БҚО-да жантүршігерлік жол апатынан 8 адам қаза тапты (ВИДЕО)

Бүгін, 16:59 / Інжу Әлихан

17 қараша күні облыстық маңызы бар Чапай – Жаңақала – Сайқын автожолының 50-шақырымында Toyota Camry және Volkswagen Sharan көліктері соқтығысып, соның салдарынан көліктердің бірі өртеніп кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.

БҚО полиция департаменті хабарлағандай, оқиға салдарынан сегіз адам оқиға орнында қаза тапты, тағы төртеуі ауруханаға жеткізілді. Аталған фактіге байланысты қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала болжам бойынша, жүргізушілердің бірі қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен болуы мүмкін.

Ауа рай жағдайы және жол жамылғысының күйі қанағаттанарлық болған, қозғалысқа кедергі болар сыртқы факторлар анықталмады.

Оқиға орнында полиция қызметкерлері, жедел-тергеу тобы және ТЖМ бөлімшелері жұмыс істеп жатыр. Жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы тергеу барысында мұқият зерттеліп, анықталатын болады.

Полиция жүргізушілерге үндеу жасады.

Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаңыздар. Әсіресе жолаушы тасымалдау кезінде кез келген ереже бұзу қозғалысқа қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.