Өскеменде ауа сапасын жақсарту үшін бірқатар іс-шара әзірленді – ШҚО әкімі

Бүгін, 12:43 / Інжу Әлихан

ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл мәселе тұрақты бақылауда екенін атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

3 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшыларымен меморандумдарға қол қойылды, оған сәйкес Экология департаментінің мамандары кез келген уақытта кәсіпорын аумағына кіріп, өлшеулер жүргізе алады. Қажет болған жағдайда өнеркәсіптік кәсіпорындар өндірісті төмендетеді.  

«Сонымен қатар, қазіргі уақытта 25 стационарлық бекет орнатылып жатыр, оның көмегімен шығарындылардың көзін анықтай аламыз. Осы субъектілермен жұмыс жүргіземіз», - деді әкім.

Бұдан басқа, ластанудың жалпы көлемінің шамамен 10%-ын құрайтын жеке секторды орталық жылумен қамтамасыз ету жоспарда бар. Электромобильдер мен экологиялық көлікті дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр, өйткені шығарындылардың ең көп көлемі көліктерге тиесілі – 58-59%.