«Тарихи сәт»: Қазақстан дзюдошылары Сурдлимпиялық ойындардың чемпиондары атанды

Бүгін, 14:37 / Дана Ізтілеуова

Токио қаласында өтіп жатқан XXV жазғы Сурдлимпиялық ойындарда Қазақстанның ұлттық сурдодзюдо құрамасының өнер көрсетуі тарихи нәтижемен аяқталды. Бүгін сурдодзюдошылар командалық жарыстарда татамиге шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ширек финалда Қазақстанның ерлер құрамасы жарыс қожайындары – Жапония құрамасымен кездесіп, тактикалық тұрғыдан сауатты және бұрылысы көп күресті көрсете отырып, 2:0 есебімен сенімді жеңіске жетті. Әйелдер құрамасы 1/4 финалда Алжир құрамасымен белдесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетіп, келесі кезеңге жолдама алды.

Жартылай финалдық белдесулер жеңісті серияның заңды жалғасы болды. Ерлер құрамасы жартылай финалда Иран құрамасымен кездесіп, тағы да 2:0 есебімен жеңіске жетті, қарсыластарға бастаманы өз қолына алуға мүмкіндік бермеді. Әйелдер командасы Корея құрамасына қарсы жартылай финалдық белдесуде 2:0 есебімен таза жеңіске жетіп, финалға нық қадам басты.

Алтын медаль үшін өткен шешуші кездесулерде Қазақстанның ерлер құрама командасы Франция құрамасымен татамиге шықты. Құрама қарсыластарға өздеріне ыңғайлы қарқын мен күрес стилін таңып, финалды сенімді түрде жеңіп, командалық есепте Сурдлимпиялық ойындардың чемпиондары атанды. Осылайша қазақстандық сурдодзюдошылар отандық дзюдо тарихына есімдерін алтын әріппен жазды.

Әйелдер командасы финалда Украина құрамасына қарсы күресті. Өте тартысты да шиеленісті өткен кездесуде қазақстандық спортшы қыздар қарсыластарына есе жіберіп, Сурдлимпиялық ойындардың күміс жүлдегерлері атанды. Финалда жеңіліске қарамастан, шешуші кезеңге дейін жету және командалық күміс медаль Қазақстандағы әйелдер сурдодзюдосы үшін маңызды жетістік әрі тарихи белес болды.

«Бүгін – тарихи сәт. Біз медальдық есепте жалпыкомандалық бірінші орынды иелене алдық, ал командалық жарыстарда да ең үздік команда ретінде танылдық. Қазіргі таңда ұлттық сурдодзюдо құрамасының қоржынында 5 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль бар. Мұндай нәтиже – бүкіл бапкерлік құрамның, ұлттық құрама командасының бас бапкері Сергей Дмитренко мен спортшылардың жеке жаттықтырушыларының үйлесімді еңбегінің айқын көрсеткіші», – дейді Ұлттық сурдлимпиялық комитетінің және Қазақстанның сурдодзюдо федерациясының бас хатшысы Айжан Чокина.

Айта кетейік, қазақстандық спортшылар Сурдлимпиадада бадминтон, үстел теннисі, жеңіл атлетика, жүзу, еркін күрес және грек-рим күресі бойынша өнер көрсетуді жалғастыруда.

Тэгтер:

Сурдлимпиялық ойындар Қазақстан дзюдошылары