Атыраулық дәрігерлер еңбекақының аздығын айтып, наразылық білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
№2 Атырау облыстық ауруханасында дәрігерлерден бөлек, санитарлар да базынасын айтты. Олардың сөзінше, ай сайын алатын еңбекақылары – 200 мың теңге. Алайда ол түкке жетпейді. Сондықтан басшылыққа жалақыны көтеруді талап етіп отыр. Соңғы кездері айлық дұрыс төленбеген көрінеді. Ақ халаттылардың айтуынша, азық-түлікті қарызға алатын күйге жеткен.
"Еңбекақымыз былтырғы жылмен салыстырғанда төмен. Кезекті еңбек демалысында 250 мың теңге төлейді. Бізде жұмысшылар, мысалы, ер адамдар 2-3 жұмысты қатар алып жүр. Жүргізушілік, сантехтиктің де жұмысын атқарады. Не жұмыс бар соның барлығын ер адамдар жасай береді", – деді Атырау облыстық инфекциялық аурухананың қызметкері Бақыт Құшланова.
Жалақыға жарымадық деген көпшілік еңбек демалысының ақысы да дұрыс төленбейтінін алға тартты.
"8-10 ауысым жасасақ та, 150 мың теңгеден аспайды. Сыйақы төленбейді, еңбек демалысына алатын ақша да аз", – деді жүргізуші Сансызбай Мақашев.
Көп ұзамай бас көтерген ақ халаттылардың базынасын тыңдау үшін салаға жауаптылар да төбе көрсетті. Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, маусымдық жағдайға байланысты тұрғындар арасында жұқпалы ауру көбейген. Салдарынан қызметкерлерге түсетін жүктеме артқан. Ал жалақы мәселесі бойынша арнайы комиссия құрылған.
"Ұжым қызметкерлері тарабынан туындаған сұрақтар бойынша еңбекақы келісімшарт пен заңнамаға сәйкес әр айдың онына дейін төленіп отыр. Еңбек демалысының төлену тәртібі бойынша комиссия құрылды. ДСБ деңгейінде сосын комиссия шешімі ұжым алдында ұсынады. Түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Төлену тәртібі қаралып жатыр", – деді Атырау облыстық Инфекциялық аурухана директорының міндетін атқарушы Нұрбек Үкібаев.
Алайда көпшілікті жауаптылардың "мәселені шешіп береміз" деген сөзі жұбата қойған жоқ. Өйткені бұған дейін де айтылған уәде орындалмаған көрінеді.