Еліміз астық экспорты бойынша әлемдегі жетекші 10 мемлекеттің қатарына кіреді – Президент

Бүгін, 13:03 / Алуа Арман
Ақорда

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында еліміздің астық экспорты бойынша әлемдегі жетекші 10 мемлекеттің қатарына кіретінін айтты. Айтуынша әлемде экологиялық тұрғыдан таза азық-түлік өнімдеріне сұраныс артып келеді. Сондықтан стратегияны дұрыс түзіп, «Qazaq Organicfood» брендін халықаралық нарыққа шығаруды тапсырды.

«Өнімдерімізді халықаралық нарыққа көптеп шығаруымыз керек. Еліміз астық экспорты бойынша әлемдегі жетекші 10 мемлекеттің қатарына кіреді.

Сонымен қатар ұн экспорттау ісінде көш бастап тұр. Қазақстан астығы Орталық Азия, Иран, Ауғанстан елдері секілді дәстүрлі нарықтармен қатар Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Солтүстік Африкаға, атап айтқанда, Бельгия, Португалия, Норвегия, Ұлыбритания, Вьетнам, Марокко, Алжир мемлекеттеріне де жеткізіле бастады. Бұл біздің астық экспорты географиясының кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.

Еліміз майлы дақылдар мен өсімдік майын да көптеп сыртқа шығара бастады. Өткен жылы біз халықаралық нарыққа 18 мың тоннаға жуық қой етін шығарып, осы сала бойынша 10 озық мемлекеттің қатарына ендік. Дегенмен әлеуетіміз бұдан да мол.

Жалпы, агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспорты 5 миллиард доллардан асады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің 200-ден астам түрі 70 мемлекетке экспортталады.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі әлеуетіміз бұл көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Оның үстіне әлемде экологиялық тұрғыдан таза азық-түлік өнімдеріне сұраныс артып келеді. Сондықтан стратегия дұрыс түзілсе, «Qazaq Organicfood» бренді халықаралық нарықта лайықты орнын алады.

Елімізде органикалық өнімдер шығару стандарттары бекітілді. Осы бағыттағы жүйелі жұмысты жалғастыру қажет. Брендтерімізді кеңінен насихаттауға барынша қолдау көрсету – салалық құрылымдар мен елшіліктердің міндеті», – Мемлекет басшысы.

Тэгтер:

экспорт Ауыл шаруашылығы Астық бидай