Ресейдің Түмен қаласында ер адам алимент төлеуден жалтарудың ерекше жолын тапқан. Ол жыл сайын өз есімі, тегі мен әкесінің атын толық өзгертіп, қарызын «жоюды» көздеген. Бір жылдан кейін бұрынғы аты-жөнін қайтарып алып, тағы да жаңа деректермен тіркеліп отырған. Осылайша ол сот орындаушыларының назарынан жасырынбақ болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алайда бұл айласы іске аспады. Түмен облыстық сот орындаушыларының бөлім басшысы Роман Кореневтің айтуынша, АХАТ әрбір аты-жөнін өзгерту дерегін автоматты түрде сот орындаушыларына жолдайды. Сондықтан борышкердің жаңа атымен тіркелуі оның жауапкершіліктен босатылуына әсер етпейді.
«Алимент төлеуден осылайша қашып құтылу мүмкін емес. Барлық дерек бізге келіп түседі, сондықтан борышкерлердің мұндай әрекеті нәтиже бермейді», – деді Коренев.
Сот орындаушыларының айтуынша, түмендіктер кейде қарыз төлемеу үшін неше түрлі сылтау айтады. Бір ер адам агорафобиямен (қоғамдық орындардан қорқу) ауырамын деп, үйіне тексеру жүргізуге рұқсат бермеген. Бірақ кейін оның атына екі пәтер тіркелгені анықталып, біреуі тәркіленген соң, «фобиясы» әп-сәтте «жазылып» кеткен.