14 қараша кешінде Семей – Павлодар тас жолында патрульдік полиция қызметкерлері қозғалысы бірқалыпты емес, әлсіреп бара жатқандай көрінген жүк көлігіне назар аударған, деп хабарлайды turkystan.kz Абай облысының полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Капитан Азамат Балғабаев, капитан Жақсылық Қожагұлов және аға лейтенант Жасулан Сарбасовтан құралған экипаж бірден көлікті тоқтату туралы шешім қабылдайды.
Жүргізуші жол жиегіне тоқтап, кабинадан шыға сала өзінің өзін нашар сезініп тұрғанын айтады. Араға бірнеше секунд өтпей-ақ, ер адам есінен танып қалады. Полиция қызметкерлері дереу жүрек-өкпе реанимациясын бастап, дер кезінде көрсеткен көмек жүрек соғысын қалпына келтіруге мүмкіндік берді.
«Әр секундтың қадырын түсінген полицейлер жедел жәрдемді күтіп отырмай, науқасты дереу Семей қаласы бағытында тасымалдауға шешім қабылдады. Қала шетіне кіргенде оларды жедел жәрдем көлігі қарсы алып, ер адам дәрігерлерге тапсырылды.
Дәрігерлер кейін жүргізушінің инсульт алғанын растады. Патрульдік полицейлердің жедел әрі үйлесімді іс-әрекеті, адам өміріне деген жанашырлығы оның өмірін сақтап қалуға себеп болды», – деді полицияның баспасөз қызметі.