Кәсіп болмай, нәсіп болмас. Тырмысып тіршілік етіп, табан ақы, маңдай терімен тіршілік ұршығын айналдырып жүрген нағыз еңбек адамы осы сөздердің мағынасына терең бойлай алары анық. Еңбегінен өз зейнетін тауып қана қоймай, басқаларға да береке бұйыртқан жандар жетерлік. 2024 жылғы үздік кәсіпкер номинациясының жеңімпазы, тұңғыш отандық ТNS shop маркетплейсінің акционері, «VTV» бренд косметикалар желісінің орта Азиядағы ресми дистрибьюторы Анар Мурауатқызы – сондай жандардың бірі.
– Анар Мурауатқызы, қазір елімізде еңбек адамын құрметтеу, жалпы еңбекті бағалау, мәртебесін көтеру мақсатында түрлі бастама қолға алынып жатыр. Кәсібін дөңгелетіп, көп адамға жұмыс беріп жүрген жан ретінде осы бағыттағы жұмыстар туралы пікіріңізді білсек...
– Президентіміздің бұл бастамасы дер кезінде қолға алынған бастама дер едім. Қарапайым халықтың, қарабайыр жұмысшының еңбегін бағалап, елеп-ескеріп жатқанын қолдаймын. Көше сыпыратындар болсын, механизаторлар болсын, етікшілер болсын, қай еңбек адамы болмасын, қоғамның дамуына үлесін қосып жүр. Президентіміз қажет кезде өзекті мәселені көтеріп, қоғам назарына аударды. Мемлекет басшысының еңбек адамын қолдау бастамасы бізді де «оятып» жатыр. Маңайымда жүрген құрбыларым, кәсіптестерім өзінің қарапайым жұмысшыларына пәтер сыйлауды үлгі қылып, үрдіс бастап берген еді. Мен де сол үрдісті жалғап, игі іске үлесімді қосып, қызметкеріме баспана сыйладым. Шынын айту керек, бұрын мұндайды ойламаған да екенбіз.
– Демек жұмысшы мамандықтар жылы жай ғана науқан емес, талай адамға, түрлі ұйымға, соның ішіндегі бизнесін жүргізіп жүрген адамдарға жақсы ой салған бастама болып тұр ғой?
– Дәл солай, бұрын кәсіпкерлер өзін ғана ойлайтын дегенді көп еститінбіз. Дегенмен нағыз еңбек қарапайым жұмысшылардікі екенін айта кету керек. Адал еңбегімен жұмыс істеп жүрген адамды қуанту сезімі мүлде бөлек, басқаша болады екен.
– Бүгінгі жас ұрпақты еңбексүйгіштікке қалай тәрбиелеген дұрыс, сіздіңше? Баланы жастайынан еңбекке қалай баулыған жөн?
– Тәрбиені тал бесіктен, отбасынан бастау керек деп ойлаймын. Біз көбіне бала-шағамызды аяп тұрамыз ғой, артық жұмсағымыз келмейді. Бір жерге бару керек болса, «Өз балам шаршап тұр» деп сылтауратып, біреудің баласын жұмсағымыз келіп тұрады. Бұл, – әлбетте қате. Мысалы, бізді әке-шешеміз қалай тәрбиеледі? Біз Қытайда туып өстік. Кішкентай кезімізде сабақтан келгеннен кейін бірден үй жұмысына араласамыз. Кішкентай күнімізден анамыз бен әкемізге қолғабыс болдық. Ерте жастан осылай еңбекке араласқан біз еңбекқор болып өстік. Өзің отбасылы, үйлі-баранды болғаннан кейін көп нәрсені байыбына барып түсінесің ғой. Сондықтан баланы әкесі мен анасы ерте жастан еңбекке үйретуі керек деп ойлаймын. Үлкендер «Балаңды аясаң, аяма» дейді. Бала кезден сол тағылымды баланың бойына сіңіру керек. Үйдің үлкені қандай жұмыспен айналысса да, балаларды қасына ерте жүріп, барлығын көрсету керек. Ол бала ата-анасының оңайшылықпен мал таппайтынын, үйге ақшаның оңайшылықпен келмейтінін түсінуге тиіс. Сонда бала әке-шешесінің, ақшаның қадірін түсінеді деп ойлаймын.
– Еңбекқорлықты ата-анамыздан үйрендік, тәрбие тал бесіктен деп жатырсыз. Бүгінде көп ата-ана жауапкершіліктен жалтарып, тәрбиені мұғалімдер беру керек деп, барлығын оларға ысырып қояды ғой. Бұған не айтар едіңіз?
– Баланың тәрбиесі отбасынан бастау алады. Бірінші мұғалімі де – сол ата-анасы. Ата-анасы қалай тәрбие береді, жас өскін солай қарай өседі. Мектеп дегеніміз – баланың екінші үйі. Баланың тәрбиесі ата-ананың өз қолында. Балаңызды жалқау етіп тәрбиелейсіз бе, жоқ әлде еңбекқор болуды үйретесіз бе, бәрі – ата-ананың құзырында.
– Қытайда туып-өскен қандас ретінде, ондағы бала тәрбиесінде не нәрсеге көп көңіл бөлетінін айта аласыз ба?
– Қытайда баланы кішкентайынан шектен тыс еркелету жоқ. Қытай халқының еңбекқор екенін бүкіл әлем біледі. Бала күнімде есімде қалғаны – ата-анам «Балам, сағат бес болды, тұра ғой. Бәлембайдың баласы ерте тұрып, әке-шешесіне көмектесіп жатыр, сен де тұр да көмектес» деп айтатын. Соған қарап мен де «Әке, не істеуім керек?», «Ана, сізге көмектесейін» деп алып-ұшып, үнемі ата-анамызды айналшақтап, қасынан шықпайтынбыз.
– Қазіргі жастар ауқатты болудың бірден-бір жолы – кәсіп жүргізу деп есептейді. Осы ретте табысты кәсіпкер ретінде жастарға қандай кеңес берер едіңіз? Қателеспес үшін істі неден бастау керек?
– Қазір жас балалар тез байығысы келіп, түрлі амалға барады. Кейбірі құмар ойынның соңына түседі. Президентіміздің «Бес кесел» деген мәселені көтеріп жүргенін білесіз ғой. Оның ішінде жаңағы құмар ойын мәселесі бар. Сол ойынға көп жас алданып қалып жатыр. Бар мақсаты – оңай жолмен ақша табу. Қазіргі жастарға айтатыным, әке-шешесінің жағдайы жақсы болса да, бірінші басқышты басу керек. Бірінші басқыш дегеніміз, ол – мамандану, бір жұмысты игеру. Біреудің қол астында жұмыс істеп, көп нәрсені үйренгеннің берері мол. Сосын тәжірибе жинақтап, өз ісінің шебері болған соң, кейін өз ісін ашуға мүмкіндігі туады. Өз басым солай көтерілдім.
– Тәжірбие болмаса, адам адасуға бейім тұрады дейсіз ғой?
– Тәжірбиесі жоқ адам, бірден несие алады. Не болмаса әке-шешесінен ақша сұрап, соны кәсіпке салады. Тәжірбие болмағандықтан, жұмысын жөнді жүргізе алмайды. Сөйтіп, ақырында ақша күйіп кетеді. Ең соңында түксіз қалады. Бұл – ауыр соққы. Бұдан соң кәсіп жүргізуге беттей алмай қалады.
– Қыз баланың өз ісімен айналысуын жолдасы, отбасы, ортасы қолдамай жатады. Сіз мұндай мәселемен бетпе-бет келдіңіз бе? Әлде, жан-жағыңыздан қолдау таптыңыз ба?
– Ер-азаматтар үйленгеннен кейін әйелін қолдауы керек деп есептеймін. Қазір бұрынғы заман емес. Өз тәжірибемнен айтайын, мені жолдасым бүгінге дейін мені: «Сен – екі балаға анасың, сенің көзің ашық болуы керек. Сенің дамуың, ілгерілеуің керек» деп қолдап, қолпаштап отырады. Әрине, мен үйде отанасымын, әйелмін. Мен ол кісінің алдында қалай иілуді, балаларымның алдындағы парызымды қалай өтеуді білемін. Десе де, сыртта жүргенімде, ол мені қатты қолдайды. Оның қолдауының арқасында осы күнге жеттім. Не дегенмен ер адам ғой. «Енді сен дамыған сайын, балалар да білімді бола түседі, олардың да көзі ашылады, сен көп көруің керексің» дейді. Ерлі-зайыпты бірлікте жұмыс істеген кезде ғана табысқа жетеді. Кикілжің шықпайды, отбасы берекелі болады. Бізде сіз айтқандай мәселе жоқ. Жалпы, ер адам да, әйел адам да алға ұмтылып, үнемі дамып отыруы керек деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан Балнұр Аманбек