Алматы облысы, Қарасай ауданының «SDU University» алаңында өткен «Чемпиондық Рух» жобасы – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттаудың үлгісі болып, есірткіге қарсы күрес пен денсаулықты сақтау мәселесін алдыңғы қатарға қойды.
Іс-шара барысында 200-ге жуық жас спортқа деген қызығушылығын арттырып, өз денсаулығына жауапкершілікпен қараудың маңызын түсінді.
Басты мақсат – жастардың бойында отансүйгіштік пен ерік-жігерді қалыптастыру, сондай-ақ салауатты өмір салты арқылы есірткіге қарсы иммунитетті күшейту.
«Чемпиондық рух – бұл тек жоба ғана емес, бұқаралық спортты насихаттауды көздейтін бастама. Егер халқымыз, әсіресе жастарымыз бен ересектеріміз, таңғы жаттығуларды күнделікті әдетке айналдырса, онда біз дені сау ұлт, мықты қоғам, және берік мемлекет құра алатын боламыз. Денсаулық – адам баласының ең үлкен байлығы, ал дені сау халық – кез келген мемлекеттің ең қуатты күшіне айналады. Чемпиондық рух – осы құндылықты насихаттап, елдің әрбір тұрғынының бойында мықты денсаулық пен рухты қалыптастыруды мақсат тұтады. Бұл бастама әрбір өңірде жалағасып, еліміздің барлық аумағына таралып, ұлттық дәстүрге айналады деп сенемін», – деді «Чемпиондық рух» жобасының амбассадоры Нұрсұлтан Орынбасаров.
«Әрбір қатысушының бойында чемпиондық рухты қалыптастырып, оларды есірткіге қарсы тұруға, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Осы құндылықтарды алға тарта отырып, жастарға есірткісіз болашақтың, дені сау ұлттың қалыптасуына үлес қосуға мүмкіндік береді», – дейді Алматы облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ардақ Қайсаров.
Сондай-ақ, шара барысында БАӘ Абу-Даби қаласында Джиу-джитсудан өткен Әлем чемпионатында жүлделі орын алып келген Алматы облысы, Сағадат Батыр спорт клубының спортшыларын Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев атынан алғыс хатпен марапаттады. Олардың қатарында джиу-джитсудан жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы Лашын Нұрмағанбет, джиу-джитсудан балалар арасында Әлем чемпионатының чемпионы Николоз Саруа, джиу-джитсудан балалар арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Айлин Искакова, джиу-джитсудан балалар арасында Әлем чемпионатының қола жүлдегері Радмир Николаенко бар.
Жастармен өткен іс-шараға Қарасай ауданы Полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Нұсқабек Зауланбаев, Алматы облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Ардақ Қайсаров, самбо және дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айсара Керімбекова, ауыр атлетикадан тұңғыш әлем чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Жасұлан Қыдырбаев, қоғам белсендісі, танымал блогер Алпамыс Жарылқасынов, джиу-джитсудан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы Райхан Абдулаева, «Чемпиондық рух» жобасының амбассадоры, Алматы облыстық мәслихат депутаты Нұрсұлтан Орынбасаров, SDU университетінің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мұхаммедали Ибрагимов және өзге де танымал спортшылар мен бапкерлер, белсенді жастар қатысты.
Айта кетеміз, бұл бастама «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатымен бірге жүзеге асырылып отыр. Жоба жастардың өз әлеуетін спорт арқылы ашуына, салауатты өмір салтына бет бұруына нақты серпін беруде.