Үкімет «Бәйтерек» холодингіне 1 трлн теңге жұмсайды

Бүгін, 19:49 / Дана Ізтілеуова
«Бәйтерек» холдингі экономиканың жаңа өсу бағыттарының бастамашысы болады. Үкімет экономиканың 20 негізгі жобасын қаржыландыру үшін «Бәйтерекке» 1 трлн теңге бөледі, деп хабарлайды turkystan.kz.
 
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Үкімет отырысында макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бағдарлама шеңберінде инвестициялық саясатты жүзеге асыруда даму институттарына маңызды мән берілетінін атап өтті.
 
«Даму институты ретінде «Бәйтерек» холдингі тек жобалардың операторы ғана емес, нарық сұраныстарын қалыптастыруға және бірлескен кәсіпорындар құруға қабілетті жаңа өсу бағыттарының бастамашысы болуға тиіс. Бұл өңдеуші сектордың дамуына қосымша серпін береді», деп атап өтті Олжас Бектенов.
 
Одан бөлек Kazakh Invest мемлекеттік органдар мен даму институттарының барлық жобаларға қолдау көрсету бағытындағы жұмысын тиімді үйлестіруді қамтамасыз етуі керек.
Үкімет экономиканың 20 негізгі жобасын қаржыландыру үшін «Бәйтерекке» 1 трлн теңге бағыттайды.
Нақты секторды кредиттеудің басты драйверлері банктер мен «Бәйтерек» холдингі болады. Ұлттық даму институтының трансформациясы және қаржыландырудың жаңа басымдықтары туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин хабарлады.
Оның айтуынша, экономикалық өсудің проактивті саясатын жүзеге асыру үшін «Бәйтерек» Холдингінің рөлі күшейтілетін болады. Холдингтің бөлу қызметінен стратегиялық инвестициялық қызметіне көшу жоспарлануда. Бүгінде ол еліміздің инвестициялық холдингіне айналды. Холдинг ұлттық экономика үшін барынша мультипликативтік әсерді қамтамасыз ететін 15-20 жүйе құраушы жобаны жүзеге асыруға шоғырланады.
Қаржыландыру үшін басымдық тау-металлургиялық кешеніне, машина жасауға, энергетикаға, инфрақұрылымға, туризмге, агроөнеркәсіптік кешенге, тамақ өнеркәсібіне, химия, мұнай-газ химиясына, агрохимияға, құрылыс материалдарын өндіруге беріледі.
 
«Ол үшін Үкімет республикалық бюджет параметрлеріне сәйкес 2026 жылы «Бәйтерек» акционерлік қоғамының 1 трлн теңгеге дейінгі бюджет қаражатын бөлуді жалғастырады. Одан әрі қаржыландыруда екінші деңгейдегі банктердің қаражатын тарту басымдыққа ие болады», деді Серік Жұманғарин.
 
 

Тэгтер:

Үкімет Бәйтерек холдингі