Жеңіл атлет Фаина Мейрманова Сурдлимпиада рекордын орнатып, чемпион атанды

Бүгін, 14:13 / Інжу Әлихан

Бүгін Сурдлимпиада ойындарында жеңіл атлетикадан ұлттық құрама спортшылары ұзындыққа, биіктікке секіру және әр түрлі дистанцияға жүгіруден сынға түсіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазақстандық Фаина Мейрманова биіктікке секіруден 1.79 м нәтиже көрсетіп, Сурдлимпиада ойындарының рекордын жаңартып, чемпионы атанды.

Күміс жүлдені 1.76 м нәтижесімен бейтарап спортшы Суравец Анна иеленсе, қола жүлдені 1.67 м нәтижесімен словакиялық Глонарик Лейа еншіледі.

Мейрманова Фаина – Жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2024 жылы Тайбэйде (Тайвань) өткен әлем чемпионатында биіктікке секіруден 176 смнәтижесін көрсетіп, 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлемдік рекордты орнатқан. 2024 жылғы Азия-Тынық мұхиты ойындарының ұзындыққа секіруден чемпионы атанды. Фаинаның жасы 19-да, ол Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Спортпен 7 жылға жуық айналысады.

Еске салсақ, Сурдлимпиада ойындарының алғашқы жарыс күнінде қазақстандық дзюдошылар ел қоржынына 4 медаль салған болатын: 2 алтын және 2 қола.