БҚО-да тышқан безгегін бір айда 15 адам жұқтырған

Бүгін, 12:41 / Інжу Әлихан
КТК

Батыс Қазақстанда кең тараған тышқан безгегін бір айда 15 адам жұқтырып үлгерген, деп хабарлайды turkystan.kz сайты КТК арнасына сілтеме жасап.

Бүйрек синдромды геморрагиялық қызба деп аталатын дертті кәдімгі кеміргіштер тасымалдайды екен. Елімізде бұл вирус тек Батыс Қазақстан облысында кездеседі. Биыл ауру тіпті дендеп кеткен.

“Жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызды. 5-6 күн бойы жүрегім айнып, ештеңе жемедім. Дәрігерлер сүт берді. Қазір су іше бастадым. Жағдайым жақсарып келеді”, – дейді науқастардың бірі Сергей Плешанов.

Аталмыш індетті жұқтыру оңай. Адам кеміргіштердің нәжіс иісі таралған ауамен дем алса болды, ауырып қалады. Дерттің дендеуіне тышқандардың биыл тым көбейіп кеткені себеп болған. Тұрғындардың айтуынша, тек жер үйде емес, көпқабатты баспаналарда да кеміргіштер қаптап жүр. Жыл басынан бері тышқан безгегімен ауырған 24 науқас ауруханаға жатқызылған. Қараша айында оның саны тағы 15-ке өсті. Көп науқас ауруханаға тамақ іше алмайтын, тіпті жүре алмайтын күйде жеткізілді. Егер ауру асқынып кетсе, ем-дом бір айға дейін созылуы мүмкін. Індет әсіресе күзде тарайды. Ал мамандар аурудың алдын алу үшін тазалық сақтау керек дейді.

“Бүйрек синдромды қызба ауруының алдын алу мақсатында келесіні ұсынамыз: шөп, бидай өнімдерімен жұмыс істегенде кеміргіштер болуы мүмкін шаңды бөлмеде респиратор қолдану керек. Кеміргіштермен ластануы ықтимал өнімдерді қолданбау, сонымен қатар әкімдік тарапынан жергілікті атқарушы органдармен дератизация жүргізу керек”, – дейді БҚО санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.