Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде Бейбітшілік пен даму жолындағы дүниежүзілік ғылым күніне арналған «Жаһандық коммуникация: өркениеттік дамудың ұлттық ақпараттық моделі және жасанды интеллект» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция және IV дәстүрлі Кенжалин оқулары өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасы ұйымдастырған шараның негізгі мақсаты - жаһандану дәуіріндегі ақпараттық медиа саясаттағы ұлт бірегейлігі мәселелері, жасанды интеллектінің бұқаралық ақпарат құралдарына деген оң және теріс ықпалдарын талқылауға бағытталды.
Жиынға университет басшылығы, шетелдік және отандық ғалымдар, қоғам қайраткерлері, медиа және ЖИ саласының мамандары және білім алушы жастар қатысты.
Жиында сөз алған әлеуметтік даму жөніндегі проректор Бақытжан Омаров:
«Кенжалин оқулары – жас буынды кәсіби жауапкершілікке, ұлттық рухқа және әділ ақпарат тарату мәдениетіне тәрбиелейтін ерекше мектеп. Бұл – ғылым мен журналистиканың тоғысқан тұсы», – деді.
Сондай-ақ ол зейінді зерттеуші, қайраткер әрі қаламгер Ж.Кенжалиннің ұлттық ақпараттық кеңістіктің дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.
«Қазақ журналистикасының дамуындағы Ж.Кенжалиннің есімі – адалдық пен жауапкершіліктің символы. Ол редактор ретінде де, ғалым ретінде де әр сөздің салмағын сезінетін тұлға еді. Кенжалин журналистиканы халыққа қызмет етудің биік мінбері деп түсінді. Оның еңбектері бүгінгі жас журналистерге үлгі болып қала береді», – деді жиында сөз алған профессор Намазалы Омашев.
БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі және Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Властимил Самек қазіргі таңда жасанды интеллектінің өркениеттік дамудағы алар үлесінің маңыздылығына тоқтала келіп, БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриштің Жасанды интеллекті туралы БҰҰ-ның жақындағы сессиясында арнайы баяндама жасап, «Инновациялардың барлығы тек қана адамзаттың игілігі мақсатында ғана қызмет етіп, қолданылуы керек» деген сөзін алға тартты.
«Alatau-Aqparat» медиа холдингінің Бас директоры Ержан Төлек Қазақстанның ақпараттық кеңістігін қазіргі жағдайда үш деңгейлі жүйе арқылы қорғау маңыздылығына тоқталып, оларды былайша санамалап берді:
«Бірінші – ұлттық ақпараттық кеңістік, екінші – Орта Азиялық ақпараттық кеңістік, үшінші – Түркі әлемінің ортақ ақпараттық шеңбері», – деді ол.
Сонымен қатар халықаралық іс-шара барысында Санкт-Петербург мемлекеттік университеті журналистика және бұқаралық коммуникация жоғары мектебінің профессоры, саясаттану ғылымдарының докторы И.А. Быков, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің коммуникациялар жөніндегі директоры Құмарова Меруерт және ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі О.Ж. Ошанова ұлттық ақпараттық даму контекстіндегі ЖИ сауаттылығы туралы өз ойларын ортаға салды.
Сондай-ақ конференция аясында жиналғандар медиамәдениеттің трансформациясы, цифрлық журналистика және жасанды интеллектінің этикалық қырларына тоқталып, ақпараттың шынайылығы мен медиасауаттылықтың маңыздылығы, жаһандық ақпараттық кеңістіктегі ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы уақыт алға тартып отырған мәселелерді жан-жақты талқылады.