Талғарда 9-сынып оқушысы көз жұмды

Бүгін, 08:46 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Талғар ауданында 9-сынып оқушысы кісі қолынан қаза тапты, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Қайғылы жағдай 13 қыркүйекте болған. Әкесінің сөзінше, ұлы кешкі сағат 9:00-де серуендеп келетінін ескертіп, үйден шығып кеткен. Ал шамамен бір сағаттан кейін, марқұмның туыстарына Әлихан Даниярұлының есінен танып қалғаны жайлы хабар жетіпті.

Әкесі "оқиға орнына келгенімде балам ес-түссіз жатты және мұрны мен аузында қатқан қан іздері болды" дейді.

"Келген кезімде баламның айналасында куәгерлер, он шақты адам жүр екен. "Не жағдай болды" деп сұрағанымда, "балаңыз еш себепсіз, өзінен өзі құлап қалды" деп жауап берді", – деді марқұмның әкесі Данияр Нұрғалиев.

Алайда марқұмның әкесі баласының еш себепсіз есінен танды дегеніне сенбейді. Ол ұлының өліміне жоғары сынып оқитын бір топ жасөспірімнің қатысы бар екенін айтады. Өйткені, жақын маңдағы дүкеннің бейнебақылау камерасынан жолдасымен кетіп бара жатқан Әлиханның алдынан бір топ жігіт шығып, өзара сөйлесуге шақырғаны анық көрінеді.

"Баламызды жансақтау бөлімшесіне апарғанда, сол жердегі нейрохирургтар, реанимотологтар баланың жақтың астынан соққы алғанын, салдарынан жабық ми жарақаты болғанын айтты. Баламды шын мәнінде, бейнебақылау камерасынан көргендей, қараңғы көшеге арнайы әкелген. Өйткені, күдікті достарына "Әлиханды ұстап әкелеміз, ұрамыз" деп айтқан", – деді марқұмның әкесі Данияр Нұрғалиев.

Бүгінде аталған іске қатысты Талғар аудандық полициясы 106-баптың 2-тармағы, 11-тармақшасы, яғни "кәмелетке толмаған адамның денсаулығына зиян келтіру" дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Алайда марқұм Әлихан Даниярұлының туыстары істі аса қатыгездікпен, алдын ала топ болып сөз байласу арқылы жасалған қылмыс деп тануын сұрайды.

"Талғар ауданының кәмелетке толмаған тұрғынының өліміне әкеп соққан дене жарақаттарын келтіру фактісі бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс тіркеді. Күдікті – кәмелетке толмаған жасөспірім, ізі суымай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Сот санкциясына сай қамауда ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды", – деді полиция департаментінің бөлім басшысы Ернар Сайділдин.

Марқұмның жақындары Әлихан Даниярұлының өмірге, өнерге құштар болғанын айтады. Тұла бойы тұңғышы бала күнінен қазақ әдебиетіне жақын, түрлі байқаулардың жеңімпазы атанған. Жақындары оны мінезі жайлы, ашық-жарқын деп еске алады. Айдың-күннің аманында он екі мүшесі сау баламыздан айырылдық деген отбасы енді ұлдарының өліміне қатысты істің әділ қаралып, кінәлілердің заң алдында жауап бергенін қалайды.