Астанада заңсыз ет сатқандар ұсталды

Бүгін, 15:12 / Алуа Арман
istockphoto.com

Астана полициясы "Әлем" базарында сапасы белгісіз ет өнімдерін өткізу арнасын тоқтатты, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Мал ұрлығы" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында уәкілетті органдардың рұқсатынсыз ветеринариялық ілеспе құжаттарды рәсімдеумен айналысқан 41 жастағы ер адамның заңсыз әрекеті анықталды.

Анықталғандай, ер адам сыйақы үшін ет өнімдеріне мөр басып, сатушыларға қажетті рұқсат құжаттарынсыз өнімді сатуға мүмкіндік берген. Оның қолданған мөрі тәркіленді.

Жалған құжаттарды, мөрлер мен штамптарды жасап, таратқаны үшін қылмыстық іс қозғалды.

Сонымен қатар нарық әкімшілігіне мұндай заңбұзушылықтарға жол бермеу мақсатында шаралар қабылдау жөнінде полиция тарапынан ұйғарым енгізілді. Қазіргі уақытта тексеру жүргізілуде.

Полиция ет өнімдерін сатып алу кезінде ветеринариялық құжаттардың дұрыстығын мұқият тексерудің маңыздылығын еске салады. Өнімнің заңды жеткізілуіне күмән туындаған жағдайда, дереу "102" нөміріне хабарлау қажет.

Тэгтер:

ет ет өнімдері ет базары