Қарағанды облысында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған тағы бір маңызды бастама жүзеге асты. Шет ауданындағы Төменгі Қайрақты ауылының тұрғындары елдімекен аумағында алкоголь өнімдерін сатуға толық тыйым салу жөнінде бірауыздан шешім қабылдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
730 тұрғыны бар Төменгі Қайрақты – шағын, бірақ тыныш әрі көрікті ауыл. 17 көшеде орналасқан 210 үй, сондай-ақ төрт дүкен мен тойхана секілді әлеуметтік нысандар бұл бастаманы толық қолдап отыр.
Алкогольге тыйым салу мәселесі ауыл тұрғындарының жалпы жиналысында қаралды. Күн тәртібіндегі сұрақ кең талқыланып, жақтаушылар мен қарсы тараптардың пікірлері тыңдалды. Ауыл учаскелік инспекторы, әкім және ақсақалдар кеңесі көтерген бұл бастамада олар алкогольдің халық денсаулығына зияны, қылмыс деңгейіне ықпалы және ауылдың әлеуметтік жағдайына әсері туралы нақты дәйектер келтірді.
Жиын қорытындысы бойынша ұсыныс тұрғындардың басым бөлігінің қолдауына ие болып, шешім бірауыздан қабылданды. Ауыл жұртшылығы бұл қадамның салауатты орта қалыптастыруға, қылмыстық ахуалды жақсартуға және жасөспірімдер тәрбиесіне оң ықпал ететініне сенімді.
Айта кету керек, мұндай бастама өңірде алғаш рет қолға алынып отырған жоқ. Бұған дейін Қарағанды облысының 69 ауылында алкоголь сатуына шектеу енгізілген. Бұл қоғамның зиянды әдеттермен күрестің маңызын түсініп, салауатты өмір салтына бет бұрып келе жатқанын айқын көрсетеді.