Алматы облысында 14 жастағы жасөспірім қаза тапты. Отбасының айтуынша, баланы жоғарғы сынып оқушылары қатыгездікпен соққыға жыққан, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға 13 қыркүйек кешкісін болған. Туыстарының айтуынша, Әлихан үйден жай серуенге шыққан, бірақ бір сағаттан кейін оны ес-түссіз күйде тауып алған. Оқиға орнына келген әкесіне куәгерлер «ол құлап қалды» деп айтқан.
«Мен келгенде, ұлымның жанында он шақты адам тұрды. “Не болды?” деген сұрағыма, олар: “Балаңыз еш себепсіз кенеттен құлап қалды” деп жауап берді», — дейді марқұмның әкесі Данияр Нұрғалиев.
Туыстары Әлиханның соққыға жығылғанына сенімді. Әкесінің айтуынша, дүкен камерасындағы жазбада бір топ жоғарғы сынып оқушысының баланы тоқтатып, қараңғы көшеге алып кеткені көрінеді.
«Біз ұлымызды жансақтау бөліміне жеткізіп, дәрігерлерден оның неге есінен танып қалғанын сұрадық. Олар баланың соққы алғанын айтты. Меніңше, оны әдейі сол қараңғы көшеге алып барған, бұл камерадан анық көрінеді. Сонымен қатар күдіктілер өз достарына: “Қазір Әлиханды ұстап алып, сабаймыз” деп айтқан», — деді Данияр Нұрғалиев.
Талғар ауданының полициясында қылмыстық іс қозғалды. Бір жасөспірім ұсталды. Туыстары барлық қатысушыларды жауапқа тартуды талап етеді.
«Кәмелетке толмағанға дене жарақатын салып, оның өліміне әкеп соқтырған факті бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғады. Күдікті — кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот шешімімен оған қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды», — деп хабарлады Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайдильдин.