Мәдени диалогтың жалғасы: «Астана Операда» эстон өнерпаздарының концерті өтті

18 қараша, 2025 / Дана Ізтілеуова
gov.kz

Әлемге әйгілі композиторлар Арво Пярттың 90 жылдығы мен Вельо Тормистың 95 жылдығына орай «Астана Опера» сахнасында эстон музыкасының кеші ұйымдастырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Концертте XX–XXI ғасырда өмір сүрген екі ұлы тұлғаның шығармалары орындалды. Музыкалық кеш Эстония Президенті Алар Каристің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында өтті.

«Бүгінгі кеште біз Эстония мен Қазақстан арасындағы достықты музыка арқылы атап өтеміз. Музыка – эстон мәдениеті мен болмысының ажырамас бөлігі. Мен және жұбайым Сирье, сондай-ақ бүкіл делегация ерекше ықыласқа бөлендік. Бұл біздің есімізде ұзақ сақталады. Әрбір әдемі естелік – алғыс айтуға себеп. Сондықтан Президент Тоқаевқа жылы қабылдағаны үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Бүкіл делегациямыздың атынан осы сапарды ұйымдастыруға атсалысқан барлық қазақстандық әріптестерімізге және үкімет өкілдеріне алғыс айтамын», – деді Алар Карис.

Сонымен қатар Эстония Президенті эстон компаниясы Арқалық қаласындағы мектепке пианино сыйға тартқанын атап өтті.

«Шамамен 670 шақырым қашықтықта, жақын арада Эстонияның екі ғасырға жуық өндірістік дәстүрімен жасалған аспаптың үні шырқалмақ. Осылайша, Эстония мен Қазақстан арасындағы достықтың әуені тек Астанада ғана емес, одан тыс жерлерде де тарайды», – деді Карис мырза.

Эстониядан келген қонақтар мен музыканттарды Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі қарсы алды.

«Бүгінгі кеш – екі түрлі мәдениет пен музыкалық дәстүрді біріктіріп отырған ерекше оқиға. Музыка үшін, жалпы өнер үшін, шекара жоқ. Ол жүректерді байланыстырады, ұлтына немесе шығу тегіне қарамастан, баршаға ортақ сезімдерді жеткізеді. Эстондық музыканттардың «Астана Опера» сахнасында өнер көрсетуі – өзара құрмет пен шабытқа негізделген мәдени диалогтың жалғасы деп білемін», – деді Аида Балаева.

Кеште көрермен Арво Пярт пен Вельо Тормистің туындыларын тыңдады. Оларды Vanalinna Hariduskolleegium ішекті аспаптар оркестрі мен Скандинавиядағы белгілі жас музыканттардың бірі, шебер скрипкашы Ханс Кристиан Аавик орындады.

Концерт дирижері Эстон музыка және театр академиясының түлегі, симфония, екі опера, кантаттар мен көптеген оркестрлік және камералық туындылардың авторы, композитор әрі дирижер Расмус Пуур болды.

Тэгтер:

Астана Опера Эстон музыкасы Эстон өнерпаздары