Агросектор өкілдеріне «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы алғаш рет берілді

Бүгін, 14:17 / Дана Ізтілеуова
Ақорда

Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің екінші форумында Мемлекет басшысы алғаш рет «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын елдің агроөнеркәсіптік кешенінің өкілдеріне табыс етті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мемлекет басшысы 2024 жылғы қарашада өткен бірінші форумда жұмысшы мамандықтары, өнертапқыштар мен ғалымдарды көтермелеу қажеттігін атап өткен болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңа құрметті атақтарды енгізуді ұсынды. Солардың бірі — «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы. Бұл атақ ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері мен мамандарының — мал шаруашылығы, егіншілік, фермерлік, агрономия, ветеринария, бағбандық және өзге де аграрлық бағыттағы еңбектерін, сондай-ақ ауыл шаруашылығына қызмет көрсететін, ғылыми және өзге де ұйымдардың мамандарының ел дамуына қосқан зор үлесін мойындау мақсатында тағайындалған.

АӨК-тегі жетістіктері мен қоғамдық өмірге белсенді қатысқаны үшін бұл атақпен келесі азаматтар марапатталды: «Көксу қант зауыты» ЖШС директоры Алтынбек Абатов, «Новосельское» ЖШС агрономы Фаниль Габдулхаков, «Акселеу» ЖШС басшысы Серік Малаев, «Мөлдір» шаруа қожалығының малшысы Тұрар Сейітқалиев.

Форум барысында Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласының үздік өкілдеріне бірнеше мемлекеттік наградалар да табыс етті. Олардың қатарында – елдің барлық өңірлерінен келген басшылар, механизаторлар, сауыншылар, агрономдар бар. Көптеген еңбек адамдары ауыл шаруашылығын дамытуға, инновацияларды енгізуге және ауылдық жерлердегі өмір сапасын арттыруға ондаған жылдарын арнаған.

«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Ақтөбе облысындағы «Степное» ЖШС директоры Аманғос Сансызбайұлы Төлеуовке берілді.
«Парасат» орденімен Серік Дүйсенбаев марапатталды.

«Құрмет» орденіне келесі азаматтар ие болды: «Белагаш» ЖШС-нің машинамен сауу операторы Валентина Городова, «MG» шаруа қожалығының балық өсірушісі Бекзат Мамырханов, «Терра Ақжайық» ЖШС басшысы Қайыржан Наурызғалиев, «Ali-Ko Sut 2023» ЖШС директоры Мұратбек Нысанов, «Қазақстанның Дәнді дақылдар консорциумы» ЖШС бас директоры Бахтияр Оспанов.

Жалпы, агросектордың 30 өкілі мемлекеттік наградаларға ие болды.

 

Тэгтер:

Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері Агросектор өкілдері