Токио қаласында өтіп жатқан XXV жазғы Сурдлимпиялық ойындардың кезекті жарыс күні Қазақстанның дзюдо құрамасы екі алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Еркебұлан Канафин финалдық белдесуде венгр дзюдошысы Патрик Отвошты сенімді түрде жеңіп, Сурдлимпиялық ойындардың чемпионы атанды. Қазақстандық спортшы жарыс бойы қарсыластарына мүмкіндік бермей, шешуші кездесуде де басымдықты толық өз жағында ұстай алды.
70 келіге дейінгі салмақта елімізге тағы бір алтын медальді Амина Файзулина сыйлады. Ол финалда украиналық дзюдошы Марина Похореловамен кездесіп, жоғары техникасы мен тактикалық шеберлігін көрсетіп, жарысты тұғырдың ең биік сатысында аяқтады.
100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Токтарбек Айдарбек те финалға дейін жетті. Шешуші белдесуде ол француз дзюдошысы Артур Репикемен кездесіп, тартысты өткен кездесуде қарсыласынан ұтылып, Сурдлимпиялық ойындардың күміс жүлдегері атанды.
Турнирдің қола жүлдегерлері қатарында Анна Краморова мен Сабыржан Хапизов бар. 78 келіге дейінгі салмақта Краморова франциялық спортшы Нинон Таилиден үстем түсіп, өзінің алғашқы сурдлимпиялық медалін жеңіп алды. Ауыр салмақта, 100 келіден жоғары санатта Сабыржан Хапизов үшінші орын үшін өткен белдесуде украиналық спортшы Володимир Маклаковты жеңіп, ұлттық құраманың қоржынына тағы бір қола медаль салды.
Еске сала кетейік, екі күннің қорытындысы бойынша дзюдо құрамасының қоржынында төрт алтын, бір күміс және төрт қола медаль бар. Медальдық есеп нәтижесі бойынша Қазақстанның дзюдо құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.