Павлодарда су мекемесі 21 млн теңге салық төлемеген

Бүгін, 14:04 / Алуа Арман
istockphoto.com

Павлодарда прокурорлар су шаруашылығы қызметін тұтынушылармен қызметкерлердің еңбек және мүліктік құқықтарын қалпына келтірді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ертіс ауданының прокуратурасы табиғи монополиялар саласындағы заңнаманың сақталуын тексеру барысында «Ертіс-ауызсу» ШЖҚ КМК қызметінде тарифтік саясат, азаматтардың еңбек құқықтары және салық заңнамасы бойынша елеулі бұзушылықтарды анықтады.

Кәсіпорын тарапынан денсаулық сақтау нысанына қатысты сумен жабдықтау қызметтеріне негізсіз жоғары тарифтер қолданылғаны анықталды. Екінші топтағы тұтынушыларға арналған тарифтің орнына ауруханаға бюджет ұйымдары үшін белгіленген тариф қолданылған, бұл табиғи монополиялар саласындағы тарифтерді қалыптастыру және баға белгілеу қағидаларының талаптарына қайшы келеді.

Тексеру нәтижесінде кәсіпорын басшысы әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Тарифтік саясат заң талаптарына сәйкестендірілді.

Бұдан бөлек, кәсіпорын 21 млн теңге көлеміндегі салық берешегін өтеді, сондай-ақ прокурорлық қадағалау актісі бойынша 31 қызметкерге 3,6 млн теңге мөлшерінде еңбекақы төленді.

Тэгтер:

Павлодар салық кәсіпорын айлық су мекемесі