу, ережесін бекіту, халықаралық байланыстар орнату ісінде де ерекше еңбек етті.
1995 жылдың 10 қаңтарында атбегі Сәдібек Түгел ұлттық ат спорты жарыстарын бір жүйеге келтіріп, арнайы ережелер бойынша өткізу қажеттілігін хатқа түсіріп, сол кездегі Жастар ісі, туризм және спорт министрлігіне жолдады. Бұл қадам ұлттық спорттың дамуына бастама болды.
1996 жылдың 1 наурызында бүкіл қазақстандық атбегілердің алғашқы құрылтайы өтті. Онда Сәдібек Түгел, Елсияр Қанағатов, Қилан Нұртазинов, Кендебай Әбішев және басқа да мамандар Ұлттық ат ойындарының ережесін талқылап, бекітуге күш салды. Сол жылдың 18-26 қыркүйегінде Мажарстанда ұйымдастырылған Әлем шабандоздарының І фестиваліне 23 елден делегация келіп, көкпар, қыз қуу, аударыспақ, теңге ілу сияқты ұлттық ойындарды көрсетті.
1997 жылдың 25-27 қарашасында Алматыда атбегілердің кеңесі өтіп, ат спорты ережелері жетілдіріліп, 1998 жылы ат жарыстарының күнтізбесі бекітілді. Сол жылдың 23 желтоқсанында Сәдібектің «Атбегі» атты деректі фильмі республикалық телеарнадан көрсетілді, бұл – ұлттық спортқа деген рухани үндеудің көрінісі болды.
1999 жылы 7 сәуірде Астанада Ұлттық ат спорты федерациясының І съезі өтті, басшылық құрам сайланып, С.Түгел бас хатшы болып бекітілді.
2000 жылдың 20-21 сәуірінде Астанада өткен Федерация семинарында ұлттық спорт түрлерін өңірлерде дамыту мәселесі кеңінен талқыланды.
2001 жылдың 15-16 ақпанында Федерацияның ІІ съезі ұйымдастырылып, кейбір ұлттық спорт түрлері бөлек федерация ретінде құрылды.
2003 жылдың 4-5 мамырында Алматыда Қазақстан атбегілері мен Ат спортының одағы құрылып, басшылыққа Сәдібек Түгел сайланды. Сол жылдың 20-21 мамырында Тараз қаласында көкпардан тұңғыш Орта Азия чемпионаты өткізілді.
2004 жылдың 15 мамырында Алматыда сегіз федерацияны біріктірген Ұлттық ат спорты түрлерінің Ассоциациясы құрылып, Сәдібек Түгел вице-президент болып сайланды.
Бұл айтылғандар – тек үлкен жетістіктердің хронологиясы ғана. Олардың артында, көрінбей қалған, бірақ ұлттық спорттың өркендеуіне зор үлес қосқан сансыз бастамалар мен қажырлы еңбектер жатыр.
Шыны керек, оның осындай ұйымдастырушылық және бастамашылдық еңбегі әлеуметтік санамызды өсіріп, рухани дүниемізді шыңдай түсті, өз болмысымызды тереңірек тануға жол ашты. Мұны азаматтық ерлікке, адамдық жауапкершілікке балауға толық негіз бар.
Сәдібек ағаның қабілет-қасиетін сөз еткенде, оның баспасөз саласындағы ұйымдастырушылық және рухани-мәдени істердегі іскерлігін айтпай кету мүмкін емес.
1998 жылы ол Астананың тұңғыш баспасөз хатшысы болып тағайындалып, елорданың ақпараттық кеңістігін қалыптастыруға белсене кірісті. Ол халықаралық баспасөз орталығын ашып, жүйелі брифингтер мен кездесулер ұйымдастыру арқылы жаңа дәуірдің ақпараттық мәдениетіне жол ашты. Бұл қадам қала тарихында маңызды бетбұрысқа айналып, елордалық БАҚ жүйесінің іргетасын қалауға үлкен үлес қосты.
Сонымен қатар қарымды қаламгер ретінде қаланың рухани келбетін қалыптастыруға зор үлес қосып, Астанаға арналған оннан астам кітапты баспаға берді. «Астана хикаялары», «Көк күмбезді Астана», «Астана – жерұйығы елімнің», «Алғашқы астаналықтар» еңбегі арқылы қаланың мәдени және тарихи бейнесін дәріптеді. Әр кітапта қала тарихының қалыптасуы, тұрғындарының ерлікті іс-әрекеттері мен рухани ізденістері көркем тілмен суреттеліп, оқырманға Астананың ерекше бейнесін сездіруге мүмкіндік береді.
Сәдібек Түгел Марат Нәбиевпен бірлесіп «Ұлы Дала қырандары» республикалық қоғамдық қозғалысын құрып, ұлттық рухты көтеруге, адамгершілік пен мәдени құндылықтарды дәріптеуге ерекше күш салды. Ұйым «Ұлы дала – ұлттық рух!», «Ауыл – алтын бесігіміз», «Туған табиғатты аялайық» сияқты ауқымды акцияларды жүзеге асырып, қоғамды отансүйгіштікке, табиғатты қорғауға және ұлттық мұраны бағалауға үндеді.
Рухани майданда алға шығу үшін талантпен қатар терең білік те, асыл кісілік те қажет. Сәдібек Түгелдің өнері оның кісілігімен, кісілігі азаматтық болмысымен ұштасып жатыр. Сол себепті ол әр ісінде дараланып, үлгі көрсетіп келеді. Қысқасы, ұлттық мұра мен рухани құндылықтарды сақтап, дамыту жолында елге адал қызмет етудің жарқын өнегесі...
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ