Елімізде интернет-алаяқтарға қарсы іс-қимыл және азаматтарымызды қорғау жөнінде жүйелі жұмыстар жалғасуда.
Бас прокурор Берік Асыловтың мәлімдеуінше, биыл прокуратура органдары «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, Астанада алаяқтардың қоңырауларын тоқтатуға және қылмыстар жасалғанға дейін олардың алдын алуға бағытталған Анти Call-орталығы бірегей жобасын іске қосты. Жұмыс басталған сәттен бастап, үш айдан сәл астам уақыт ішінде ықтимал құрбандарға 70 мыңнан астам шетелдік қоңыраулар тоқтатылды. Орталық білікті операторлармен жасақталған және прокурорлардың тәулік бойы үйлестіруімен жұмыс істеуде. Нәтижесінде Астанада ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша интернет-алаяқтықтың 22%-ға тұрақты төмендеуі байқалуда. Басқаша айтқанда, мыңдаған азаматтар қаржылық шығындар мен алдаудан қорғалған.
"Сондай-ақ Орталық барлық қазақстандықтарға қатысты қылмыстық алаяқтық әрекет жүргізетін шетелдік колл-орталықтары мен цифрлық құрылғылардың орналасқан жерін анықтауға көмектесуде. Ресейдің, Украинаның және Арменияның құқық қорғау органдарымен бірлесіп телефондық алаяқтықпен айналысқан он қылмыстық кеңсе әшкереленіп, олардың қызметі тоқтатылды. Олар 63 қаскүнемді ұстады, бейнені және дауысты ауыстыруға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету (дипфейк технологиясы) және Қазақстан азаматтарының дербес деректер базасы бар жүздеген арнайы техника тәркіленді. Бұл қылмыстардың шегі жоқ, сондықтан оларға қарсы күресте халықаралық өзара іс-қимыл аталған бағытта негізгі құралға айналуда. Мәселен, Беларусь Республикасының құқық қорғау органдарымен тығыз өзара іс-қимыл жолға қойылып, олармен бірлескен жедел-тергеу тобы құрылды және қазіргі уақытта Беларусьте басқа елдердің, оның ішінде Қазақстанның азаматтарына қатысты қарсы жұмыс істеген 55 адам жауапқа тартылуда. Олардың азаматтарымызға келтірген залал 67 миллион теңгеден астам соманы құрады. Менің тапсыруыммен бұл жоба ел бойынша ауқымы кеңейтілді, осыған ұқсас Анти Call-орталықтары «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп басқа да облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларда құрылуда. Киберқылмысқа қарсы күрес жұмысы жүйелі инновацияларды енгізу арқылы жалғастырылатын болады", – дейді Бас прокурор.