Алматы облысындағы мәдениет үйінің қызметкерлерін ЭКСПО-2017 билеттерін сатып алуға мәжбүрлеуде

Алматы облысы, Райымбек ауданының мәдениет үйі қызметкерлеріне ЭКСПО-2017 көрмесіне күштеп билет алғызып жатыр. Бұл туралы мекеме қызметкерлері NUR.KZ порталына хабарласып айтқан. 

 «12 сәуір күні аудандағы 22 мәдениет үйінің басшылары жиналысқа барып келді. Жиыннан оралған соң, толық ставкадағылар 4000, жарты ставкадағылар 2000 теңгеден жинау керектігін ескертті.  Жақында ғана ЭКСПО-ға күштеп ақша жинатпайды деп теледидардан айтқан еді. Енді әр ауданға бәленбай мың билетті бөліп тастапты. Сол билетті алған қарапайым халықтың қайсысы ЭКСПО-да шалқып жүре алады?!» – деп қызметкерлер өкпесін айтты.

Райымбек ауданы, Кеген округінде 22 клуб бар. Әр мекемеде директор, көркемдік жетекші, тазалық қызметкері және екі күзетшіні қосқанда бес адамнан жұмыс істейді.

«Олар ақшаны осы айдағы жалақыдан ұстайтындарын ескертіп, бәрімізге қол қоюға міндеттеді. Әр адамнан төрт мыңнан алса, қанша ақша жиналатынын есептей беріңіз. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшылары  «барсаң да бересің, бармасаң да бересің» деп отыр»,- дейді редакцияға хабарласқан мәдениет бөлімінің қызметкерлері.

NUR.KZ тілшісі Райымбек ауданы әкімдігіне  хабарласып, мән-жайды сұрастырған. Әкімдіктегі жалпы бөлім басшысы Ербосын Алмабекұлы бұл жаңалықты енді ғана естіп отырғанын айтты.

«Ондай тапсырма болмады, ешкім оларға ақша жинатқан емес. Қазір мәдениет бөлімінің бас маманымен сөйлесемін», -деп жауап берді.

Back to top button