Маңғыстаулық дәрігерлер науқастың өміріне қауіпті тромбты 13 минутта алып тастады

Бүгін, 14:29 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Маңғыстау облыстық көпбейінді аурухананың дәрігерлері науқастың өміріне қауіпті тромбты 13 минутта алып тастады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Аурухананың ақпаратынша, қабылдау бөліміне 1977 жылы туған науқас балтырының қатты ауырсынуы мен қызаруына шағымданып келді. Науқас алғашқыда ауруға мән бермей, өздігінен үй жағдайында ем жүргізген. Алайда ауырсыну соңғы күндері күшейіп, жүру қиындай түскен.

Аурухананың УДЗ-дәрігері Жанар Нұрмағанбетова науқасқа төменгі аяқ-қол тамырларының УДЗ-доплер тексеруін жүргізді. Зерттеу нәтижесінде оң жақ үлкен тері асты көктамырының жамбас пен балтыр аралығындағы бөлігінде қауіпті флотациялы тромб анықталды.

Мамандардың айтуынша, флотация – өте қауіпті жағдай. Себебі тромб тамыр қабырғасына толық жабыспай, «қалқып» тұрады. Мұндай тромб қан ағысымен жоғары көтеріліп кетсе, өкпе артериясын бітеп, өлімге әкеп соғуы мүмкін.

Асқынуды болдырмау үшін науқасты шұғыл түрде отаға дайындап, ангиохирург дәрігерлер Бағила Шарифова мен Асылбек Анетов жедел түрде кроссэктомия операциясын жасады. Ота 13 минут ішінде сәтті аяқталды. Осылайша, дәрігерлер тромбтың әрі қарай таралуына жол бермей, науқастың өміріне төнген қауіпті жойды. Отадан кейінгі алғашқы тәулікте науқастың жағдайы жақсарып, бірнеше күннен соң үйіне шығарылды.

48 жастағы науқас өзіне жедел көмек көрсеткен мамандарға алғысын білдірді.

«Аяқтағы ауырсынуды жай нәрсе деп жүре беруге болмайды екен. Дәрігердің нұсқауымен УДЗ жасатқанымда, қауіпті тромб анықталды. Ақ халатты абзал жандар уақытылы операция жасап, өмірімді сақтап қалды. Қазір жағдайым жақсы. Дәрігерлерге алғысым шексіз. Тұрғындарға айтарым – денсаулықтарыңызды күтіңіздер, ауырсыну байқалса, бірден дәрігерге қаралыңыздар», – деді науқас.

Аурухана мамандары тұрғындарға аяқтағы ауырлық, ісіну, қызару, немесе тамыр бойындағы ауырсыну байқалған жағдайда УЗД-доплерлік тексеруден өтуге кеңес береді.