Президент жасанды интеллект көмегімен бидай қорын есепке алатын жүйе құруды тапсырды

Бүгін, 12:57 / Алуа Арман
istockphoto.com

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында ауыл шаруашылығын цифрландырудың  маңызына назар аударды.

«Агроөнеркәсіп кешенін цифрландырумен нақты айналысқан жөн. Өздеріңізге мәлім, жаппай цифрландыру және барлық салаға жасанды интеллект технологиясын енгізу Жолдауымда басты міндет ретінде аталды. Ауыл шаруашылығы үшін мұның мәні өте зор. Себебі жаңа технологиялар шығынды айтарлықтай азайтып, өнімділікті ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Ақмола облысында өткен кеңесте жиналған өнімді тиісінше сақтау және шығынды мейлінше азайту шараларын қамтамасыз етуді тапсырдым. Еліміздегі көптеген шаруа қожалығының қаржылық тұрақтылығы осыған байланысты.

Алдымызда цифрлық технологиялар және жасанды интеллект элементтерінің көмегімен мемлекеттің бидай қорын есепке алатын және бақылайтын тиімді жүйе құру міндеті тұр. Ол үшін қолданыстағы астық қамбаларын жаңғыртып, заманауи элеваторлар салу қажет. Бидайды қабылдауды және жөнелтуді есепке алатын электрондық жүйенің болуы жеке элеваторлар құрылысын қаржыландыру бағдарламасының міндетті бір шарты болуға тиіс.

Бүгінде көптеген шаруалар технологиялық жаңашылдықты (смарт-ферма, агродрон, жер серігі технологиясы және ЖИ) белсенді қолдана бастады. Бірақ жалпы ел көлемінде қандай да бір жүйелі өзгерістер болып жатыр деп айтуға әлі ерте», - деді Президент.

Тэгтер:

жасанды интеллект бидай қоры