Елімізде қандай вирус тарап жатқаны белгілі болды

Бүгін, 19:02 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Биыл 2 қазаннан басталған эпидемиялық маусымнан бері елордада жедел респираторлық вирустық инфекцияның 36 360 жағдайы тіркелген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пірәлиева мәлімдеді.

Айтуынша, аурушаңдық көрсеткіші – 100 мың тұрғынға шаққанда 2378,4. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға төмен. Ауру анықталғандардың басым бөлігін 14 жасқа дейінгі балалар құрайды — 59% (21 298 жағдай), оның ішінде 1175-і – бір жасқа толмаған сәбилер.

Өткен аптада қалада ЖРВИ-дің 8 891 жағдайы тіркелген. 2024–2025 жылдардағы өткен эпидмаусымның осы аптасымен салыстырғанда аурушаңдық 1,2 есе артқан (6 243 жағдай). Зертханалық мониторинг барысында ЖРВИ және тұмау белгілерімен келген пациенттерден алынған 194 үлгі зерттелді. Олардың 44-і оң нәтиже көрсетті, барлығы да – А(H3N2) тұмау вирусы, - деп түсіндірді ведомство өкілі.

2025 жылғы 22 тамыздағы №6 Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысында 2025–2026 жылдардағы тұмауға, ЖРВИ-ге және COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық шаралар қарастырылған. Атап айтқанда:

бір сыныптың оқушылары арасында бір инкубациялық кезеңде ЖРВИ-мен сырқаттану 20–30% деңгейінде тіркелсе, жалпы білім беретін ұйымдарда кабинет жүйесі тоқтатылады және он күн бойы сыныпқа жаңа балаларды қабылдауға тыйым салынады;

егер сол кезеңде сыныптағы оқушылардың 30% және одан көбі ауырып қалса, олар онлайн оқыту форматына ауыстырылады;

медициналық ұйымдарда маска тағу режимін сақтау міндетті.