Қостанай облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасына 55 мыңнан астам тұрғын белсенді қатысып жатыр. Оқырман көшін мектеп оқушылары бастап тұр – олардың саны 30 703-ке жетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығының жоғары екенін айқын көрсетеді. Ең белсенді аймақ – Қостанай қаласы: қала мектептерінен 6418 оқушы тіркелген. Одан кейінгі орындарда Рудный қаласы (4788), Әулиекөл ауданы (3112), Қостанай ауданы (2501) және Жітіқара ауданы (2195) тұр. Басқа қалалар мен аудандардың оқушылары да жобаға белсенді түрде қосылған.
«Кітап оқитын әулет» бағыты бойынша облыста 10 122 отбасы тіркелді. Отбасылық оқу дәстүрі – ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі.
«Кітап оқитын педагог» бағытында 11 047 мұғалім қатысуда. Жобаға білім беру ұйымдарының басшылары да белсенді атсалысып жатыр: 434 директор және 277 директор орынбасары кітап оқуға ниет білдірді.
«Кітап оқитын колледж» бағытында облыстың 33 колледжінен 2028 студент тіркелген.
«Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағытында 300-ден астам адам қатысып жатыр. Аудан және қала әкімдері аппараттарының, басқарма қызметкерлерінің қатысуы жоғары. Ерекше көзге түскені – Федоров ауданы: 12 ауылдық округ әкімі және 18 бөлім басшысы тіркелген. Рудный қаласынан – 15, Қарабалық ауданынан – 9 ауыл әкімі, Амангелді ауданынан – 5, Қарасу ауданынан – 3 ауыл әкімі жобаға қосылды. Басқарма басшыларының орынбасарлары мен қала әкімінің орынбасарлары да қатысуда.
«Кітап оқитын университет» бағытында облыстың 6 жоғары оқу орнынан 1008 студент тіркелген.
«Бұл жобаға қатысу мен үшін кәсіби міндет қана емес, шынайы құштарлық. Оқитын мұғалім – білімді мұғалім. Жаңа әдістемелер мен психологиялық-педагогикалық еңбектерді оқи отырып, сабақ беру сапасын арттырамыз. Мұғалімнің қолындағы кітап – оқушылар үшін ең үздік үлгі әрі күшті мотивация. Қазір Орынша Қарабалинаның “Ұстаз бақыты” кітабын оқып жатырмын. Бұл шығарма ұстаздықтың рухани және практикалық қыр-сырын қайта ашқандай әсер қалдырады», – дейді Қостанай қаласы №31 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Қымбат Сұлтанова.
«Жасым 56-да. Бала кезімізден кітапқа жастық болып өстік. “Абай жолы”, “Алтын Орда”, “Көшпенділер”, “Қызыл жебе”, “Волоколам тас жолы” сияқты туындыларға жас күнімнен қанықпын. Бүгінде де оқудан қол үзбеймін. Жобаға отбасыммен бірге қуана тіркелдік. Ең үлкен жеңіс – ұрпақ санасына сіңетін рухани нәр. Кітап оқыған ұлт әрдайым озады», – дейді Меңдіқара ауданы Жангелді ауылының тұрғыны, «Кітап оқитын әулет» бағытының қатысушысы Ерлан Жүрсінұлы Айсағалиев.
«Жоба туралы естіген бойда қатысуға шешім қабылдадым. Балалық шағым кітап оқумен өтті. Тізімде Абайдың қара сөздері, қазақ классикасы, мемлекет басқару, әлемдік саясат, психология тақырыбындағы еңбектер бар. Осы уақытқа дейін 4 кітапты аяқтадым, қазір Никколо Макиавеллидің “Әмірші” трактатын оқып жатырмын. Кейбір кітаптарды арнайы сатып алдым – олар жоба аяқталғаннан кейін де құндылығын жоғалтпайды», – дейді Қостанай облысы әкімдігі Қоғамдық даму басқармасының бас маманы Арайлым Исмағұлова («Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағыты).
Жобаны «AMANAT» партиясының қолдауымен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры және Қостанай облысы әкімдігі жүзеге асыруда. Өңірлік демеуші – «Олжа Агро» ЖШС агрохолдингі.
2025 жылдың қыркүйегінде «Кітап оқитын ұлт» жобасы пилоттық түрде Қостанай, Қарағанды облыстары мен Шымкент қаласында бастау алған болатын. Қазіргі таңда үш өңірде жобаға 189 мыңнан астам адам қатысуда, жоба қорытындысы 2026 жылғы сәуірде шығарылады.
«Кітап оқитын ұлт» Қостанай облысы бойынша жобалық офис, тел: Заңғар Санай 87013435594, Жансая Сандыбекова 87477302695.