Ақтау әуежайы екі жасар қызы эскалаторда қолын зақымдап алған анаға 2 млн теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Оқиға 2024 жылдың жазында, отбасы Астанадан ұшып келген кезде болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Терминалдан шыққаннан кейін қыз бала жолаушылардың шығуына арналған есіктер арқылы өз бетімен әуежай ғимаратына қайта кірген. Ішке кірген соң ол қолын эскалатордың қозғалтқыш механизміне тығып алған. Саусақтары сынған. Бала балалар ауруханасында емделді. Дәрігерлердің қорытындысына сәйкес, оған 10 жасқа толғанда саусақтарын түзету операциясын жасау керек.
«Зардап шеккен баланың анасы әуежайдан моральдық зиянды өндіру туралы талаппен сотқа жүгінген. Әуежай өкілі талапты мойындамаған, оқиға әуежай қызметкерлерінің кінәсінен емес, баланың өз бетімен эскалаторға жақындап жарақат алуынан болды деп көрсеткен. Алайда сотта қаралған бейнежазбада әуежай инспекторы баланы шыға беріс есіктер арқылы өткізген кезде қолынан ұстап тұрғаны, бірақ артынан өтпек болған анасына назар аударып, баланың қолын жіберіп қойғаны анықталды. Инспектор әйелді ғимаратқа кіргізбегеннен кейін бала қараусыз қалып, өз бетімен эскалаторға жақындап, жарақат алған», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Соттың пайымдауынша, оқыс жағдайға ересек адамның ертіп жүруінсіз кәмелетке толмаған баланы терминал ғимаратына кіргізіп жіберген әуежай қызметкері кінәлі.
Әуежайдың кінәсін жоққа шығаратын дәлелдер ұсынылмаған. Кінә инспектордың еңбек құжаттарымен: еңбек шартымен, жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың үзіндісімен, тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықпен және оның объектіге өткізу және ішкі режимнің сақталуын бақылау міндетін көздейтін лауазымдық нұсқаулығымен расталды.
Нәтижесінде сот әуежайдан баланың заңды өкіліне 2 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарды.
Шешім заңды күшіне енді.