Петропавлда 14 қараша күні кешкі уақытта адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы тіркелді. Сағат шамамен 19:45-те Ғ. Мүсірепов көшесінде Kia Rio автокөлігінің жүргізушісі 75 жастағы тұрғын 49 жастағы ер адамды қағып кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ Qazaqstan Media-ға сілтеме жасап.
Жарақат алған жаяу жүргінші ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер барлық қажетті көмекті көрсеткенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады, жәбірленуші медициналық мекемеде қайтыс болды.
Куәгерлердің айтуынша, көлік жүргізушісі оқиға орнынан кетіп қалған.
Полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу қорытындысы бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.
Айта кетейік, бұл – егде жастағы жүргізушілердің қатысуымен болған алғашқы жағдай емес. Биыл мамыр айында 70 жастағы Audi 100 жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінде тағы бір зейнеткерді қағып кеткен еді.