Абай облысында азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне қарсы бақылау күшейтілді

Бүгін, 12:31 / Інжу Әлихан
Сауда және интеграция министрлігі

Абай облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының негізсіз қымбаттауын анықтау бағытында мониторинг  жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мониторинг топтары кәсіпкерлердің бағаны заң талаптарына қайшы түрде көтеру жағдайларын тіркеуде, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кезекті тексерістер барысында сауда үстемесінің белгіленген нормадан асып кеткені бірнеше рет анықталды. Семей қаласында жеке кәсіпкер «Барские» тұзын 108 теңгеден сатып алып, 150 теңгеден сатқан. Бұл сауда үстемесінің 39 пайызға жетуіне себеп болды және белгіленген 15 пайыздық шекті екі еседен астам асырды.

Әлеуметтік павильондардың бірінде де заңбұзушылық тіркелді. Қарақұмық жармасы 175 теңгеден, «Ақмаржан» күріші 350 теңгеден сатып алынғанымен, сату бағасы тиісінше 220 және 440 теңге болған. Сауда үстемесі 25,8 пайызды құрап, талаптардың тікелей бұзылуына әкелді. Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпкерлерге айыппұл салынды.

Курчатов қаласында Департамент мамандары заңбұзушылықтың қайталанғанын  анықтады. Кәсіпкер «Баракат» күрішін 480 теңгеден алып, 580 теңгеден сату арқылы 20,9 пайыздық үстеме қолданған. Нәтижесінде оған 19 660 теңге көлемінде айыппұл тағайындалды.

Департамент сатушылардың дүкен сөрелерінде нақты және дұрыс баға белгілерінің болуын қамтамасыз етуге міндетті екенін ескертеді. Бағасы көрсетілмеген, қате көрсетілген немесе теңгемен белгіленбеген тауарлар бойынша да әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Жыл басынан бері осы талаптардың бұзылуына байланысты 17 әкімшілік қаулы шығарылып, жалпы сомасы 480 мың теңге айыппұл салынды.

Мониторинг жұмысы тек сауда нысандарымен шектелмейді. Мемлекеттік кірістер департаментімен  бірлесіп, электронды шот-фактураларға талдау жүргізілуде. Бұл механизм әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қозғалысын бақылауға, артық делдалдық буындарды анықтауға және негізсіз қымбаттауға жол бермеуге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңның 9-бабына сәйкес, мұндай тауарларға сауда үстемесі 15 пайыздан аспауға тиіс. Бұл талапты бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 204-4-бабы бойынша  шағын кәсіпкерлік субъектілерге 5 АЕК, орта бизнеске 35 АЕК, ірі кәсіпкерге 150 АЕК айыппұл салынады. Бір жыл ішінде талапты қайта бұзған жағдайда айыппұл сомасы екі есеге артады.

Жыл басынан бері Абай облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті сауда үстемесін 15 пайыздан артық қолданғаны үшін жалпы сомасы 856 мың теңгені құрайтын 119 әкімшілік қаулы қабылдады. Тұрғындарды қолжетімді тауарлармен қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау мақсатында бақылау шаралары алдағы уақытта да жалғасады.