Жетісай ауданының Алғабас ауылындағы жеке үйде шыққан өрттің себебі тұрмыстық электр құрылғылар қосылған желілік фильтрдің ақауынан болуы мүмкін. Қорытынды шешімдер сараптама мен тергеу аяқталғаннан кейін шығарылады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Жасұлан Айнабековтың айтуынша, өрт туралы хабарлама таңертең ерте түскен. Оқиға орнына жедел түрде 8 қызметкер және екі техника жөнелтілген.
— Оқиға орнында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт-сынақ зертханасы жұмыс істеп жатыр. Алдын ала нұсқа бойынша, өрттің шығуына электр құрылғылар қосылған желілік фильтрдің ақауы себеп болған. Алайда өрт-сынақ зертханасының сараптамалық қорытындысы әлі дайын емес. Қазір өрт фактісі бойынша тексеру шаралары жүргізілуде. Өрттің нақты себебі анықталған соң қосымша ақпарат беріледі, — деді Жасұлан Айнабеков Jibek Joly телеарнасының эфирінде.
Бұған дейін вице-премьер, трагедияны тергеп жатқан үкіметтік комиссияның төрағасы Қанат Бозымбаев өрттен қылмыстық құрам анықталмағанын мәлімдеген. Тергеу «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша жүріп жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, аман қалған үш адам — қыз бала, әйел және ер адам — ауыр жағдайда. Қыз бала мен әйел өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, ер адам өздігінен дем алып жатыр. Барлығына да 11–12%-дан 30%-ға дейін дене бетінің термиялық зақымдануы және күйік шогы диагнозы қойылған.
Зардап шеккендерді Шымкентке немесе Астанадағы республикалық орталыққа тасымалдау мүмкіндігі қарастырылып жатыр.