Түркістан облысы әкімінің орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Жетісай ауданы Алғабас ауылында болған өрттен аман қалған үш адамның біреуі есін жиғанын хабарлады, деп жазады turkystan.kz.
«Олардың бірі есін жиып, сана-сезімі орнына келді. Үшеуі де – бір отбасының мүшелері: ерлі-зайыптылар және олардың қыздары. Жағдайлары тұрақты, бірақ реанимацияда жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі аман қалғандар жатқан ауруханамен байланыста, қажет болған жағдайда оларды санитарлық авиация бортпен Астанаға жеткізуге дайын», – деді ол.
Жолдасов өрттің себебін айта алмайтынын, бұл ақпаратты тергеу аясында полиция жариялайтынын атап өтті.
Сонымен қатар ол әкімдік марқұмдарды жерлеуді ұйымдастыруда қаржылай көмек көрсетіп, қаза тапқандардың туыстарына психологиялық қолдау ұсынып жатқанын қосты.