Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында жүкті әйелдерге заңсыз төлем төлеген бухгалтерге сот үкімі шықты, деп хабарлайды облыстық сот.
Оған аса iрi мөлшерде алаяқтық жасады деген айып тағылды.
"2023-2024 жылдар аралығында сотталушы бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу саласында білімі мен тәжірибесі бола отырып, әлеуметтік желілер арқылы "Декретке миллионмен" курсын оқыған. Сөйтіп жүкті әйелдерді декреттік демалысқа шығар алдында бірнеше жеке кәсіпкерлікке тіркеген. "Жалған еңбек қызметі" кезеңінде міндетті әлеуметтік, зейнетақы аударымдарын және медициналық сақтандыру жарналарын жүзеге асырған. Бұл арқылы мемлекетке 180 413 146 теңге залал келтірген", - дейді ведомство.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындаған. Сот үкімімен ол 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол 5 жыл бойы бухгалтерлік қызметпен айналыспайды.
Жазаны орындау балалары 14 жасқа толғанға дейін 5 жылға кейінге шегерілді.