Бүгін Астана қаласындағы Назарбаев университетінде «Отандастар қоры» КЕАҚ ұйымдастыруымен «Отандас ғалымдар форумы» өтеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Форумға шетелден 40-тан астам, сондай-ақ Қазақстаннан 100-ге жуық ғалым мен сарапшы қатысады.
Бұл форум – «Отандастар қоры» қолға алған төртінші халықаралық бастама. Бұған дейін 2019 және 2023 жылдары шетелдегі қазақ диаспорасын біріктірген «Отандастар форумдары», 2024 жылы өзара іскерлік байланыстарды нығайтқан «Кәсіпкерлер форумы» табысты өткен болатын. Биылғы форум шетелде ғылым мен инновация саласында табысты еңбек етіп жүрген отандас ғалымдарды бір алаңға жинап, олардың тәжірибесін елдің ғылыми-инновациялық дамуына және стратегиялық мақсаттарына бағыттамақ.
Форумның басты мақсаты – шетелде еңбек етіп жүрген отандас ғалымдардың тәжірибесін елдің ғылыми-инновациялық дамуына тарту және Қазақстанның зияткерлік әлеуетін халықаралық деңгейде таныту. Сонымен қатар форум шетелдегі интеллектуалды диаспорамен тұрақты байланыс орнатып, оларды елдің ғылыми экожүйесіне жұмылдыруды, ғылым мен өндіріс арасындағы интеграцияны күшейтуді, жас ғалымдармен сабақтастық орнатуды және Қазақстанды ғылым мен инновацияға ашық, халықаралық серіктестікке бейім мемлекет ретінде танытуды көздейді.
Форумның ерекшелігі сол – мұнда шетел мен елдегі ғалымдар арасында бірегей пікір алмасу алаңы құрылады. Сонымен қатар диаспора ғалымдарының ғылыми тәжірибелері мен инновациялық жобалары таныстырылады. Одан бөлек, форум аясында ғылыми коллаборациялар мен бірлескен зерттеу жобаларының негізі қаланады әрі инновация және технология әлеуетін ел игілігіне бағыттау жолдары талқыланады.
Форум аясында пленарлық сессиялар және «Ұлы дала» халықаралық кітап шығару байқауының тұсаукесері өтеді.
Құрмет ҚАУКЕН, Азия–Тынық мұхиті өңіріндегі Халықаралық бакалавриат (IB) мектептері бойынша кеңесші және бағдарлама жетекшісі, профессор (Индонезия):
Форумға шақыру алғанда ерекше тебірендім
– «Отандас ғалымдар форумына» шақырту алғанда айрықша қуандым. Ұзақ жыл қатарынан дүние жүзі бойынша оқу-ағарту ісіне үлес қосып келемін. Әсіресе, Шығыс-Оңтүстік Азия, Шығыс Азия, соның ішінде Индонезия, Малайзия, Таиланд, содан кейін Аустралия, одан соң Оңтүстік Корея, Жапония секілді мемлекеттерде білім беру жүйесіне қатысты көп кеңес бердім. Жаңа халықаралық бакалавриат мектебін құру, ұстаздарға педагогикалық бағыт-бағдар көрсету, кітап талдау, мұғалім тәрбиелеу жағынан көп үлес қостым десем артық айтпаймын. Десе де, өз ұлтыңа жақындау, өз тарихи Отаныңның дамуына үлес қосу – ең маңыздысы.
Форумда «Жасанды интеллект және мақсатты технологиялық ықпалдастыру: адами капиталды қалыптастыру мен ұлттық инновацияға жүйелік көзқарас» тақырыбында баяндама оқимын. Қарапайым тілмен айтсам, «жасанды интеллект пен технология құралдарын қалай қолдануға болады? ЖИ мен педагогиканы қалай біріктіруге болады?» секілді сұрақтарға жауап беремін. Егер біз ЖИ-ді мақсатсыз қолданатын болсақ, білім жүйесі сәтсіздікке ұшырайды. Сондықтан ең алдымен мұның мақсатын білуіміз керек, сосын процесін түсініп, қандай жоба істеуге болатынын болжауымыз ерек. Көп мектеп пен университет бірден жоба әзірлеуге көшіп, бас қатырады. Ең соңында, барлық ісі құрдымға кетіп, сәтсіздікке ұшырайды. Сондықтан ең алдымен мұның мақсат-мәнін түсініп алған абзал.
Кейінгі 4 жылдан бері Қазақстандағы робот жасау ісінің нәтижелері қуантарлықтай. Төрт жыл қатарынан халықаралық сайыстарда алдына жан салмай келеді. Алайда бір ғана командаға қарап, тамсанбай, мұны сөзсіз барлық мектепке енгізу керек. ЖИ технологияны мақсатты түрде білім жоспарына енгізу қажет. Мұнымен барлық оқушы айналысқаны абзал.
Бүгінде екі балам да студент. Қызым Ботагөз Нью-Йорк университетінде компьютер ғылымдары мен қаржы факультетінде білім алып жүр. Ал ұлым Айдын Гарвард университтетінде қаржы және экономика факультетінде оқып жатыр. Үйде бұрынғыдай бағатын бала жоқ. Бос уақытым жетерлік. Сондықтан ол уақытты Қазақстанның білім, оқу-ағарту ісіне, әсіресе мұнда ЖИ мен роботтардың интеграциялау ісіне арнағым келеді. Көп ұйым не істейтінін біледі, бірақ неге істейтінін әлі байыбына жете түсінбейді. Менің мақсатым – тарихи Отандағы креатив, сыни ойлайтын оқушыларға, студенттерге көмектесу. Әрі елде енді назар аударыла бастаған ЖИ мен технологияны дамыту ісіне үлес қоссам деймін.
Гүлмира ҒАНИ, Бейжің қаласындағы Солтүстік Қытай электр қуаты университетінің оқытушысы, профессор (Қытай):
– Мен елден шақырту алғанда қатты қуандым. Осылай, ара-тұра елге келіп, оқу-ағарту ісін ілгерілетуге тырысамын. Бұған дейін Қытай атынан басқа елдерде, Ұлыбритания, Италияда халықаралық ғылыми конференцияларға талай рет қатысқанмын. Қытайда да шетелдің мықты ғалымдарын жинап, көп конференция өткіземіз. Десе де, Қазақстанның жөні бөлек. Елге бұған дейін бірнеше рет келгенмін. Алайда мұндай үлкен форумға бірінші рет шақырту алып тұрмын.
Мен бұл форумда «Энергияны жасыл және төмен көміртекті түрлендіруді жеделдету, нөлдік көміртекті жаһандық болашағын бірлесіп құру» тақырыбында баяндама оқымақпын. Өз сөзімде Қытайдың энергия саласына қатысты жағдайын айтамын, сонымен қатар Қазақстанның жаңа энергиясы туралы зерттеуімді ортаға саламын. Одан бөлек, кейінгі ықпалдастық туралы да сөз қозғаймын. Елде бірлескен жобаларға атсалысуға шақырса, қуана-қуана қабылдар едім. Тағы да келемін деп ойлаймын. Осындағы мамандармен бірге Қазақстан-Қытай Күн энергиясын дамыту ісін бірге талқыламақпыз.