Қарағанды облысында жерасты кеңістігін барлауға арналған заманауи жоғары технологиялы дрондар жасалып жатыр. Мұндай аппараттар шахталарда, құлаған ғимараттарда, тар және адам үшін қауіпті орындарда жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Шахталар мен жер асты қазбаларын зерттеуге бағытталған дрондар сериясы GeoJet деп аталады. Бұл желіге өлшемі, құрылымы мен мүмкіндігі әртүрлі бірнеше модель кіреді.
Серияның ең ықшам моделі — диаметрі небәрі 23 сантиметр болатын GeoJet Sphere. Сфералық пішінді бұл дрон адам бара алмайтын шектеулі әрі күрделі кеңістіктерде жұмыс істеуге арнайы жасалған. Ал ірі әрі күрделі техникалық мүмкіндіктерге ие басқа үлгілер ұзын тоннельдерде, карьерлер мен түрлі тереңдіктегі тау-кен қазбаларында ұшуға бейімделген.
Қарағанды дрондары 8K ультра-жоғары кеңейтілімді камералармен жабдықталған және 360° панорамалық түсірілім жүргізе алады. Жер асты кеңістігін үш өлшемді картаға түсіру үшін LiDAR лазерлік сканерлеу жүйесі қолданылады. Ал алынған деректерді беру және өңдеу жұмыстары оптикалық-талшықты байланыс арналары арқылы жылдам әрі дәл жүзеге асады.
— Біздің дрондар көмегімен қазбаларды зерттеп, визуалды тексеріс жүргізуге болады. Ішкі сканерлер қабырғалардың ішінде жалаң көзге көрінбейтін жасырын қуыстарды анықтайды. Құлаулардың көпшілігі осындай ақаулардан болады. Олар алдын ала табылса, ықтимал трагедиялардың алдын алуға мүмкіндік береді, — деді компанияның бас инженері Сергей Муравьёв.
Дрондар Қарағанды облысындағы жұмыс істеп тұрған темір кені шахтасында сынақтан өтті. Тестілеу кезінде аппараттар визуалды бақылау, фототүсірілім және жерасты қуыстарын сканерлеу міндеттерін толық орындады.
— Шектеулі кеңістікте ұшу — аса күрделі үдеріс. Мұнда турбуленттік ауа ағындары, GPS-сигналдың болмауы және шолудың шектеулігі қиындық туғызады. Соған қарамастан, біздің дрондар жерасты жағдайында жоғары тиімділігін көрсетті. Басқару жартылай автоматты режимде жүргізіледі, ал жасанды интеллект жүйесі датчиктерден келетін ақпаратты талдап, ұшуды нақты уақыт режимінде тұрақтандырады, — деп атап өтті компания жетекшісі Виталий Пучков.
Кейбір бөлшектер Қарағандыда жасалады. Мәселен, көміртекті рамалар модельге қарай не жергілікті жерде басылып шығарылады, не шетелден әкелініп, кейін өңделеді. Ал қозғалтқыштар, LiDAR және процессорлар шетелдік өндірушілерден жеткізіледі. Сынақ, бағдарламалау, құрастыру және толық баптау жұмыстары өңірде жүргізіледі.
Қазір әзірлеушілер жоғары технологиялы GeoJet дрондар сериясын нарыққа шығаруға дайындалып жатыр.