Ертең еліміздің басым бөлігінде жел күшейіп, кей өңірде бұрқасын болады

19 қараша, 2025 / Өтей Торғайұлы

Синоптиктер 20 қарашаға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қарағанды облысының солтүстік және шығыс бөліктерінде түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі ықтимал.

Ұлытау өңірінің батыс, солтүстік және орталық аудандарында да түнде және таңертең тұман күтіледі.

Солтүстік Қазақстан облысының батыс бөлігінде тәуліктің кез келген уақытында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын болып, көктайғақ пен жаяу бұрқасын байқалады. Сонымен қатар, батыс, солтүстік және шығыс аудандарда тұман болады. Жел оңтүстік-батыстан соғып, түнде және күндіз 15-20 м/с жылдамдықпен соғуы мүмкін. Петропавл қаласында күндіз жауын-шашын, көктайғақ, тұман және бұрқасын күтіледі.

Ақмола облысының түрлі аймақтарында – батыс, солтүстік және шығысында – тұман түседі. Осы аумақтарда жел оңтүстік-батыстан соғып, екпіні 15-20 м/с-ке жетеді. Көкшетауда тұман күтіліп, жел сол бағытта күшейеді.

Қызылорда облысында солтүстік, оңтүстік және орталық аймақтарда тұман болуы ықтимал.

Ақтөбе облысының солтүстік және шығыс бөліктерінде де түнде және таңертең тұман болжанады. Жел оңтүстік пен оңтүстік-батыстан соғып, солтүстікте 15-18 м/с жылдамдыққа жетуі мүмкін.

Атырау облысында түнде және таңғы уақытта солтүстік пен батыста тұман болуы мүмкін.

Қостанай облысының батысы мен солтүстігінде тәулік бойы жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ пен жаяу бұрқасын орын алады. Облыстың батысы, солтүстігі мен шығысында тұман күтіледі. Желдің бағыты оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып, 15-20 м/с жылдамдықпен соғуы мүмкін. Қостанай қаласында да осы сипаттағы ауа райы байқалады.

Батыс Қазақстан облысында тұман батыс, солтүстік және шығыс бөліктерінде күтіледі. Желдің бағыты оңтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа ауысып, екпіні 15-20 м/с шамасында болады. Орал қаласында да осындай жағдайлар күтіледі.

Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде түнде және таңертең тұман болжанады.

Абай облысында солтүстік және орталық аудандарда шығыстан және оңтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с жетуі ықтимал.

Павлодар облысында оңтүстік пен шығыста тұман болуы мүмкін. Күндіз батыс және оңтүстік бөліктерде оңтүстік-батыстан соғатын жел күшейеді.

Жамбыл облысының оңтүстігі мен таулы аймақтарында 20-21 қараша күндері тұман түсуі ықтимал. Жел бағыты оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып, таулы аудандарда екпіні 15-20 м/с болады. Таразда да осы күндері тұман күтіледі.

Түркістан облысының солтүстік және таулы аймақтарында тұман болжанып отыр.

Жетісу облысында 20 қарашада оңтүстік-шығыстан соғатын жел Алакөл маңында 15-20 м/с жылдамдықпен соғады.

Тэгтер:

ауа райы жел