Қазақстанда рекордтық 27,1 млн тонна астық жиналды

Бүгін, 14:11 / Дана Ізтілеуова

Ағымдағы ауыл шаруашылығы жылы Қазақстан үшін рекордты жыл болды – тек дәнді дақылдар бойынша ғана емес, сонымен қатар бұршақ және майлы дақылдар сияқты жоғары рентабельді дақылдардың өнімділігі бойынша да. Бұл бағыттарға егіс алқаптарын әртараптандыру шеңберінде ерекше назар аударылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

16 млн гектар жерден орташа өнімділігі 1 гектардан 17 центнерді құрай отырып, барлығы 27,1 млн тонна астық жиналды. Оның ішінде 12,2 млн гектарға егілген бидайдың жалпы өнімі 20,3 млн тоннаға жетіп, өткен жылғы көрсеткіштен 500 мың тоннаға артық болды. Сонымен қатар, бидай егісінің аумағы 900 мың гектарға қысқарғанына қарамастан, өндіріс көлемі сақталып қана қоймай, айтарлықтай артты. Арпаның өнімі шамамен 4 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылғы деңгейге сәйкес келеді. Қазақстан тарихында алғаш рет бұршақ дақылдарының өнімі 1 млн тоннаға жетті.
Майлы дақылдардың рекордтық көлемі – 4,5 млн тонна жиналды, ал майлы дақылдарды жинау жұмыстары әлі де жалғасуда. 
Сонымен қатар, 2,9 млн тонна картоп, 3,8 млн тонна көкөніс және 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды. Мақта жинау жұмыстары аяқталды. Заманауи суару технологияларын, соның ішінде тамшылатып суаруды қолданудың арқасында кейбір шаруашылықтар 1 гектардан 50 центнерге дейін өнім алды.
Жалпы алғанда, орташа өнімділік 1 гектардан шамамен 30 центнерді құрап, 428 мың тонна шитті мақта жиналды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 42%-ға артық. 
Биыл алғаш рет 1,8 млн тонна минералды тыңайтқыштар енгізілді, бұл ғылыми негізделген қажеттіліктің 56%-ын құрайды. Элиталық тұқымдардың үлесі өткен жылғы 9,5%-дан 11,5%-ға дейін өсіп, жоспарланған 10,5%-дық көрсеткіштен асты.

Ерте қаржыландыру тәжірибесі жалғасын тауып, қазанның 1-інен бастап 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға өтінімдер қабылдау басталды.
Сонымен қатар, қарашаның екінші онкүндігінен бастап аграрийлер үшін кредиттік желілер тетігін енгізу жоспарлануда. Бұл жүйе шаруаларды жыл сайын бір кепіл мүлкі негізінде револьверлік қаржыландырумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

250 млрд теңге көлеміндегі жеңілдетілген лизинг бағдарламасын іске асырудың арқасында ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқыны 6,5%-ға жетті, ал техника тозуының деңгейі соңғы екі жылда 80%-дан 70%-ға дейін төмендеді. Жиналған астық көлемі елдің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етіп, сондай-ақ экспорттық әлеуетті сақтауға мүмкіндік береді.

Өткен маусымда Қазақстанның астық экспорты 13,4 млн тоннаны құрап, бұл өткен маркетингтік жылмен салыстырғанда 47%-ға жоғары болды. Бұған тасымалдау шығындарын субсидиялау тетігі оң әсер етті, ол қазақстандық астықтың сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттырды. 2025 жылы Қазақстан алғаш рет Бельгия, Португалия, Польша, Норвегия, Ұлыбритания, Вьетнам, БАӘ және Солтүстік Африка елдері сияқты жаңа нарықтарға астық жеткізуді бастады. Сонымен қатар, Иран, Әзербайжан, Армения және Грузияға жеткізілімдер қайта жанданды.

ҚТЖ жедел деректерге сәйкес, жаңа өнімнің 2,2 млн тоннасы экспортталды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21%-ға артық.

2025 жылғы рекордтық астық түсімі Қазақстанның аграрлық секторында жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін және ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты өсімін дәлелдейді. Бұл жетістіктер елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және әлемдік нарықтардағы позициясын күшейтуге бағытталған.

 

 

 

Тэгтер:

Ақмола облысы рекорд астық жинау