Қарағандыда жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген жүргізуші ұсталды

Бүгін, 10:29 / Алуа Арман
polisia.kz

Қарағанды облысында полицейлер жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан, көлік жүргізіп қана қоймай, оған жалған мемлекеттік нөмір таққан Семей қаласының тұрғынын ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 19 қараша күні таңғы сағат 6 шамасында Жезқазған — Қарағанды тасжолында тіркелген.

Таңғы рейд барысында полиция қызметкерлері A8 көлігін тоқтатып, тексеру кезінде оның 555 WWW мемлекеттік нөмірінің басқа көлікке тіркелгені анықталған. Осылайша жүргізушінің көлігіне жалған нөмір орнатқаны белгілі болды. Бұған қоса, ер адамның бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылғаны белгілі болған.

— Автокөлік иесі жалған мемлекеттік нөмір тағып қана қоймай, жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан рөлге отырған. Оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің тиісті баптары бойынша хаттама толтырылды. Абай аудандық сотының шешімімен ер адам жауапқа тартылды. Сондай-ақ жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарғаны үшін қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды, — деді патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұханов.

Айта кетейік, биыл жыл басынан бері өңірдің республикалық маңызы бар жолдарында жалған мемлекеттік нөмір таққан 73 жүргізуші және жүргізу құқығынан айырылған 53 азамат анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Тэгтер:

мемлекеттік нөмір жалған нөмір