Президенттің тапсырмасы бойынша Түркістан облысындағы қайғылы жағдайға байланысты Үкіметтік комиссия құрылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Үкіметтің хабарлауынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жетісай ауданы, Алғабас ауылындағы жеке үйде болған, 12 адамның өмірін қиған өрттің себептерін тергеу үшін комиссия құрылды.
«Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен құрылған комиссия құрамына Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің басшылығы, сондай-ақ Түркістан облысы әкімдігінің өкілдері кірді», – делінген хабарламада.
Зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына медициналық және психологиялық көмекті қоса алғанда, барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Өрт салдарынан қаза тапқан адамдарды жерлеуді ұйымдастыруға көмектесу әкімдікке тапсырылды. Тергеу нәтижелері бойынша қосымша шешімдер қабылданатын болады. Комиссия жұмысы ерекше бақылауда.