«Қызымнан бірінші өмірден өтпесем деп тілеймін»: Танымал актер жан сырын ақтарды (ВИДЕО)

Бүгін, 15:10 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

“Өнер Қырандары” театрының актері Құдырет Топаев ерекше күтімді қажет ететін қызы үшін қатты алаңдайтынын айтып, көзіне жас алды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әртістің айтуынша, қыз балаға ата-анадан артық ешкім қамқор бола алмайды.

“Ата-анасы сияқты қызға ешкім қарай алмайды. Сол үшін бірінші өзім кетіп қалмай, қызымнан ұзақ өмір сұраймын. Бұл – менің ең нәзік жерім. Алладан ‘қызымды ұзақ жыл өзіме қалдыр’ деп сұраймын. Қазір ата-әжелері бар, қарап жүр. Бірақ ертең олардың да жасы келеді. Ең қиыны — ата-анасы ерте кетсе, оны біздей ешкім көтере алмауы мүмкін,” — деді ол.

Құдырет Топаев қызы Хафизаның болашағы үшін ұлдарына да аманаттап жүргенін айтты.

“Үлкен ұлыма да, кішісіне де ‘Хафиза – сендердің аманаттарың’ деп айтып жүремін. Алладан оған серік сұрадым. Қазір кішкентай Маруам бар. Кеше Хафизаны көтеріп жатқызып жатырмын, оны тек мен ғана көтере аламын. Сол кезде Маруам жүгіріп келіп әпкесінің аяқ киімін шешіп, сүйіп жатыр. Сонда ‘Аллам, сұрағаным осы еді’ дедім. Балалардың ойында ‘бәріміз Хафизаны жақсы көруіміз керек’ деген түсінік қалыптасып келеді,” — дейді актер.

Әртіс үшін бұл тақырыпты айту да, Алладан мұндай тілек сұрау да оңай емес екенін жасырмады.