Жергілікті полицейлер бұрын сотты болған шетелдік азаматты елден шығару туралы өтініш түсірді. Бұл туралы Тараз қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Әзірбайжан Республикасының азаматы екі жылдан астам уақыт бұрын Жамбыл облысында бірқатар алаяқтық әрекеттерге барған. 2023 жылы Тараз қалалық № 2 соты оны қылмысы үшін кінәлі деп тапты.
Таяуда қалалық полиция басқармасы екінші рет сотқа шағым түсірді. Шетелдікті Қазақстаннан шығарып жіберу туралы азаматтық іс қаралды. Полицейлердің айтуынша, ер адам қоғамдық тәртіпке қауіп төндіруі мүмкін.
Сотталушының өзі ешқандай қарсылық білдірген жоқ. Ол Қазақстанда отбасы мен туыстарының жоқтығын, сондықтан өтініштің қанағаттандырылуына қарсы емес екенін айтты.
Сот ҚР Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңына сәйкес, талапты қанағаттандырып, ер адамды бес күн ішінде Қазақстаннан кетуге міндеттеді.