Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешеніндегі ақпараттық жүйелерді интеграциялауды тапсырды

Бүгін, 13:00 / Дана Ізтілеуова
east-fruit.com

Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында агроөнеркәсіп кешеніндегі ақпараттық жүйелерді интеграциялауды тапсырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Жекелеген «ақылды» шешімдерден толық цифрландырылған агроөндіріске көшу керек. Әрбір шаруашылық цифрлық технологияларды пайдалануға ниетті болғаны жөн. Мемлекеттік қолдау өндіріске инновацияны, соның ішінде жасанды интеллект технологияларын енгізіп жатқан кәсіпорындарға берілуі қажет. Агроөнеркәсіп кешеніндегі ақпараттық жүйелерді оңтайландыруды жалғастырған дұрыс. Қазір олардың арасында байланыс мүлде жоқ деуге болады. Көп жағдайда шешімдер қате статистика негізінде қабылданады. Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының нәтижесі саладағы нақты жағдайды көрсетуге тиіс. Жинақталған мәліметтер агросектордағы цифрлық жүйелерді одан әрі дамыту мен жаңғыртуға негіз болады. Үкімет Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, салалық ақпараттық жүйелерді интеграциялауды, сондай-ақ мәліметтер сапасын тұрақты түрде бақылауға алуы керек. Электронды агроөнеркәсіп кешені платформасының базасында саланы кешенді басқаруға ықпал ететін ауыл шаруашылығы мәліметтерінің бірыңғай архитектурасын қалыптастырған дұрыс», – деді Мемлекет басшысы.

Тэгтер:

агроөнеркәсіп кешені ақпараттық жүйе