Жамбыл облысында пойыз бен көлік соқтығысты

Бүгін, 05:52 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Жамбыл облысында Lada Niva автокөлігінің жүргізушісі жүріп келе жатқан пойызға соғылды, деп хабарлайды turkystan.kz "Қазақстан темір жолына" сілтеме жасап.

Оқиға 2025 жылдың 14 қарашасында Шу–Тараз учаскесінде, Тәтті стансасындағы күзетілмейтін реттелетін теміржол өткелінде болған.

Жүргізуші тыйым салатын белгіні елемей, жүріп келе жатқан пойызға жақын келіп, Алматы – Шымкент жолаушылар пойызындағы вагонның біріне соғылған, - деп жазылған хабарламада.

Компанияның мәліметінше аталған оқиғадан ешкім зардап шекпеген. Оқиға түнгі уақытта болды.

Пойыз өз бағыты бойынша қозғалысын жалғастырды. Шымкент стансасында вагондарға техникалық тексеру жүргізілді, қозғалыс қауіпсіздігіне әсер ететін зақым анықталмады, - дейді мамандар.

Автокөлік жүргізушісі анықталды, құқық қорғау органдары тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.

Теміржолшылар қауіпсіздікті сақтауға шақырды

"Қазақстан темір жолы"компаниясы барлық жүргізушіні жол қозғалысы ережесін және теміржол өткелдеріндегі қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.