Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасында қырғыздың талантты ақыны, жас буынның көрнекті өкілі Мелис Мамытжанұлымен әсерлі шығармашылық кездесу өтті.
Шараның ресми ашылуында журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбайұлы сөз сөйлеп, жиналғандарды ыстық ықыласпен құттықтады. Ол университет ректоры Жансейіт Қансейітұлының жылы лебізін жеткізіп, Қазақстан мен Қырғызстанның рухани байланысын тереңдетудің маңызын атап өтті. «Екі елдің әдебиетін, азаматтарын таныстыру – халықтар достығын нығайтуға қосқан үлес», – деді декан.
Кездесу барысында Қанат Әуесбайұлы қырғыз ақынының өмірбаянына тоқталып өтті. Мелис Маматжанұлы 1991 жылы 14 желтоқсанда Ош облысы, Қара-Суу ауданының Жаңы-Арық ауылында дүниеге келген. 2015 жылы Ош гуманитарлық-педагогикалық институтын тәмамдаған. Ақынның «Апакемдик алмасы», «Дарексиз дүйнө» атты жыр жинақтары жарық көріп, қырғыз әдебиетінде серпін тудырған жас қаламгер ретінде танылған.
Қазіргі таңда Ош мемлекеттік университеті ректоры кеңсесінің жетекшісі қызметін атқарады.
Шара барысында ҚазҰУ студенттері қырғыз ақынының өлеңдерін жатқа оқып, қонаққа ерекше құрмет көрсетті. «Жұлдызды жиек», «Қара шәйнек» секілді өлеңдерін студент қыздар тебіреніспен жеткізіп, залда жылы атмосфера орнады.
Мелис Мамытжанұлы өзі де туған ауылы, апасының алмасы жайлы бала күнгі естеліктерімен бөлісіп, осы сезімнен туған өлеңдерін оқып берді.
Кездесуде кітаптың лентасын әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдеке мен Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасынын меңгерушісі, профессор Айгүл Әмірғалиқызы салтанатты түрде кесті.
Әмірхан Меңдеке сөзінде: «Түйеде екі өркеш бар, оның бірі – қазақ, бірі – қырғыз» деп бастап, екі елдің туыстығын, рухани жақындығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ Мелис Мамытжанұлы шығармаларының қазақ тіліне өте сәтті аударылғанын айтты.
Шараға қатысқан «Манасшы», жыршы Нұрсұлтан Абдикаримов Манас жырын бірнеше сағаттап жырлай алатынын жеткізіп, жиынды рухтандырды. Ол сондай-ақ марқұм әнші Ажар Түзелбекқызы орындайтын Исраил Сапарбаевтың «Сағындым сені» әнін шырқап, залды бір серпілтті.
Қазақтың белгілі ақыны, «Құрмет» орденінің иегері Алмат Исәділ де жылы тілегін білдіріп, жас ақынның шығармашылығына сәттілік тіледі.
Іс-шараның соңында қазақ пен қырғыз халқына тән достық белгісі ретінде Мелис Мамытжанұлына шапан жабылды, ал ақын өз кезегінде журналистика деканы Қанат Әуесбайұлына қырғыздың дәстүрлі айыр қалпағын сыйға тартты. Кездесу естелік суреттерге түсумен аяқталды.
Дариға ДОСАН